Жетістікке жетудің жолдары
Сәуірдің 8-і күні Қазақ радиосының әуе толқынына шыққан «Қоңыр әңгіме» хабары жетістікке жетудің жолдары тақырыбында өрбіді. Хабардың жүргізушісі, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан қазақ зиялыларының өмірлік ұстанымдарына кеңінен тоқталып, олардың жетістікке жету жолдарын бүгінгі ұрпаққа үлгі етті.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық. Таңғы нәсіп тәңірден ,- дейді қазақ. Мен әңгімені осыдан бастар едім. Жалпы батыста, шығыста да еңбекқор мен жалқаудың, табысты мен өмірден орын таппаған адамның айырмасы ұйқысын басқара алумен өлшенеді. Себебі, таңғы ұйқы тәтті болады. Оны жеңу оңай емес. Ал ұйқыны жеңген адам басқа көңіл қалауын еркін басқара алатыны сөзсіз»,- дейді хабардың жүргізушісі.
Тағы бір сөзінде Бекболат Тілеухан былай дейді: Ата дінімізде де таңғы уақытта береке бар делінеді. Енді ерте тұру үшін қайтпек керек? Оның бір ғана жолы бар, ерте жату керек. Маған салса, жоғарыдағы мақалды «ерте жатқан еркектің ырысы артық» деп өзгертер едім. Түнде ғана атқарылатын такси, күзетші болу деген шаруалар болмаса, көбіміз түнгі 1-2-ге дейін сипаланып жүріп алғанда істейтініміз интернет шұқылау, теледидар қарау, бос әңгіме айту, бос қаңғырып көңіл көтеру. Жетістікке жету үшін өзіңді осылардан шектемек керек.
Толық ақпарат видео және аудионұсқада.