Айтыс өнерінің ерекшелігі мен сөз мәдениетін терең игеру

«Өнер алды – қызыл тіл» деген дана халқымыз әлімсақтан шешендік шеберлікке, сауатты сөз саптауға, тіл мәдениетіне терең мән берген. Ал, осы тұрғыда қазақтың төл өнері - айтыстың ойып алар орны биік, атқарар рөлі зор. Қазақ радиосының «Сөйлеу мәдениеті» хабарының бүгінгі шығарылымында «Айтыс өнерінің ерекшелігі мен сөз мәдениетін терең игеру» тақырыбы көтерілді.
«Тіл мәдениеті – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік ғана емес, сонымен қатар, айқын ойлылық, сөзді дәл айыра білу шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық...» деп анықтама береді Уәлиев өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде. Біздің ойымызша, әсіресе, айтыскерлер осы шеберліктерді жетік меңгеруі керек. Өйткені, айтыс өнері алдын-ала жазып алып, оқи салатын сахналық өнер емес. Бір ерекшелігі, жазба поэзияда жарқырай көрініп, шебер қамтыла бермейтін шетін тақырыптарды қозғауға, соны ойларды жеткізуге мүмкіндік беретіндігі. Жалпы айтыс жазба поэзияға қарағанда кең өрісті, терең тынысты еркін сала. Ел аузында айтыстың «дала парламенті» аталуы да бекер емес. Ендеше, төрден орын алар төл өнеріміздің басты ерекшеліктері жайлы тарқата айтылған әңгімені «Сөйлеу мәдениеті» хабарының аудионұсқасынан тыңдай аласыздар.
Хабарымыздың тұрақты қонағы: филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы.
Хабардың редакторы: Айнұр Шамшейт.
Әуенмен әрлеп, дыбысын қадағалаған Қайсар Ердеш.