Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Еуразия тарихы – қазақ антропологиясында

Еуразия тарихы – қазақ антропологиясында

«Түркі әлемі» хабарының бүгінгі қонағы – тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаев.

- Түркия түріктері ұлттық идеологиясына Алтайдағы «Ергенеқон» жері мен Түркістан қаласын негіз етеді. Дін ұстанымына да Қожа Ахмет Яссауи арқау болып тұр. Осы арқылы Қазақ жерін «атажұрт» ретінде қарайды. Осыған өз көзқарасыңызды айтсаңыз.

- Түркия түріктері емес, барлық түркі халықтары қазақ жерін өзінің «атажұрты» деп біледі. Қарапайым халқы білмегенімен, ғалымдары осы мәселені айтып жүреді. Мен Алтай-Сібір жағын араладым. Алтай-Телеуіттерінде де этнографиялық жұмыстар жасадым. Олар үнемі «түркіден бас көтерер үлкен халық сіздер, біз нөкерлеріңізбіз ғой» деп айтып отырады. Бүкіл әлем түркілері өздерінің бас қосатын ұйымдарын «Түркістан» деп атайды. Қай жерге барсаңыз да: Америка болсын, Еуропа болсын, «осы жерде қазақ ұйымы бар ма?» десеңіз, ешкім ештеңе айта алмайды. Мысалы, өзбек те «өзбек» атауымен ештеңе құрмайды. Барлығы «Түркістан» ұйымымен жүреді. Түркияның ерекше болатын себебі: Түркия үлкен империя болған ел, мемлекеттік идеологиясы өте мығым, XX ғасырдың басында Ататүрік заманында ұлт ретінде қалыптасты. Жақсы ұлттық идеологияны қалыптастырды. Ататүрік өте білімді, данышпан, кемеңгер адам еді. Рухани мәдениетке, рухани ұстанымдарға ерекше көңіл бөлді. Кез келген халықтың мемлекет құру үшін ережелері болуы керек. Сол үшін Ататүрік оғыз түркілерінің идеясын «Түріктік» жалпы идеяға байлады. Олар өздерін түркі халықтарының ішінде аға этнос ретінде қарайды. Соған байланысты Түркістанды, қазақ жерін «атажұрт» деп ерекше құрметтейді.  

- Мысалы, Түркия, Әзірбайжан, Түркімен, Гагауыз, т.с.с. ұлттардың арғы бабалары оғыздар «Қазықұрт» тауын, сосын Сырдария бойын мекен еткені тарихтан белгілі. Қыпшақтың жиені, оғыз жұртының төл тумасы Қорқыт атаның зираты Сыр бойында жатыр. Бірақ Әзірбайжан ағайындар ол зиратты мойындамауға тырысады екен. Бір себебі қазіргі территориясында автохтонды ұлт екенін бұлтартпау. Басқа да ғылыми себептер жоқ қой?

- «Оғыз» деген елдің тарихымен қызығып, айналысып жүргеніме бірталай жылдар болды. Бұрын өзге тарихшылар сияқты орта ғасырлық оғыздардан әрі қарай бара қоймаушы едім. Орта ғасырларда оғыздардың үлкен мемлекет құрғаны, астанасы Сыр бойындағы Жанкент қаласының болғаны, оғыздарды қыпшақтардың ұлы даладан ығыстырғаны деген дүниелерді оқулық бойынша білуші едім.   

Кейін Ертіс бойында көп жұмыс атқардым. Павлодар университетінде қызмет жасаған уақытымда бірнеше экспедициялар жүргіздім. Ертіс бойынан ортағасырлық оғыздардың көп белгілерін таптым. Соның ішінде Қобыланды мен Қазан ханның соғысында айтылатын Сырлы қала мен Қырлы қала. Атақты Қазан бегі сол оғыздың ханы ғой. Қалабалғасұн деген қаланы таптым, сол ұйғыр, оғыздардың қалалары. Одан басқа Ақсарай, Күйгенсарай, Жаңасарай деген қалаларды таптым. Көбіне аттарын кездестірдім. Қалалардың орындары сақталмаған, Ертіс бойына оңтүстік өңірдегідей үлкен қала салуға мүмкіндік жоқ. Жерді қазып салған жеркепе үйлерде тұрған. Орталарында бір-екі кірпіштен соққан сарай үйлері болады. Сөйтіп бұл оғыздардың тарихы қай заманға кетеді екен? «Ұйғыр деп жүргеніміз кім, оғыз деп жүргеніміз кім, қыпшақ деген кім?» деп ақырындап зерттесем, бұл әңгімелердің көпшілігі «Оғызнамада» бар екен. «Оғызнама» деген атақты аңыздық цикл. Оның ең бір әдемі қазақи нұсқасы –  Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы. Ал, Мәшһүр Жүсіпке дейінгі зерттеушілердің ішінен оғыз тақырыбына әдемі барған адам, бұл – Рашид ад-Дин. Фазуллах Рашид ад-Дин моңғолдар тарихын жазатын керемет тарихшы болған адам. «Жами ат-тауарих» деген атақты төрт томдық кітап жазған. Ол жалғыз емес, жанында үлкен бір тарих институтындай қызметкерлер қызмет істеген. Бұл кісі Хулагу империясының қаражат мәселесін басқарған, қазіргі тілмен айтқанда қаржы министрі, тіпті бүкіл институтты басқарған Премьер-министр дәрежесіндегі адам десе де болады. Осындай кітапты жазушы екінші адам, ол – Әбілғазы Баһадүр хан. Ол түркімендерді басқарды, Хиуаның ханы болды. Ол кісі оғыз тарихына қатты көңіл қойған. Үшінші адам өзіміз айтып отырған Мәшһүр Жүсіп. Міне, осы үшеуін салыстырып отырып зерттесем, оғыз дәуірі деген дәуір тым көне заманға барады екен. Әбілғазы Баһадүр хан «қолымда он сегіз байлам кітап ұстап отымын» дейді екен. Соның біреуі Рашид ад-Дин. Осылардан алып есептеп шығарғаным «біздің Оғыз хан деп жүрген ханымыз пайғамбарымызға Мұхамед (с.ғ.с) дейін 3400 жыл бұрын өмір сүрген екен» дейді. Енді біздің Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың 600 жылын алып тастасаңыз, сонда 2800 жылдар қалады. Сонда Оғыз ханның, Оғыз ханның әкесі Қара ханның өмір сүрген заманы, біздің эрамызға дейінгі үшінші мың жылдық. Енді таза хронологияға салсаңыз, б.э.д. 2800 жылдар. Бұны біздің археологтар «қола дәуірі» дейді. Қола дәуірінің жаңа басталып жатқан уақыты. Міне Оғыз ханның тарихы, Оғыз жұртының тарихы сол кезеңге барады. Сол кездегі олардың жаз жайлайтын жері Ертағы мен Кертағы деген таулар еді, дейді Әбілғазы Баһадүр Хан. Ертағы мен Кертағы, бұл «Ұлытау» мен «Кіші тау» деп өзі артынан ескертпе беріп қояды. Ал енді қыс қыстайтын жері «Кәрісайрам» еді, дейді. Борсық құмы, Қарақұм деген құмдар еді, Сейхундарияның бойы еді, дейді. Ол заманда оғыз жұртының мекендеген ең алғашқы түпкі отаны осы жер. Кейіннен оғыздар ыдырады. Оғыз негізінде бірнеше халықтар, бірнеше этностар құрылды. Енді қыр оғыздары, іш оғыздар, Бозоқ оғыздары деген сияқты үлкен оғыздық топтар болды. Біздің Ақмоланың төңірегінде «Бозоқ» деген қала бар гой, «Бозоқты» деген көл бар. Бозоқ оғыздарының түпкі қонысы сол. Ал ішкі оғыздардың да осы өңірде мекендеп қалғандары бар. Бұлардың ішінде қызықты тарих бір-бірімен алмасып жатады. Ішкі оғыздардың бір әңгімелері сонау сақ заманымен астасып кетеді. Сақ заманында бұлар сонау Мысырға дейін барған. Партатуа, Мәди, Ішбақай деген басшылары, соның ішінде Ішбақай –  сол ішкі оғыздар. Оларды Еуропа ғалымдары «скиф» дейді. Парсы деректері «сақ» дейді. «Скиф» деген сөзде бір қателік кетіп қалған. Біз тарихта орыс тілді әдебиетпен, орысша жазумен, орыстар жасаған жолмен жүрдік қой. «Скиф» деген сөз орыс тілінде ғана. Ал енді Еуропа халықтарында «скиф» деп атамайды, «скуз» дейді. Ал араб деректері «ишкузай» дейді. Жаңағы Ишбақай бастап келген тайпаларды «искузай» дейді. Яғни «ішкі оғыз» деген сөз. Геродоттың «сақтар», «скифтер» деп отырғаны сол оғыз тайпалары. Сонда оғыздардың бір түбі сақтар болып шығады, парсы деректерінде «сақа» деп аталды. Тарихнама «сақ» қылып жіберді, негізі «Сақа». Сақадан қалған бір мұрагері біздің Сібірде отырған сақа, якут халқы. Якут деп атап жіберген орыстар. Өздерінің түпкілікті аты - Сақа, сақа ұраңқаймыз деп атайды. «Ұраңқай» дегені, ұраң – қызыл, қай – жылан. «Қызыл жылан елі», «ұраңқай еліміз» деп айтады. Осындай бір қызық деректер бар. Осыдан қалған жұрнақ орта ғасырылық оғыздар. Олардың батысқа, оңтүстікке жылжуы барысында қазіргі Түркімен елі пайда болды, Түркия елі пайда болды, Әзірбайжан елі – бәрі сол оғыздардың тікелей мұрагерлері. Бірақ оғыз тайпаларының көпшілігі біздің жерімізде қалды, қазақтың құрамына кірді. Қазақ тайпаларын қарасаңыз, жартысы оғыз текті, жартысы арий текті болып шығады.

Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан.