Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастырады

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастырады. 

Ұлы ақынның туған күні қарсаңында ұжым эстафетаны өз тыңдармандарына жолдайды.

Радио ұжымы Абайдың «Бір дәурен кемді күнге — бозбалалық» өлеңін оқыды.

Сіз де ұлы ақынның мерейтойы қарсаңындағы игі іске өз үлесіңізді қосыңыз. Эстафетаны ерекше жалғастырған тыңдарманның жұмысы инстапарақшамызда жарық көреді және арнайы сыйлыққа ие болады.

#QazRadioAbai хэштегін белгілеңіз.


Бір дәурен кемді күнге — бозбалалық

Бір дәурен кемді күнге — бозбалалық, 

Қартаймастай көрмелік, ойланалық. 

Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, 

Дейміз де ешнәрседен қорғаналық.


Бар ойы — өлең айтып,ән салалық, 

Біреуді қалжың, қылып қолға алалық. 

Қызды ауылға қырындап үйір болса — 

Көңiліне зор қуаныш, бір бадалық.


Демеңдер өнбес іске жұбаналық, 

Ақыл тапсақ, мал тапсақ қуаналық. 

Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй таңдап тауып, 

Көрсе қызар, күнде асық — диуаналық.


Жастықта бір күлгенің бір қаралық, 

Күлкі баққан бір көрер бишаралық. 

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, 

Ең болмаса, еңбекпен мал табалық.


Той болса, тон киелік, жүр баралық, 

Бірімізді біріміз аударалық. 

Ат арықтар, тон тозар, кәдір кетер, 

Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.


Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық, 

Алдында уайым көп шошынарлық: 

Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік, 

Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.


Әсем салдық өлгенше кiм қыларлық, 

Оған да мезгіл болар тоқталарлық. 

Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар 

Болмаған соң, жұмыс қып мал табарлық.


Басында әке айтпаса ақыл жарлық, 

Ағайын табылмаса ой саларлық, 

Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен 

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?


Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, 

Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық. 

Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп 

Жүрмесін деп, азғана сөз шығардық.