Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Катрина әкесі Қайсарды іздейді

Үміт – шексіздік белгісі десек, жаңылмайтынымыз анық. Неге десеңіз, жүрек түкпірінде қылтиып тұрған бір үміт адамды əрдайым жаңа жолға бастап, жақсы ойдың жетегіне ертеді. Ең бастысы, үміт үзілмесін дейміз. 

Біздің тағы бір сүйінші жаңалығымыз бар. Ата-анамызбен табыссақ деп редакциямызға хат жолдаған Ақбота мен Нұрбол Манаповтардың анасы – Ырысгүл Кемпірбайқызы табылды!


Ырысгүл Кемпірбайқызы 25 жыл бұрын күйеуінен ажырасып, үйден өзі де, күйеуі де кетіп қалған. Ақбота мен Нұрболды нағашы əжесі өсірді. «Бармысың, бауырым?» хабары арқылы 2018 жылдың 15 маусымында балалардың әкесі Қадырбек Манапов табылды, балаларымен сөйлесті. Ал Ырыскүл Манапова 2019 жылдың 3 қыркүйегінде табылды. Қазақ радиосының тікелей эфирінде қызы Ақботамен 25 жылдан кейін сөйлесті. Ақбота небәрі 1,5 жасында әже тәрбиесінде қалған, қазір тұрмыста, 3 ұлы бар. Інісі Нұрбол да үйленген, 2 қызы бар. Ырыскүл Кемпірбайқызы тікелей эфирде өкінішін жеткізді, жылады, қызынан кешірім сұрады. Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар ғой. Ырыскүл Кемпірбайқызының маңдайына осындай шытырманға толы тағдыр жазылыпты.


Жұмыс барысында жиналған ресми ақпарат бойынша Ырыскүл Кемпірбайқызы 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге тағы бір нəресте əкеліп, баладан өзі бас тартқаны расталды. Басына түскен қиын жағдайда басқа шешім таппаған соң бауыр еті баласынан бас тартып жазған қолхаты Америкадағы бір отбасының қуанышына жазылғандай-ақ екен. Әу баста есімі «Сәуле» болған Катринаны Вашингтон қаласының бір отбасы асырап алған. Катрина бізге сырын ақтарып, өтінішін айтып хат жазып жүрді. Бірақ біз анасын іздеген сайын алдымыздан Ырыскүл Кемпірбайқызының өзі емес, оның балалары шыға берді. Бүгінде Ырыскүл Кемпірбайқызының екі некеден 9 баласы бар, оның бірі – Катрина. Катрина қазір жиырма жаста, өзінің тегін білсем дейді. Өзге ұлттың бауырында өссе де, өгейліктің дәмін татпаған. Асырап алған ата-анасын жақсы көреді, құрметтейді.

Катрина Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабарын Youtube желісінен көріп, анасы мен әпкесі Ақботаның диалогын оқып, алғысын айтты. Әкесінің «Қайсар» деген есімі ғана белгілі, іздеу жұмыстары әлі жалғасады дегенімізге де қуанды. Бір адамды іздегенде бізге әр ақпараттың маңызы зор. Сондықтан, Ырыскүл Манаповадан жазып алған мәліметпен бөлісіп, Қайсар деген азаматқа іздеу жариялап отырмыз.

Сонымен, назар аударыңыз ІЗДЕУ САЛАМЫЗ!

Ырыскүл Кемпірбайқызының айтуынша, қыздың әкесінің есімі – Қайсар, фамилиясы есінде жоқ. Ол Қайсармен 1997-1998 жылдары Алматы қаласындағы Көк базарда жұмыс істеп жүргенде танысқан. Сол жылдары жақын араласатындардың біразы және Қайсар да Көк базарға жақын

маңдағы жатақханада тұрған. Алайда Ырыскүл жатақхана қожайынының аты-жөнін білмейді, есіне түскені: қожайынның ұлты – неміс, Дима деген інісі, Зәуре деген келіні болған. Зәуре Жамбыл облысы, Луговое ауылының тумасы, ол қазір де Көк базарда ойыншық сататын саудагер болуы мүмкін. Бас кейіпкеріміз – Қайсар есімді азамат Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласының тумасы болуы мүмкін, жасы қазір шамамен 45-48-де.

Осы хабарландыруға байланысты ақпаратыңыз болса +7(7172)75-73-11 және +77075355383 нөміріне хабарласыңыз.



Ата-анасы қандай шешім қабылдаса да, балаға туған әке мен шешенің аялы алақаны бәрінен маңызды ғой. Жиырма жылдың жүзі өтсе де мұхиттың арғы жағынан хат жолдап, әке-шешесін іздеп қайсарлық танытқан Катрина үміт сәулесін бір сәтке де өшірмей, анасының дидарын көрді. Әкесімен де табысуына тілектеспіз.

Адам іздеуге қатысты жұмыстарда «Бармысың, бауырым?» хабарының қызметкерлеріне нұсқаулық көмек беріп, елорданың Сарыарқа ауданына қатысты ақпаратпен бөліскен Полиция басқармасының уәкілі – Алишер Махамбетке алғыс білдіреміз.


2019 жылғы 3 қыркүйектегі хабардың толық нұсқасы: https://www.youtube.com/watch?v=QLhVRmOgwAg   

ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАНЫҢЫЗДАН ТАБЫЛСЫН!