Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақ музыкалық мәдениетіндегі жылқы бейнесі

Қазақ музыкалық мәдениетіндегі жылқы бейнесі

Қазақ халқы – түркілік көшпенділер өркениетінің қайталанбас мәдениетінің тікелей мұрагерлері. Бүгінгі заман өмір талаптарының түбегейлі өзгерістеріне қарамастан халқымыз рухани мәдениеттің негіздерін сақтады.

Тарих бойынша, б.з.д. І ғасырда Еуразия даласында жалпыәлемдік мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосқан ерекше және өзіндік жылқылық-көшпенділік өркениет қалыптасты. Жылқышылық көшпенділер шаруашылығының негізгі элементі ретінде классикалық нұсқадағы еуразиялық дала номадизмін дүниеге әкелді. Көшпенділер өмірінде маңызды орын алған жылқы бейнесі, әлбетте, қазақ халқының мәдени дәстүрінде де аса құрметті орынға ие болды. Жылқы бейнесі салт-дәстүрлер мен наным-сенімдерде айқын көрінген. Төрттүлік малдың ішінде жылқы маңыздылығы бойынша бірінші орынды иеленген. Бұл жылқының егесінің серігі мен мақтанышы, молшылықтың символы, магиялық сауығу күші секілді қызметтерімен байланысты.

Халық арасында жылқы бейнесін мадақтайтын «Арыстан – аң патшасы, жылкы – мал патшасы», «Ер қанаты – ат», «Жігіттің сорлысын, аттың жолдысы теңестіреді» сияқты мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Қазақ халқы жылқы жануарын аса бағалаған, құрметтеген, оларды «есті жануар», «тілсіз адам» атаған. Бүлдіршіндерін «құлыным» деп еркелеткен, ал адамгершілігі мол шынайы адамды «арғымақ» деген. Бұдан бөлек, жылқыларына «қарағым», «шырағым» секілді адам есімі мен лақап аттарды берген.

Жылқы көне заманнан күн құдіретімен бейнеленген және Еуразия көшпенділерінің өмірінде маңызды орын алған. Жылқы бейнесімен тікелей байланысты кейбір атрибуттар бүгінгі күні киелі құралдар үшін өте маңызды, тылсым күштерге ие. Мысалы, бақсылық дәстүрде таға мен қамшы бақыт әкелуші тұмар саналады екен.

Жылқышы халықтардың аса көне және кең таралған наным-сенімдерінің бірі жылқы жалының магиялық күшімен байланысты. Мысалы, бақсылар жылқы жалымен өздерінің салттық даңғыраларын ораған. Қырғыз халқында жылқы жалымен шырмалған жылқының тезегі өзіндік бойтұмар қызметін атқарған екен. Бұл бойтұмар табындағы жылқы санын көбейтуге және табыс әкелуге көмектескен деседі. Түрік-моңғол эпостарының батырлары қиын жағдайға түскен кезде ат жалының бір қылшығын өртеп, өз тұлпарын шақырған екен. Осы өзіндік «байланыстырушы көпір» қызметін атқарған қылшық көмегімен жерасты патшалығына өтуге болады дескен. Қазақ халқы ат жалын қылқобыз, нарқобыз, шертер, жетіген секілді көптеген музыкалық аспаптардың ішегі ретінде пайдаланған.

Халқымыздың ауыз әдебиетінде жылқы бейнесі жиі кездеседі. Қазақстанның барлық аумағында аңызға айналған тұлпарлар есімімен таулар мен төбелер, көлдер мен өзендер, жайлаулар мен жазық далалар аталған.

Мысалы, «Шұбар ат» аңызында аламан бәйгеден кейін шаршаған аттардың алдынан биік жартас көрініп тұрақтап қалады. Тек Шұбар ат қана жартасқа дейін шауып келіп, жебедей тартылып, шыңына ұшып жетіп, бәйгеден бірінші келеді. Содан бері сол биік жартас Шұбарат деп аталып кеткен екен.

Ал «Телқоңыр» аңызында кез келген әуенге билей алатын кербез тұлпар туралы баяндалады. «Телқоңыр» шабандоздан кері шауып, Жайық толқындарына ұмтылды. Жиналған жұрт көзді ашып жұмғанша тұлпар өзеннің арғы бетіне жеткен екен. Мұнда біз тұлпардың жүйріктігін байқаймыз.

Серік Нұрмолдаевтың «Кертолғау» бағдарламасын әр сәрсенбі сайын сағат 12:0-де орыс тілінде, әр сенбі сайын сағат 12:00-де қазақ тілінде «Classic» радиосынан тыңдай аласыздар.

«Classic» радиосы Нұр-Сұлтан қаласында 102,7 FM, Алматы қаласында 102,8 FM, Ақтау қаласында 103,00 FM толқынында хабар таратады.