Ең көп ажырасу Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген
Некесін бұзғандардың орташа жасы 35-42 жас. Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Маржан Дінғалиева осылай деді. Оның айтуынша, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінде ажырасу аз. Ерлер үшін некеге тұрғандардың орташа жасы 26-29 жас, әйелдер үшін 23-28. Ажырасулар санының тіркелген некелер санына пропорциясы тұрақты түрде артып келеді, - деп хабарлайды «Қазақ радиоларының» жаңалықтар қызметі.
2017 жылы 141 мың 785 неке тіркеліп, 54 мың 948 неке бұзылған (арақатынасы 2,6); 2018 жылы 138 мың 876 неке тіркелген, 54 мың 859 неке бұзылған (арақатынасы 2,5); 2019 жылы (9 желтоқсанға дейін) 124 мың 92 неке тіркеліп, 53 мың 775 неке бұзылған (арақатынасы 2,3).
Ажырасудың ең төменгі деңгейі Түркістан (18,7%), Қызылорда (23,8%), Маңғыстау (24,9%) облыстарына тиесілі. Ал Алматы, Нұр-Сұлтан, ШҚО, БҚО, Ақмола және Қарағанды облыстарында неке қиғандар мен бұзғандар саны – 3:1. Қостанай, Павлодар, СҚО бұл көрсеткіш шамамен 2:1.
Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан қаласында (9-шы желтоқсанға дейінгі мәлімет) 10 мыңнан астам неке қиылып, 4 мыңнан астамы бұзылған. Алматы қаласында 16 мыңнан астам неке қиылса, 7 мыңға жуығы ажырасқан. Шымкентте 7 мыңнан астам неке тіркеліп, 2 мыңнан астамы бұзылған.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жастар жылының жабылу салтанатына арналған жиында «қазіргі таңда ажырасу фактілері түйткілді мәселенің біріне айналды. Бұған әлі күнге дейін баса мән берілмей отыр» - деген еді.