Өмірзақ Айтбайұлымен қоштасу жиыны өтті

«Дүние сенен де өтер, менен де өтер, әуенім аққуды да елеңдетер. Бақ пен тақ, жиған-терген жолда қалып, әнмен күй кейінгіге өлең жетер...» деген ақын Қажытай Ілиясұлының сөзі академик Өмірзақ Айтбайұлының да аманаты секілді.
84 жасқа қараған шағында дүниеден өткен Өмірзақ Айтбайұлымен қоштасу жиыны бүгін Алматыдағы ғылым ордасында өтті.
Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті, академик, ғалым Өмірзақ Айтбайұлының қаралы қазасына байланысты елбасы Н.Назарбаев, ҚР Президенті Қ.Тоқаев көңіл айту жедел хатын жолдады.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының атынан мәжіліс төрағасы Н.Нығматулиннің көңіл айту хатын мәжіліс депутаты Гүлмира Естайбекова жеткізді.
Болмысы бөлек, тумысынан зерек, жүрген ортасында шуағын шашып, әрбір жас буынға тәрбие мектебінің үлгісін қалыптастырған қайраткердің ерен еңбегі туралы Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов та сөз қозғады.
Академик Өмірзақ Айтбайұлымен қоштасу жиынына Елордадан арнайы келген қаламгер Көпен Әмірбек те бар қазаққа көңіл айтты.
Алматыдағы ғылым ордасындағы қаралы жиынға келген ағайыннан рұқсат сұрай отырып, Түркістан облысынан арнайы келген делегация өз аманаты бойынша ғалымның сүйегін көтеріп Отырарды бетке алды.
Толық ақпарат Қазақ радиосынан берілген "Арнайы хабарда".
Хабарды дайындап, жүргізген Бақыт Жағыппарұлы.
***
Өмірзақ Айтбаев 1936 жылы 5 сәуір күні Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында дүниеге келген. Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі.
1959-1962 жылдары - «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері. 1962-1999 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, аға, бас ғылыми қызметкер. 1995-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикақ институтының профессоры. 1997-1998 жылдары - Қ.А.Яссауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. 1999 жылдан - «Қайнар» университетінің қазақ тілі және әдебиет факультетінің, филология факультетінің деканы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл білімі институтының Терминологиялық орталықтың директоры қызметтерін атқарған.
1989 жылдан - «Қазақ тілі» халықаралық қоғамның вице-президенті, 1996 жылдан - бірінші президенті, 2004 жылдан - президенті.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.