Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 11.02.2020

Қорытынды жаңалықтар 11.02.2020

Бүгін Елбасы елордада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Жиын барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселелері қаралды. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. «Бұл оқиға мені қатты алаңдатады. Отыз жыл бойы халқымызбен бірге едәуір қиындықтарды өткеріп едік. Жастар бұл қиындықтарды тіпті елестете де алмайды. Ол кезде Қазақстанда 130 кәсіпорын жұмысын тоқтатты, 2,5 миллион адам жұмыссыз және табыссыз қалды, үйлерінде жылу болмады, азық-түлік тапшы болды. Осының бәрін бірге өткердік», - деді Елбасы. Сонымен бірге, Тұңғыш Президент Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де әлеуметтік-экономикалық салада үлкен қиындықтар болғанын еске салды. «Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестициялар келмес еді, экономика тұралап қалар еді. Әрине, мемлекеттік жетекшілерге тиісті тапсырмалар берілді, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау – ең алдымен халқымыздың жауапкершілігі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы оқиғаның себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң нормаларына сәйкес жазалауды тапсырды.

***

Бүгін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін қабылдады. Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа армияны заманауи қару-жарақпен жабдықтау, әскери техникаларды жөндеу және жаңғырту жөніндегі жоспары, сондай-ақ, электронды әскери комиссариат жобасын енгізу үдерісі туралы айтты. Мемлекет басшысы Қорғаныс министріне халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, армияны тиімді әрі бәсекеге қабілетті қару-жарақпен жабдықтау, әскери білім беру ісінің және әскери дайындық үдерісінің сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

***

Сондай-ақ бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрін қабылдады. Мағзұм Мырзағалиев кездесуде министрлік жұмысының негізгі бағыттары және Экологиялық кодекстің әзірлену барысы жөнінде мәлімет берді. Министрдің айтуынша, Кодекстің жобасын дайындау кезінде жұртшылықтың пікірі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің озық тәжірибелері ескеріліп, Парламент қарауына енгізілген.

***

Алдағы көктемде еліміздің алты облысындағы елді мекендер тасқыннан зардап шегуі мүмкін. Су басу қаупі, әсіресе солтүстік, орталық және шығыс аймақтарға төніп тұр. Бұл жөнінде бүгін Мәжіліс қабырғасында айтылды. Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің отырысында төтенше жағдайға дайындық барысы талқыланды. Сала мамандары қазірден бастап алдын алу шараларын ұйымдастыруға кіріскен. 2017-2021 жылдарға арналған жол картасы бар. Соның аясында бөгеттер салынып, өзен арналары бекітілген. Мыңнан аса елдімекеннің қауіпсіздігі күшейтілді. Соның өзінде әлі алаңдаушылық тудыратын ауылдар өте көп. Бұған қоса 700-ге жуық автожол және 200-ге жуық теміржол учаскесі де қызыл судың астында қалуы мүмкін дейді Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова.

***

Су тасқынының алдын алу бойынша ақпанның 25-і күні Үкіметте жиын болады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты.

***

Бүгін Қытай астанасы Бейжіңнен Қазақстанның 217 азаматы эвакуацияланды. Қытайдан Қазақстанға тағы 363 адам қайтуға ниет білдіріп отыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгінгі Үкімет отырысында осындай мәліметпен бөлісті.

***

Сондай-ақ Елжан Біртанов Үкімет отырысында коронавирус бойынша әлемдік ахуалға тоқталды. 

***

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктен 19 полиция қызметкері жарақат алған. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі Үкімет отырысында осылай деді. Оның айтуынша, қазіргі таңда аймақта жағдай тұрақты.

***

Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында Қордай оқиғасы кезінде көрші Қырғыз еліне өтіп кеткен 8 мың адам елге оралғанын айтты.