Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.02.2020

Қорытынды жаңалықтар 13.02.2020
  • Мемлекет басшысы ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Мюнхен қаласына жұмыс сапарымен барады.
  • Абайдың 175 және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мерейтойларды өткізудің жалпы республикалық жоспарлары бекітілді.   
  • Биыл «Абай» және «Әл-Фараби» екі жаңа телеарнасы ашылады.
  • Биыл 1000-нан астам ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қосылады.
  • Бейжіңнен жеткізілген 171 қазақстандық ауруханаға жатқызылды.
  • Биыл қазан айында елімізде Ұлттық халық санағы өтеді.
  • Ішкі істер министрлігі жиі пара алатын ведомствалар бестігіне енді.
  • «Жас Өркен» республикалық балалар сыйлығына құжат қабылдау наурызда басталады.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ведомстволардың және құқық қорғау органдарының басшыларының қатысуымен өткен жиында Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты алдын алу және ақпараттық жұмыстар жөніндегі мәселелер айтылды. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына алдағы уақытта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

***

Ақпанның 14 күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Мюнхен қаласына жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақ радиосының Жаңалықтар қызметіне берген сұхбатында хабарлады. «Сапар кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясының панельдік пікірталасына қатысады және Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен кездеседі», - деді Берік Уәли.

***

Абайдың 175 және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мерейтойларды өткізудің жалпы республикалық жоспарлары оңтайландырылып бекітілді. Бұл туралы Ақордада мерейтойларға дайындық және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы кезінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев айтты.

***

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнап екі арна іске қосылатынын айтты. Министрлік биыл «Абай» және «Әл-Фараби» атты екі жаңа телеарна ашуды жоспарлап отыр. «Абай» телеарнасының мақсаты – көрерменге ұлттық мәдениеті насихаттау болмақ. Телеарна туындысы 14 жастан асқан көрерменге арналады. Хабарды 80% мемлекеттік тілде, 20% орыс тілінде таратады. Ал «Әл-Фараби» телеарнасының мақсаты – білім беру және ағартушылыққа арналған отандық телевизиялық платформаны қалыптастыру», – деді Дәурен Абаев.

***

Жыл соңына дейін 1000-нан астам ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қосылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты.

«Ауылдық елді мекендер жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен бекітілген жоспар-кестеге сәйкес қамтамасыз етіледі.

Оған тұрғын саны 250 және одан көп 1000-нан астам ауыл еніп отыр. Бұл ауыл тұрғындары жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қатар, электрондық қызметтерді, қашықтан оқыту және т.б. пайдалану мүмкіндігіне ие болады», - деді Асқар Жұмағалиев.

***

Бүгін таңертең Бейжіңнен жеткізілген 171 қазақстандық ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтты. Ұшақта еліміздің 171, Қырғыз елінің 40 азаматы болған. Дене қызуы мен коронавирус симптомдары бар азаматтар анықталған жоқ», - деді ол.

***

Биыл қазан айында елімізде Ұлттық халық санағы өтеді. Ол екі кезеңнен тұрады. Дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында болады. Ал, Екінші, яғни негізгі кезең қазанның 1-30 күндері аралығында өтеді. Ұлттық экономика минстрлігі Статистика комитетінің Төрағасы Нұрболат Айдапкелов халық санағын өткізудің мақсаты мен басты себептерін атады.

***

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген мониторинг бойынша жемқорлыққа бейім орталық мемлекеттік органдардың ішінде топ бестік анықталды. Олар ІІМ, Қаржы, Қорғаныс, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктері. Мониторинг көрсеткендей, өткен жылы әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандардың ең көп саны Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Алматы және Қостанай, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында тіркелген. «Жергілікті атқарушы органдарда көбінесе сыбайлас жемқорлық қылмыстар білім беру, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс, Тұрғын үй комуналдық шаруашылық салаларында жасалған. Бұл туралы Агенттіктің Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова мәлім етті.

***

«Жас Өркен» республикалық балалар сыйлығы дарынды балаларға биыл да беріледі. Бұл туралы «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғалым Байтук мәлім етті. Оның сөзінше Наурыздың 1-8 күндері аралығында байқау үміткерлерін қабылдау кезеңі басталады. 15-22 наурыз аралығында Facebook-те дауыс беру арқылы екінші кезең өтеді. Ал 29 наурыздан 12 сәуірге дейін ақтық дауыс беру арнайы сайтта жалғасады. Лауреаттарды марапаттау рәсімі мамыр айының басында ұйымдастырылады .