Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

ЖАҢАЛЫҚТАР 14.02.2020 (9:00)

ЖАҢАЛЫҚТАР 14.02.2020 (9:00)

Бүгін Германияның Мюнхен қаласында Қауіпсіздік жөніндегі 56-Мюнхен конференциясы басталады. Оның жұмысына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жаһандық жиын бүгін елорда уақытымен кешкі жетіге белгіленген. Оған дейін президент бірнеше мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдар мен Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен екіжақты кездесулер өткізеді. Бұл туралы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақ радиосының Жаңалықтар қызметіне берген сұхбатында айтты.

***

Премьер-министр Асқар Мамин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймақтық бюро басшысы Ханса Клюгені қабылдады. Кездесу кезінде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен бюро арасында 2020-2022 жылдарға жасалған келісім сөз болды. «Қазақстан денсаулық сақтауды дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті реформалау мәселелері бойынша осы ұйымымен белсенді ынтымақтастықта. Кездесуде Үкімет басшысы Қазақстан азаматтарын коронавирустық инфекциядан қорғау бойынша қабылдаған шаралар кешені туралы айтты.

***

Қарағанды облыстық штаб отырысында су тасқынына дайындық барысы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев жағдайдың тұрақты бақылауда екенін айтты. Қазір су тасқыны қаупі жоғары елді мекендері бар барлық аудандар бақылануда. Жақын күндерде синоптиктер облыста ауа райы құбылмалы болады деп болжауда. Өңірде гидроқұрылыстар тексерілді. Су тасқынының алдын алу бойынша Жол картасын іске асыру аясында Нұра және Шерубай-Нұра өзендеріне санация жүргізіледі. Облыстық бюджеттен Топар бөгетін күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Облыстық және Республикалық маңызы бар жолдарда су өткізу құбырларын тазалау жұмыстары басталады.

***

Жезқазғанда 20 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Алдағы уақытта тағы 252 отбасы баспаналы болмақ. Бұл туралы аймақ әкімі Қайрат Бегімов мәлімдеді. Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 20 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қалада көпбалалы отбасыларға да баспана мәселесін шешуге көмек көрсетілуде. Былтыр 38 отбасы жаңа пәтер кілттеріне ие болды. Биыл тағы 20 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлайды.

***

Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында Ресейдің ЦСКА командасымен кездесіп, қарсыласын жеңді. Бұл жеңістен кейін қазақстандық команда жалпы турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді. Бұдан бұрын «Барыс» «Автомобилист» командасынан басым түскен еді. Енді «Барыс» елордада үш кездесу өткізеді. Ертең - Ресейдің «Сочи», 18 ақпанда - Новосібірдің «Сибирь», 21 ақпанда - Уфаның «Салават Юлаев» клубтарымен ойнайды.

***

Қазақстан қор биржасының мәліметі бойынша валюта бағамы:

1 АҚШ ДОЛЛАРЫ: 376 теңге 46 тиын

ЕУРО: 415 теңге 79 тиын

РЕСЕЙ РУБЛІ: 5 теңге 93 тиын