Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Асан Омаров: Абайды кеңес дәуірінде қалдырмауымыз керек

Асан Омаров: Абайды кеңес дәуірінде қалдырмауымыз керек

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осы орайда ширек ғасыр Абай ілімін зерттеп жүрген, техника және философия ғылымдарының кандидаты, ғалым Асан Омаровпен сұхбаттасқан едік. 

***

Өркениетті елдердің барлығы биік тұлғаларымен мақтанады. Қазақ халқы да біртуар перзенттерден кенде емес. Асан аға, Абай есімі тек қазақ халқына ғана емес түркі әлеміне ортақ тұлға. Сондықтан түркі әлеміндегі Абай Құнанбайұлының алар орны деген мәселеге кеңірек тоқталсақ. 

-Түркі әлеміндегі Абайдың ықпалы зор болған. Абайдың өлеңдері шығысымен Ғабдолла Тоқай сынды азаматтардың арқасында Қазанда, Уфада алғашқы аудармалар таралып кетті. Кейін түркі халықтарының азаттығы жолындағы күрескерлер, түркітанушы ғалым Зәки Уәлиди Тоған, Мұстафа Шоқайларға жетіп түркі жұртына еңбектері аударылып, таралып бір-бір кітап болып шықты. Абайдың алғашқы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» проза еңбегі түркі әлеміне қатысты. Қазақ деген шығыстан шыққан. Арабтан емес. Түркі қағанатынан басталып, қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралықты қамтиды. Түркі әлемінің 2-3 мыңжылдық тарихы сол еңбекте айтылған. Қазақ хандығы құрылған XV ғасырмен аяқтайды. Ал одан бергі тарихты шәкірті Шәкәрімге аманаттайды. Содан Шәкәрім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбекті жазады. Демек ағалы-інілі азаматтар жалпы түркі әлемінің тарихын түгел қамтып отыр. Ол кездегі айтылған мәселелер, деректер ескірді деуге келмейді. Абай өз дәуірінде тарихты терең меңгерген жан. Ол «Русская старина», «Вестник Европы», «Тәржіман» сынды Семейге келетін қалың журналдарды алдырып үзбей оқып отырды. 

Одан басқа Әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқаридан бері келе жатқан «Жақсы адам», «Парасатты адам» деген ұғым бар. «Адам қандай болуы керек» деген ұғым. Демек Абайдың «толық адам» ұғымы орта ғасырдан тамырын тартады. Бұл дегеніңіз Абай исламдық және түркі ғұламаларының еңбектерін жетік білген. Семейде оншақты мешіт болса, қасында міндетті түрде кітапханалар болған. Ол кітаптар ислам, түркі әлемінен жеткен, қажылық сапардан алып келген құнды кітаптар болатын. 

Сондықтан «Абай және түркі әлемі» деген алдағы уақыттарда терең зерттейтін ауқымды тақырып. Солтүстік көршілеріміз «Русский мир» яғни «орыс әлемі» деген ұғымды насихаттады. Өздерін орыспын , славянмын деп санайтындар идея жағынан бір болуы керек. Ол қай елде тұрмасын сол идеяға жұмыс істейді. Олардың кітабы, киносы барлығы сол «орыс әлемі» идеологиясын сақтауға қызмет етеді. «Русский мир» деген ең алдымен орыстың тілі. 

Сондықтан «Түркі әлемі» де сондай дәрежеге жетіп, сондай рөл ойнауы керек. Кеңес үкіметінің кезіндегі «қызыл идеологияның» басты міндеті – түркі жұртының басын қоспай, ыдыратып, жойып жіберу. 

Мысалы, татар мен башқұрт. Қазан хандығы, қазіргі Татарстан Ресейдің иегінде, ең жақын тұрған мемлекет. Одан кейін Башқұртстан. Башқұрт пен қазақтың арасында ешқашан шекара болмаған. Оны Оренбург арқылы дәліз жасап, сібірге дейін бөліп шықты. Барлық жерді Ресей деп қызылмен бояй салды. Татар, башқұрт, қазақ бұл тұтас жатқан нағыз түркі әлемі. Қазіргі Ресей мен Қазақстанның арасы бәлен шақырым деген өтірік сөз. Татар, башқұрт, саха, алтайлықтар барлығы түркі халықтары. Қазір сондай саясаттың құрбаны болғаннан кейін, түркінің даласы да баласы да барлығы Ресейдің жеріне өтіп, орыстармен шекаралас болып отырмыз. Санаға солай сіңіп қалды. Солақай саясаттың әсерінен түркі әлемі тарыдай шашылып кетті. Ал «Түркі әлемі» деген Сахалиннен Босфорға дейін созылып жатқан кеңістік. Кезінде осы кеңістікте мекен еткен халықтар түркі жұртына ортақ «қыпшақ тілінде» бір-бірімен сауда-саттық, мәдени байланыстар жасаған. Славяндар тіпті ол кезде дамымаған. Жабайы халық десе болады. Кейін олардың жұлдызы жанды, біз төмендеп қалдық. Ал болашақта біз де Атилла, Шыңғысхан заманындағыдай биіктейміз деп ойлаймын. Сол кезде Абайдың ілімі керек болады. «Толық адам» ілімі де «Имани гүлі» де сол кезде керек. Сонда Конфуцийден де айбыны асқақтайтын болады. Біз рухани дүниемізді күшейтіп алсақ, сонда бізге бірігуге жақсы болады. «Түркі әлемі» деген ұғым сондай стереотипті бұзу үшін керек. Қоғам дамуының екі түрі бар. Бірі табиғи модель, екіншісі жасанды модель. Табиғи түріне «түркі жұрты» жатады. Оларды бір-біріне ата-дәстүрлері, діндері, тілдері қосады. Ал «жасанды модельге» жер жүзіндегі құрылып жатқан жасанды Одақтар кіреді. Ал «жасанды» дегеніміз қазіргі үш қайнаса сорпасы бірікпейтін мемлекеттердің бір жүйеге бағынып, байлануы. 

Бәріміз Абайдың «толық адам» ілімін айтамыз. Бірақ көбіміз түсіне бермейміз. «Толық адам» ұғымын түсіндіріп берсеңіз. 

-Адамның болмысы жан мен тән екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Адамның бойындағы жан мен тән бір-бірімен күреседі. Бойындағы пендешілік пен періште өмір бойы бір-бірін жеңе алмай келе жатқан адамның бойындағы қасиеттер. Пендешілік ішіп, жесем деп тұрады. Періште қиянат жасамауға, мейірімділікке үндейді. Абайдың «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп отырғаны осы. Ол өзінің жүрегін айтып отырған жоқ. Әркім өз жүрегін тыңдай білуі керек. Адамның жаны ешқашан өлмейді. Істеген ізгі амалдары, қайырымдылығы бар жан өлмек емес. Міне осыны сезініп, жақсы түсінген адамды «толық адам» деген сөз. Кез-келген адам өзін тәртіпке бағындырып ұстаса «толық адам» бола алады. Адамға Құдай «ақыл» мен «ерікті» берген. Толық адам барлық ұлтқа, дінге ортақ ұғым. 

Абайдың тірі кезінде жазбалары кітап болып басылып шықты ма? Әлде кейін шықты ма? Көп ғалымдардан Абай еңбектерінің бізге жеткені «түпнұсқа» емес дегенді көп естіп жүрміз. 

-Ақынның көзі тірісінде жазғандарын бала оқыту үшін молдалар көшіріп алып отырған. Қайтыс болғаннан кейін бір сандық жазбаларға ұлы Ізкәйілге ие болып жүреді. 1929 жылы елге дүрбелең туған кезде ағайындарымен Қытайға қашады. Сол уақытта сандықты бір жерге көміп кеткен. Қайтып келемін деп ойлаған болуы керек. Бірақ сол кеткеннен қайтып келмеген. Бір кездері Қайым Мұхамедханов сандықты іздеп Аралтөбе деген ауылдың бірақ жерін қаздырады. Табылмады. Ары қарай ешкім іздемеді. Кейде сол сандықты анасы Айгерімнің қорымының жанына не болмаса ішіне көмген шығар деп ойлаймын. Абайдың балалары Кәкітай мен Тұрағұл Мұрсейіт деген молданы жалдап, көшірткен. Сол қолжазба Ғылым академиясында сақтаулы. 1909 жылы Петербургте басылып шыққан тұңғыш кітап сол Мұрсейіт қолжазбасынан басылып шықты. 

Кейде ел арасында жазба әдебиет Абайдан бастау алады деген сөз бар. Ол әрине шындыққа жанаспайды. Осы пікірге көзқарасыңыз қандай?

-Абайдың Абай болғаны поэзияда жаңа бағытты қалыптастырды. «Жазба әдебиетінің классигі» деген сөз жазба сол адамнан басталды деген сөз емес. Ол сол жазба әдебиеттін реформалап, әлемдік биікке көтерді, жаңа бағыт қалыптастырды деген сөз. Жыраулар поэзиясы баяғыдан бар. Абайға ондай атақ керек емес. Кеңес дәуірінде Абайдың кітабы әр қазақтың үйінде болды. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін Абай кеңес дәуірінің шекпенінде қалып қойды. Абайдың сөзі өзгермейді. Бірақ Абайға деген көзқарас, ақынның өлеңдеріне түсінік беру ол кеңес дәуіріне мүлде келмейді. Біз Абайды кеңес дәуірінде қалдырмауымыз керек. Жаңа заманға лайықтап түсінік беріп, қайта насихаттау керек. Абайдың сөздері, өлеңдері ешқашан өзектілігін жоғалтпаған. Өзім Абайдың екі томдығына ешнәрсесін қалдырмай қайта түсінік беріп шықтым. Оны жинақ етіп өз қаражатыма басып шығардым. Сатылап Абайдың эволюциясын көрсеттім. Бала Абайдан, дана Абайға дейінгі жеті сатысын жасап шығардым. Өлеңдерін реттеп бұрын адасып жүрген өлеңдерін өз орнына қойып хронологиясын жасап шықтым. Оннан астам өлеңі жаңадан қосылды. Себебі жазған жылдары белгісіз болып жазылмай бір жинаққа кіріп, бір жинаққа кірмей жүрген өлеңдер. Бұрын 173 төл өлеңі болса, менің жинағымда 195 өлеңге жетті. Жаңа жинақтың ерекшелігі 1932 жылы М.Әуезов қара сөздерді дайындағанда реттілігі өзгеріп кеткен. Абайдың тірі кезінде қойған номерлері ауысып кетті. Айта берсек әңгіме көп. Сондықтан әлі күнге дейін Абай өлеңдері дұрыс зерттелмей келеді. «Абайдың тойы» деп шулауға шеберміз, ал шынайы Абайдың ілімін халыққа жеткізуге құлықсызбыз.

P.S. Абай Құнанбайұлы – заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде қазақ мәдениеті, түрік әлемі мәдениеті үшін де маңызды тұлға. Абай мұралары тек қазақ руханиятына ғана емес бауырлас түркі халықтары әдебиеті мен мәдениетіне жаңашылдық әкелген ұлы ойшыл. Абай жылында дүркіретіп той жасағаннан гөрі мұраларын зерттеп, жас буынның санасына сіңірсек біз үшін үлкен олжа болар еді.

Сұхбатты жүргізген Толқын Сұлтан