Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Атамның ақылы, апамның әлдиі...

Атамның ақылы, апамның  әлдиі...

     Бабына жеткізе суарылған алмас қылыштай жалғанда мұқалмайтын қайратты, қажырлы, өмірге құштар жандарға Тәңір ие әуел баста-ақ айрықша қасиет сыйлап, кісілік келбетін, парасат пайымын өзгеден оқшау, дара сипатта жаратса керек. Маңдайға жазылған тағдыр сыйы мынау жарық әлемнің алапат жүгін арқаға салғанмен асылында, адами болмысы сондай ерекше дараланған жан иесі ғана еңсесін тік, кісілігін кіршіксіз, абырой ар-ожданын айнадай таза ұстауды мұрат қылған.

     Адамзат баласы тағдырының талайлы тұстарында сіз бен бізге беймәлім жұмбақ құпия көп. Шартарапты шарлап кетер ой-қиял, арман аңсар көгіңнің шексіз, шетсіз екендігін сезгенде, мынау ғажайып ғаламзаттың бір бөлшегі ғана екеніңді шын ұғынып, Тәңірге тәубе дейсің.

     Адамда арман таусылған ба? Білмеймін.... Көңіл көкжиегің кеңейіп, өмір мектебі шыңдаған соң ба..., кешегі күнге көз жіберіп, ой жүгіртесің. Балалықтан даналық іздейсің! Содан ғой, Хәкім Абайдың «адамның кейбір кездері» дейтіні.

     Арман, аңсар демекші қаршадайымнан арманшыл бала болдым. Әсерлі әлем қауырсын қанат қиялымды ақ желкенді алып кемедей асау толқындарға ілестіріп алысқа алып кететін. Аспан кеңістігіндегі құс жолындай көкшулан өмір жолы қатаң сүзгіден өткізерін сәби көңіл сол кезде сезбеген болар. Бабадан балаға мұра болған аңыз-әпсаналар кейінгі өмір жолыма айқара есік ашып, жұлдызды темірқазығыма айналды. Есте жоқ ескі заманнан бері ел аузында екшеліп бүгінге жеткен есті ертегілер адастырмай арман көгіне жеткізді. Балғын күнімнен кітап жастанып, аңсарым тек білімге ауғаны, бүгінгі шыққан шыңымның аласармас биігі дер едім.

     «Кеше бала ең, келдік қой талай жасқа»-дейді тағы Абай. Уақытты ұстап тұрар құдырет жоқ. Кері айналдырар тегеріш те болмайды. Өмір керуен қозыкөш алға ұзаған сайын сарытап болған сәттеріңді сағынышпен еске аласың. Сан тарау ғұмыр дастанның қадау-қадау тұстарын қағазға түсіру әріде жүрген ой еді. Ұлағатың бар болса - ұрпаққа аманат! Бүгін соған тәуекел еттім! Мен көрген өмір өрнектері, адамдар арасындағы ынтымақ пен татулық, ұрпақ тәрбиесі, ізгілік пен жарасымды ту еткен асыл жандар туралы жан сарайымдағы толғаныс қолыма қалам алғызды!!!

     Менің атам Тоқтасын Әбимолдаұлы 1916 жылы Шығыс Қазақстандағы оймақтай ғана «Қызыл - Шілік» ауылында дүниеге келді. Ауыл молдасынан аз ғана сауат ашқан ол 1930 жылы Семей қаласындағы теxникумға оқуға түседі. 1942 жылы Ташкентте үш айлық әскери байланысшы оқуын бітіріп, ұрыс даласына аттанады. Курская Дуга, Днепр өзенін қорғауға атсалысты. Киевті жаудан азат етуге қатысты. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен сол қиын-қыстау жылдары атам да табандылық танытқан жандардың бірі еді. Қан қасап майдан көріп, жауынгер етігімен сонау Берлинге жаяу жеткен атамыз жеңістің туын желбіретуге тікелей ықпал еткен ардақтымыз болатын. Қан майданда жүріп "Ерлігі үшін", "Украинаны азат еткені үшін", "Жуков" және өзге де орден-медальдармен марапатталған. Елге аман-есен оралған соң әжеміз Нұрзия Солтанбекқызымен отау құрды. Атам өмірінің соңғы жылдарын Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты, Кіші Қарасу ауылында өткізді. Мен үшін бұл ауыл ежелден Жаратқанның назары ауып, қыдыр қонып, бақ дарыған елді-мекен іспетті. Небір замана дауылдары осы бір алақандай ауылдың түндігін көтеріп, шаңырағын шайқай алған жоқ. Береке бірлігі жарасқан ауылдың өзіндік тарихы бар. Жайдары адамдары, әріден келе жатқан ұрпақ сабақтастығы болашағына селкеу түсірген емес. Тоқтасын атам дала мінез, бала көңіл жан еді. Ал, Нұрзия апам қонақжай кісі болатын.     

     Өмір де, адам баласы үшін толқыған теңіз секілді емес пе. Желкеніңді жел кернеген сәттерде, алға сүйреген арманың адастырып кетпес үшін бағыт-бағдарыңды айқындар темірқазық іспеттес жанашыр, ақылгөй жандар болады. Сенің Тәңірден тілеуіңді тілеп, ғұмыр жолыңның бақытқа толы күндер болғанын қалайтын тек шын жанашыр жандар ғана. Ол да әрине менің атам мен апам еді.

     Сол ата-апамның ең қастерлі мерекесі Жеңіс күні болатын. Ес білгеннен бері білетінім 9 мамыр күні біздер тайлы тұяғымызбен қара шаңыраққа жиналып, мәре-сәре болып жататынбыз. Көптен қара көрсетпей кеткен қаладағы ағайын да ауылға келіп арқа-жарқа. Ал, біз болсақ омырауындағы орден-медальдері жарқ-жұрқ еткен атамыздың қуанышты жүзіне қызықтай қарап отыратын едік. Сол күні атамның шаңырағына Өнербек, Жолдыбек, Ұлыпқан, Мәсәлім, Мұратқан, Әбушаxман және Жошы аталарымыз да түстене келіп, дастархан басында әңгіме айтушы еді. Төрт жылдық қана білімі бар қазақтың қайтпас сол бір қара шалдарының білмейтіні жоқ еді. Жолдыбек атаның аздап сурып-салма ақындығы болатын. Сол кісі апама «Сеймәзінің қызы» деп тиісіп, әзіл сөзбен шалушы еді. Апам да тек тұрмайды, ұйқасы келіскен қара өлеңдерді төгіп-төгіп тастайтын. Мәз-мейрам көріністі көріп біз де күлетін едік. Шіркін сол кездер-ай...

     2009 жылдың 9 мамырын да дәл осылай тойлады. Дастархан басында атам: - Ау ағайын, келесі жылы жеңістің 65 жылдығы ғой, жұбымыз жазылмай, баршамыз осы шаңырақта жиналайық. Алла амандығын берсе, тай сойып, той жасаймын, тек алла соған жеткізсін-деді. Қатарластары: Оо бәрекелді, тек сөзіңде тұратын бол, - деп атаммен бәстесіп жатты. Иә, алла атамды сол 65 жылдыққа жеткізді. Той да болды, Бірақ атамның бұл соңғы көктемі, соңғы жеңіс мерекесі екен.

     Небір тауқымет жылдың тоқпағын көрген Тоқтасын атам өмірдің қатал мектебінде шыңдалды. Жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды бала жасында-ақ пайымдай алатын. Жалпы, жаны жақсылыққа, жүрегі нұрға, кеудесі қуанышқа толы, кең пейіл адамдардың еңсесі биік, жүзі жарқын келеді емес пе. Ондай азаматтың арғы-бергі ата-бабалары да тектіліктен жаралған. Тәрбиені сол тектіліктен іздеген перзент те парасатты. Атамның Әзімбай Лекеров деген ағасы болған. Білімді еді. Ол Семей қаласында оқыды, кейін Алматыда білімін толықтырды. Мәскеудегі марксизм-ленинизм институтын үздік тәмамдады. Атам «Алматыда Әзімбайдың кітапханасы болған. 1930-шы жылдары саяси қудалауға ұшырап қамалды. Кейін қайта бостандыққа шықты. Ауылына келгенде туыстары мен ауылдағы ағайын жиналып көңілін сұраған. Сол сәтте НКВД-ның бірнеше қара мәшінесі келіп отырғандардың бәрін әкетті. Сондағы болған 12 адам атылды. Әзімбай «Халық жауы» атанды»,- деп айтқаны әлі есімде.

     Тағдырдың тоғысында, өмірдің қиясында шорт сынбай, тиянақтылық танытқан атамның да ауыл ішіндегі беделі биік еді. Рас, атамның да, апамның да балалық шағы ауыр жылдарға дөп келді. Жоқтық пен таршылық. Тауқыметі көп отбасы үшін бір уыс бидайдың өзі қат. Талқаны бар үйде ғана той болатын уақытта тойып тамақ ішпеген қара домалақтар екінші дүниежүзілік соғысы басталғанда бірі майданға аттанса, енді бірі ауылдың ауыр жұмысына жегілді.

     Айтпақшы атамның анасы ақжарқан жан болған деседі көзкөргендер. Оны апам да айтып отыратын. Аштық жылдары ғой, менің үлкен әжем бір уыс талқанды балаларының аузынан жырып, көрші-көлеммен бөлісетін көрінеді.Жомарттық деген сол шығар.

     Менің кітап құмарлығым атамнан дарыған қасиет пе деймін. Ол кісі де жастана жатып газет-журнал оқитын. Әр апта сайын републикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай», аудандық «Рауан Васход» пен төте жазумен шығатын «Шалқар» газеттерінің жаңа нөмірін асыға күтетін. Басылымдар келген бойда рет нөмірлері мен беттерін түгендеп алады да көзілідірігін тағып мақалаларға мұқият үйілетін. Үзіліс жасаса тоқтаған жерін қаламмен белгілеп қоятын. Кейін оқығандарын апама әңгіме қылып айтып отыратын жарықтық. Газет тұрған жаққа жолай қалсақ атам «не істейін деп тұрсың» деп газет ұрлауға келгенімізді сезіп қоятын. Баламыз ғой. Сол кезде апам марқұм бізді қорғап «Осы сен өлсең, сені осы газетке ораймыз-ау» деп қалжындап айтатын.

     Атам мен апам ән тыңдағынды да ұнатушы еді. Әсіресе Досхан Жолжақсыновтың «Ауыл қарттары» таспасын жиі қойғызатын. Сондағы «Кемпірбай мен Әсет», «Екі жирен», «Теміртас», «Ойлан балам», «Кененге көңіл айту», «Ақтоқтының аужырын» тыңдай бергеннен біз де жатқа білетін едік. Ал Жеңіс күні қарсаңында "Широка страна моя родная" әнінің таспасын қайта-қайта қойғызып, қосыла орындап отырғанын талай көрдік. Кейде біз де жаман даусымызбен жағаласып жатқанымыз. Сондағы атамның нұрлы жанарын көрсеңіз ғой. Еркелігім бе, қызды-қыздымен кейде мен саптағы кәнігі сарбаздай әрлі-берлі шерулік маршқа басамын. Оныммен қоймай атамды да мәжбүрлеймін. Ол кісі менің көңілімді жыққысы келмей, таяғын тастай сала жанымнан табылады. Бұл бір қызық дәурен еді.

     Ата-әжемнің тағы бір қасиеті – еңбекқорлығы. Таңмен таласа тұрып, қас қарайғанша бел бүкпеуші еді. Ауылдағы алма, шие ағаштарын да атам отырғызған. Өзі суаратын. Біз көмектеспекші болғанда қарсылық білдіріп жатқаны. Аталарың жатып қалмасын десеңдер, бұл жұмысты маған беріңдер, мен үшін денешынықтыру ғой дейтін.

     Былғы жеңіс күнін де ата-әжемсіз өткіземін. Он жыл бұл шаңырақта атам бардағыдай мереке болған жоқ. Мені еркелете айтатын «Нәзәкөн» дауысын естімегенге он жыл.

     Көзкөргендер: - сенің атаң қиындықтан қашпайтын, түздегіні түгендеп, ауылдағыға ақыл-кеңесін аямайтын көпшіл еді,-дейді. Мұндайда мен көз жасыма ерік беремін.

     Әрине, өмірдің өз заңы бар: адамдар өмірге келеді, кетеді. Яғни адам мәңгілік емес, фәниден бақиға өту бұлжымас қағида. Өкініш¬тісі, жаныңа жақын адамнан қапыда көз жазып қалу.

     Қалай болғанда да, мезгіл өте келе қайғының орнын сабыр, шарасыздықтың орнын шүкір басады. Бірақ, адам ұмытылмақ емес. Пенденің артында жүріп өткен өмірі, халқына жасаған жақсылығы, істері, мінезі тағы басқаша қасиеттері қалады, таразыға салынады. Жақсы адамды жұрт сағынады. Жылы жүзін жиі еске түсіреміз, нұс¬қалы бейнесін қара жердің қойнына қимай, көз алды¬мыздан өткеріп, өткен күн¬нің сағымына көз тігеміз. Мен де ата-әжемнің жарқын келбетін аңсайтыным анық.

Ләззат Ноғайбай

Редактор