Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 12:00

Жаңалықтар 12:00

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы мен «Саяси партиялар туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Заң жобалармен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде отыз пайыз мөлшеріндегі квотаны енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылады. Осы мақсатта, біріншіден, Сайлау туралы конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған міндетті квоталардың болуы туралы талап қойылады. Екіншіден, енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында қырық мың емес, жиырма мың мүшесі болса жеткілікті», - деді Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан.

***

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы 27 мамырда өтеді. Алдағы отырыс онлайн форматта болады, оған түрлі өңірлер қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент кеңесшісі Ерлан Қарин хабарлады. «Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша алдағы отырыстың күн тәртібі адами капиталды дамыту, атап айтқанда білім саласын дамыту мәселелеріне арналады» деп жазады Ерлан Қарин.

***

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мəдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. «Бұл - халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды жұдырықтай жұмылдыратын мерейлі күн. Бұл - қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр жəне опера əртісінің, өңірлерлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегін елеп, алғаусыз алғыс айтатын кəсіби мереке. Бүгінде технологияның ілгерілеп, кешегі ақпараттың мəн-маңызы бəсеңсігеніне қарамастан, рухани жауһарларымыз бен мəдени құндылықтарымызды мəйек етіп қана əлемдік қауымдастық алдында егемен еліміздің абыройын үстем ете аламыз. Осы орайда жауапты қызметтің қазанында қайнап жүрген Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, табандылық пен толайым табыс тілеймін» делінген министрдің құттықтау хатында.

***

Армениядан әкелінген көліктер уақытша тіркеуге алынады, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы Үкіметтің жаңа қаулысы шықты. Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйекке дейін басқару тұтқасы сол жақта болатын көліктерді тіркеу шарасын қабылдауы тиіс. Бұл шешім тек елімізге биылғы жылдың 1 ақпанына дейін енгізілген көліктерге қатысты. Сонымен қатар көліктің тиісті техникалық тексерістен өтуін және салықтық міндеттемелерін төлеуін қамтамасыз ету керек.

***

Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) өзінің Twitter парақшасында жанкүйерлерден орта салмақтағы ең мықты боксшы кім екенін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үміткерлер арасында IBF және IBO әлем чемпионы титулының иегері, қазақстандық Геннадий Головкин де бар. «Орта салмақтағы күш королі кім?» деп сұрады кеңес өз оқырмандарынан. Сөйтіп кандидат ретінде осы салада өнер көрсетіп жүрген бірнеше боксшыны ұсынған. Олардың арасында Головкиннен басқа Томас Хирнс, Марвин Хаглер, Сауль Альварес «Канело», Карлос Монсон және Айрен Баркли бар. WBC сондай-ақ оқырмандарынан ешкім ұнамаған жағдайда өз нұсқасын ұсынуды өтінген.