Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

ҚМДБ: Карантинге байланысты мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды

ҚМДБ: Карантинге байланысты мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ораза айт мейрамын өткізуге қатысты мәлімдеме жасады.


Ислам дінінде кез келген мереке ғибадатпен бастау алады. Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд: «Айт намазын оқи алмаған адам төрт ракағат намаз оқиды. Бірінші ракағатта «Фатиха» сүресінен кейін «Сәббихисмә раббикәл-ағлаа», екінші ракағатта «Уәш-шәмси уә духааһәә», үшінші ракағатта «Уәл-ләйли изаа яғшаа», төртінші ракағатта «Уад-духаа» сүрелерін оқиды», – деген. Ал аталмыш сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады.

Айт күні сәресін ішпейді, күндіз аузы ашық болады. Өйткені, хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын» делінген.

Ораза айт – мереке. Сондықтан мейрам күні ата-анамызға, отбасымызға, балаларға, тума-туыстарға сыйлық үлестіру – сауапты әрі игі іске жатады.

Ораза айт – кешірім жасайтын күн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір жүрегі пәк – тілі шыншыл адам», – деді. Сахабалар: «Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жүрегі пәк дегеніміз – тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам», – деді. Ораза айт – мұқтаждарға көмектесетін күн. Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық етіңдер, Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – делінген («Ниса» сүресі, 36-аят).

Жаратқан Алла әрбіріміздің ораза айт күні жасаған ізгі істерімізді, дұға-тілектерімізді қабыл етіп, жылдан жылға, айдан айға аман-есен жетуді нәсіп еткей!

Ораза айт мерекесі 24 мамырдан басталады.