Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 14:00

Жаңалықтар 14:00

Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен елдімекендер толықтай судан тазартылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook парақшасында жария етті. «Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендердің барлығы судан тазартылды. Онда әкімдік, Қазсушар, ТЖК, әскерилер мен Өзбекстан Республикасы төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмылып жұмыс істеуінің арқасында аз уақыт ішінде Сардоба суын арық-атыздар мен коллекторларға бұрып, тұрғындардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасалды» деп жазады Сәкен Қалқаманов. Айта кетейік, Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасы жарылып, ондағы су Мақтаарал ауданының бес елдімекенін шайып кеткен болатын.

***

Түркістан облысы Төлеби ауданында су тасқынынан келген зардапты қалпына келтіру жұмысы қызу жүргізілiп жатыр. Бұл жұмысқа 8 мердігер компания мен 6 инжинирингтік қызмет көрсетуші мекеме жұмылдырылған. Аталған ауданда мамандардың қорытындысымен 38 үй жарамсыз деп танылған болатын. Қазiргi таңда 17 үй бұзылып жатыр. Оның iшiнде 3 үйдің iргетасын құю жұмыстары басталған. Сел салдарынан 78 азамат эвакуация орталығына жатқызылса, қазіргі таңда 40-тан астам азамат ағайын-туыстарының үйіне жайғасқан. Аудан әкімі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, эвакуация орталығында орналасқан азаматтар үш мезгіл тамақпен қамтылған. Оларға барлық қажетті жағдай жасалған. «Зардап шеккен 38 баспана толықтай сүріліп, орнына жаңа баспана салынады. Оларды қалпына келтіру жұмыстарына 510 млн теңге бағытталмақ. Жалпы құрылыс жұмыстарын 1.5-2 ай ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз»,- деді Бауыржан Омарбеков.

***

АҚШ-тың Мичиган штатында бірнеше күн бойы толассыз жауған жауыннан кейін аймақтағы екі бөгет жарылған. Апаттан Мидлэнд округінде төтенше жағдай режимі жарияланған. Мамандар кей аймақтарда су деңгейі 7 метрге дейін көтерілгенін айтады. Құтқарушылар шамамен 10 мыңнан астам адамды эвакуациялады. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Өңірдегі көшелер мен ғимараттар су астында қалған. Қазір 5400-ден астам адам жарықсыз отыр. Апаттан адам шығыны жоқ.

***

Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің өкілдері келер оқу жылында сабақтарды онлайн өткізуді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл шешімге әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы себеп. Осылайша, мамандар біраз студенттің өз еліне оралғанын жөн санайды. Барлық онлайн форматтағы дәрістер оқу орнының кез келген студентіне қолжетімді болмақ. Алайда, мамандар нақты шешімнің қабылдануы аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болатынын айтып отыр.

***

Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 5 миллионнан асты. Бір тәулікте 106 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Бұл - бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қағып отыр. ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, Латын Америка елдері, Үндістан және өзге аймақтарда инфекция жылдам таралып жатыр. «Пандемия әлі ұзаққа созылады. Біз табысы орташа және төмен елдерде коронавирус жұқтырғандардың артуына алаңдап отырмыз», - дейді ол. Бұрын пандемия ошағы Еуропа мен АҚШ болса, қазір Бразилияда коронавирус жұқтырғандар көбейген. Бұл елде 18 860 адам індеттен көз жұмған. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 291 579-ға жеткен.