Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 21.05.2020

Қорытынды жаңалықтар 21.05.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. «Мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Сіздер шығармашылық жетістіктеріңізбен Қазақстанның атын дәріптеп, ұлттың өнегелі мәдениетін қалыптастыруға, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани мұраны сақтауға үлес қосып келесіздер. Шабыт және табыс тілеймін!», - деп жазды Мемлекет басшысы twitter парақшасында. Айта кетсек, 21 мамырда жылдағы дәстүр бойынша Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Бұған дейін Мәдениет минстрі Ақтоты Райымқұлова мəдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған еді.

***

ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Сенат қабылдаған саяси партиялар мен сайлау туралы заңға пікір білдірді. «Заңға сәйкес, саяси партияларды тіркеу барысындағы кедергілер 2 есе қысқарады және партиялық сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыз міндетті квота енгізіледі. Бұл өзгерістерге 2019 жылы желтоқсанда өткен Ұлттық кеңестің 2-отырысындағы саяси реформалар топтамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастама жасаған еді. Міне, бүгін осынау жаңа нормаларды сенаторлар мақұлдады», - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, аталған нормалар байыпты саяси жаңашылдық саналады. Айталық, мәслихаттардағы 3 335 орынның тек 740-ында ғана әйелдер мандатқа ие болған. Ал 29 жасқа толмаған жас депутаттардың саны - небәрі 53 қана. Сондықтан бұл нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне барынша кеңінен әрі белсенді тартуға септігін тигізеді, - деді Ерлан Карин.

***

Ұлттық бірыңғай тестілеу белгіленген мерзімде өтеді деп жоспарлануда, яғни маусымның соңы мен шілденің басы аралығында. Қазір дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Білім және ғылам министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ҰБТ-ны өткізу кезінде санитарлық талаптар мен санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтуге айрықша назар аударылады. Арақашықтықты сақтау мақсатында тест тапсыру кезінде аудиториядағы адамдар саны барынша қысқартылады. Маска, респираторлар тағу міндетті болады. Сонымен қатар, аудиторияны желдету жұмыстары іске асырылады.

***

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында осы уақытқа дейін 30 324 өтінім қабылданған. Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша 203,08 млрд теңге сомасына қарыз беруге 17 666 өтінім мақұлданған.

***

Атыраудағы Теңіз кен орны жабылуы мүмкін. Қазір онда вирус жұқтырғандардың саны 935 адамға жетті. Бұл туралы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Кен орнында індеттің таралуы өсіп жатыр. Ауруды азайту үшін жұмыс жоспары мен кестесі қабылданған. Бірақ жағдай ушықса кәсіпорын жабылады. Жалпы, елде жабық ұжымдарда вирусты жұқтыру фактілері көбейіп отыр. Шымкенттегі «ПетроҚазақстан» компаниясында 101 адам, Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» шахтасында 34 жағдай тіркелді.

***

Соңғы аптада елде коронавирусты жұқтырғандар саны 15%-ға артқан. Мұның негізгі себебінің бірі - халық әлі де бейғам. Қарапайым ережелерді елемейді. Салдарынан ауызашарға шақырғандар мен туған күн жасағандардан індет көп анықталған. Сатушылардан да күн сайын вирус табылып жатыр. Өйткені талап сақталмайды. Елордада тексерілген 358 нысанның 85%-ы санитарлық норманы сақтамаған. Ал тәртіпке бағынбай, жағдайды ушықтырып жатқан мекемелер айыппұл арқалап, тіпті кейбірі қайтадан жабылып жатыр.

***

Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 7 мыңнан асты. Кеше бір күнде 265 адамнан індет анықталған. Оның 84-і Нұр-Сұлтаннан, 60-қа жуық адам Алматыда тіркелген. Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандар саны 7234-ке жетті. Жазылып шыққандар саны 3700-ден асады. 35 науқас індеттен көз жұмды.

***

Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен елдімекендер толықтай судан тазартылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook парақшасында жария етті. «Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендердің барлығы судан тазартылды. Онда әкімдік, Қазсушар, ТЖК, әскерилер мен Өзбекстан Республикасы төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмылып жұмыс істеуінің арқасында аз уақыт ішінде Сардоба суын арық-атыздар мен коллекторларға бұрып, тұрғындардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасалды» деп жазады Сәкен Қалқаманов. Айта кетейік, Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасы жарылып, ондағы су Мақтаарал ауданының бес елдімекенін шайып кеткен болатын.