Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 16:00

Жаңалықтар 16:00

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітті. Министр бұйрығына сәйкес, мамандықтар бөлінісінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды, магистрлерді және PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Құжатқа сай, биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға - 53 864 грант бөлініп отыр. Ғылыми-педагогикалық магистратура бағытына - 12 915, бейінді магистратураға - 710 және PhD докторларын даярлауға - жалпы 2 355 тапсырыс бөлінген.  

***

Маусымның 1-нен елордадағы балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымының бәрі қалыпты жағдайда жұмысын бастайды. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы даярлық топтары 1 тамызға дейін балабақшаға барады.

***

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА 25 МАМЫРДАН БАСТАП КАРАНТИНДІ ЖЕҢІЛДЕТУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ ЕНГІЗІЛЕДІ. Жітіқара қаласын қоспағанда, санитарлық-эпидемиологиялық режимді күшейте отырып, азық-түлік емес сауда орталықтары мен дүкендер, сауда-ойын-сауық орталықтары ашылады. Тек оларда фуд-корттардың, кинотеатрлар, ойын-сауық объектілері және мәдени-бұқаралық бағдарламалардың жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары, 30 адамға дейін дайындық жұмыстарын өткізу үшін мәдениет және спорт нысандары жұмысын бастайды. Сонымен қатар, қонақ үйлер ашылады. Тек онда бассейндер, жаттығу залдары, конференц залдарын жалға беру сияқты қосымша қызмет көрсетуге тыйым алынады. Және таңғы 7-00-ден кешкі 22-00-ге дейін келушілер саны 30 адамнан аспайтын қоғамдық тамақтандыру объектілерінің же жұмысы қайта жаңданады. Мұнда мерейтойлар, салтанатты жиындар, мектеп бітіру шараларын өткізуге шектеу қойылады. Бүгінде Қостанай облысында COVID-19-дың 113 жағдайы тіркелген, оның ішінде 50 адам сауығып шықты.

***

Шымкентте тамақтану орындары әзірге ашылмайды. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов әлеуметтік парақшасында осындай мәлімдеме жасады. Шенеуніктің бұлай жазуына ел ішінде тарап жатқан қауесет себеп болған. Тұрғындар бір-біріне елде төтенше жағдай алынып тасталған соң мейрамханалар мен дәмханалар жаппай ашылады деп жалған ақпарат таратқан. «Әкімдік тарапынан әзірге ондай қаулы қабылданған жоқ. Бәріміз карантиннің аяқталуын асыға күтіп, саябақ, базарға шыққанымызға қуанып, санитарлық талаптарды ескерусіз қалдырып жатырмыз. Сол себепті қаладағы барлық нысанға санитарлық талаптардың орындалуы бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар шектеулер қойылады», - деді Мақсұт Исахов. Айта кетейік, бұған дейін қаланың бас санитары Әбдіманап Төлебаев шығарған қаулыда көпшілік тамақтанатын орындар мен мешіттің ашылуына тыйым салынған болатын. Оған коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейіп кеткені себеп болған еді. Шымкентте соңғы тәулікте 31 адам індет жұқтырған. Ал жалпы науқастар саны - 539.  

***

Алматыда карантин кезінде суға шомылуға тыйым салынды. Жалпы, қала аумағы бойынша 28 шағын өзен ағады, 26 су қоймасы бар. Соның 4-інде ғана шомылуға болады. Дегенмен, карантин аяқталғанша бұл жердердер шомылуға рұқсат жоқ. Ал осы шектеуге бағынбаған азаматтар әкімшілік жауапқа тартылады.