Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 22.05.2020

Қорытынды жаңалықтар 22.05.2020

Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы тұрғындармен кездесу өткізіп, Нұрлыжол және Өргебас ауылдарындағы қираған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ Мырзакент ауылында су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасыға арналған жаңа шағын ауданның құрылысын өз көзімен көрді. Түркістан қаласында Премьер- Министр жетекші ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің егіс алқаптарын, материалдық-техникалық базасын көріп, жергілікті шаруалармен өңірдегі агроөнеркәсіп бизнесін одан әрі дамыту бойынша жоспарды талқылады. Асқар Мамин Түркістан қаласындағы көлік, әкімшілік, әлеуметтік-мәдени және туристік инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстарының барысын да тексерді.

***

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласына жұмыс сапары аясында жаңадан салынған жұқпалы аурулар ауруханасына барып, коронавирус инфекциясынан емделіп жатқан науқастардың жағдайын білді. Бұл аурухана рекордтық мерзімде (18 күн) тұрғызылған. Мұнда 280 төсек-орын, 6 клиникалық бөлімше, 28 орындық реанимация бөлімшесі бар.Елжан Біртанов, әсіресе, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге алғыс айтты. Сонымен қатар, министр арнайы кеңес өткізіп, бактериология, вирусология, иммунология және молекулалық генетика мәселелерін талқылады. Белгілі болғандай, қазақстандық ғалымдар персоналды және превентивті медицина арқылы коронавирусты бақылау, алдын алу мен емдеудің қазақстандық әдісін әзірлемек.

***

Бүгін 4 баланың өлімі тіркелген Аягөздегі орталыққа қатысты құрылған ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онлайн форматта өткен отырыс барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 5 мемлекеттік орган аталған орталықта тексеру жүргізіп жатқандығын атап өтті. Мұндай проблема еліміздің басқа да дәл осындай мекемелерінде байқалады. Тексеруші органдардың тарапынан бақылау әлсіз. Себебі мекеме тым шалғайда орналасқан. Сондықтан, Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығын Өскеменге көшіру мүмкіндігін қарастыру қажет, деді министр. Айта өтейік, бұл істің тергелуін Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды. Осы оқиғадан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің әр өңірінде орналасқан медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 113 мекемеге тексеру жүргізілетінін хабарлады.  

***

Елімізде коронавирусқа қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің бірқатарына үстемеақы негізсіз төленіп келген. Бұл туралы Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов қор жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында мәлім етті. Сәуір айында эпидемияға қарсы шараларға қатысып жатқан медицина қызметкерлерінің саны наурыз айына қарағанда екі жарым есе артқан. Оларға аударылған үстемеақы мөлшері де 56 пайызға көп болды. Үстемеақы алатын медицина қызметкерлерінің тізімін жедел штабтың жанындағы аймақтық комиссиялар түзеді. Сәуір айынан бастап комиссияларға қор өкілдері де қатыса бастады. Олар аударылған қаржының дұрыстығын тексереді. Осылайша, жұмыс барысында қор өкілдері үстемеақы наурыз айында - 88 млн теңгеге, сәуір айында 473 млн теңгеге негізсіз аударылғанын анықтаған. Аймақтар бойынша есептегенде сәуір айында негізсіз төлемдердің көбі Алматы облысында, СҚО, Нұр-Сұлтан қаласында, ШҚО-да, Шымкент қаласында тіркелген. Эпидемилогиялық ахуалға байланысты қор осы айда медицина қызметкерлеріне берілетін сыйақы үшін 8,6 млрд теңге бөліп, одан арғы айларда соманы азайтуды көздеп отыр.

***

Қазақстанның барлық қалалары арасындағы әуе қатынасы 25 мамырдан бастап қалпына келтіріледі. Әуе компаниялары көліктегі бас санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздіктің жоғары шараларын сақтай отырып, жұмысқа кіріседі. Комиссия шешіміне сәйкес, екі күннен кейін Атыраудан Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Шымкент бағытында әуе рейстері қайта ашылады. Әуе компаниялары рейстер санын өздері белгілейтін болады.

***

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде арнайы комиссияның жұмысы жалғасуда. Топ өкілдері базалық өндіріс және Теңіз кенішіндегі Болашақ нысандарына барып, өндірістік базалардағы санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталу деңгейін тексерді. Өндірістік бригадалардың жұмысы жасыл және қызыл аймақтарға бөлінген. Жұмысшыларға тек өз учаскелерінің аумағында ғана қозғалуға рұқсат етілген. Қазір зауыттағы жұмыс үзіліссіз жалғасып жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, кеніштің 700-ден астам жұмысшысы індетке шалдықты.

***

"Қазақмыстың" 133 қызметкері коронавирус жұқтырған. Қарағанды облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың мәліметінше, осы аймақта жалпы 430 коронавирус жұқтырған науқас тіркелген. Оның ішінде 3 науқас көз жұмды. 170 адам аурудан айығып, үйлеріне шығарылды.. Сонымен қатар, Қанат Асқаров Қарағанды облысының кейбір аймақтарындағы өндіріс орындары карантинге жабылғанын атап өтті. Бұлардың қатарында Бұқар жырау ауданындағы "Қазақмыс" ЖШС корпорациясын айтуға болады. 133 жұмысшы індет жұқтырған нысан 1 маусымға дейін жабылды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жалғасуда.

***

​Елордалық оқушылардың биылғы мектеп бітіру бағдарламасы жарияланды. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова 25 мамырда барлық мектепте оқу жылының аяқталатынын жеткізді. Ал мектеп бітірушілерге аттестаттар мен алтын белгілері маусымның 3- інде беріледі.  

***

Биыл мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды. Карантинге байланысты қазір құлшылық үйлерінде көпшілік іс-шараларға тыйым салынған. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы осыған байланысты отандастарымызды айт күндері әркім өз шаңырағында мінәжат етуге үндеді. Әрі тұрғындар Айт намазының орнына Нәпіл намазын оқуға болады.