Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 15:00

Жаңалықтар 15:00

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев балаларды қорғау күнімен құттықтады. Мәтін Елбасы баспасөз қызметінің инстаграм парақшасында жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев отбасында бақ-береке, қауіпсіздік пен баспананың болуын тұрақтылыққа балады. «Өмір бақыты - әке, ана болу, ата-аналардың денсаулығы және балалардың шаттығы» деді.

***

Президент те қазақстандықтарды балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтады. Құттықтау сөзін Қ.Тоқаев twitter-де жариялады. «Барша қазақстандықты Балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтаймын. Бұл – өскелең ұрпақтың амандығына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буын жауапты екенін еске салатын мереке. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты өткізуге қақылы», – делінген Мемлекет басшысының твитінде.

***

Бүгін 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау басталды және ол 1 тамызға дейін жалғасады. Білім және ғылыми министрлігінің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, құжаттарды тапсырудың үш жолы бар. Атап айтқанда, egov.kz арқылы, ХҚКО арқылы және қағаз түрінде мектепке тапсыруға болады. Қажетті құжаттар тізімі мынадай: Ата-ананың (немесе оларды алмастыратын тұлғалардың) өтініші; Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат; 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат; 3х4 көлеміндегі 2 фото.

***

Шығыс Қазақстан облысында сәби үшінші қабаттағы терезеден құлап, аман қалды, - деп хабарлайды аймақтық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі. «Пәтерде терезенің жанында диван тұрған. Сол арқылы бала терезеге оңай көтерілген. Москит торы бала салмағын көтере алмаған, осылайша шақалақ құлап кеткен. Бала аман, ауруханада жатыр», - деп атап өтті баспасөз қызметінде. Бұл – облыстағы биылғы жылғы алғашқы оқыс жағдай. Құтқарушылар кішкентай балалар бар пәтерлер тұрғындарына арнайы терезе құлыптарын орнатуға, жиһаздарды терезе маңынан алысырақ қоюға шақырды. Ең бастысы, кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Айта өтейік, жыл басынан бері елімізде балалардың терезеден құлауының 21 оқиғасы тіркелген.

***

Парижде әйгілі Нотр-Дам-де-Пари шіркеуінің алаңы алапат өрттен кейін қайта ашылды. Бұл туралы қала мэрі өзінің твитердегі парақшасында хабарлады. Енді шаһар тұрғындары мен келген қонақтар шіркеудің әсемдігін қайта тамашалай алады. Естеріңізге салайық, өткен жылдың сәуірінде 850 жылдық тарихы бар ғимаратта алапат өрт шығып, едәуір зақымданған болатын. Ел президенті Эммануэль Макрон ғимарат 5 жылдың ішінде толық қалпына келеді деп уәде еткен еді. Пандемия кесірінен жөндеу жұмыстары бәсеңдегенімен жергілікті билік әзірге шіркеудің алаңын ашуды жөн көрген.

***

Елордадағы Қонаев көшесі 11 маусымға дейін жартылай жабылды. Жүргізушілер кептелісте қалмау үшін маршрутын алдын ала жоспарлауы керек, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Көше-жол желісін орташа жөндеу аясында Қонаев көшесі бойындағы Мәңгілік ел даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскеде жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.