Президент сұхбатының мән-маңызы тереңде – Оразкүл Асанғазықызы

"Шалқар шаңырағында" бағдарламасында белгілі Қоғам және мемлекет қайраткері, «Оқу ісінің үздігі», «Құрмет», "Парасат" орденінің иегері Оразгүл Асанғазықызы қонақта болды.
Студия қонағы күні кеше "Ана тілі" газетінде жарық көрген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатына қатысты пікір білдірді.
"Әлемді жаулаған пандемия ешбір елді, халықты, жалпы адамзатты аяп жатқан жоқ. Осы орайда Президентіміз айтқандай, тәртіпке бағынып, сақтық шараларын күшейтуіміз қажет. Жиын-тойды тоқтата тұрып, ғылым мен білімге терең мән беруіміз керек",- деді Оразкүл Асанғазы.
Сондай-ақ, сұхбатты бір деммен оқып шыққанын айтқан қоғам қайраткері Президенттің мемлекеттік тілге қатысты айтқан пікірлеріне ризашылығын білдірді.
"Президентіміз айтқандай, мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе лауазымды тұлғалар қазақ тілін барынша меңгеруі қажет. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру – басты міндет. Сонда ғана ол ұлтаралық тілге айналады. Өзге ұлт өкілдеріне де, өзіміздің орыс тілді қазақтарымызға да мемлекеттік тілді үйретуді мектеп қабырғасынан саты-сатысымен бастаған дұрыс",- деді студия қонағы.
Танымдық қызықты сұхбатты бағдарламаның аудионұсқасынан тыңдай аласыздар.
Бағдарламаны эфирге дайындап, жүргізген журналист Ләззат Тиышбекқызы.