Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Аймақ ақпарат 28.06.20

Аймақ ақпарат 28.06.20


Ел бойынша қауіпті індет дендеп барады. Науқастар саны күннен- күнге артып келеді. Вирус жұқтырғандар саны 20 мыңнан асты. Ауруға шалдыққандар саны Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Атырау облыстарында көп тіркелген.

*****

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қалада қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Оның сөзінше жұқпалы ауруханаларда -350, жаңа салынған госпитальда 200 және Атамекен провизорлы стационарында 100 орын бар. Ескі жұқпалы ауруханада 321 науқас жатыр, госпитальда 172 және Атамекен провизорлы стационарында 42 науқас емделуде. Ал жалпы 115 орын бос. Одан бөлек, қалада 1690 провизорлы орын бар. Оның 1315-інде науқастар ем алуда, қалғаны бос. Яғни, провизорлы орындардың 77%-ы пайызы толып тұр. Сол себепті тағы 500 провизорлы орын ашамыз. Ал жексенбі күні -200, дүйсенбі күні 500 провизорлы орын ашылмақ. Сондай-ақ, 51 мекемеде 628 төсек-орындық күндізгі стационар ашылды. Оның 248-і бос.

*****

Елордада инфекция жұқтырғандардың саны көбейе беретін болса, онда ірі спорт нысандары стационар ретінде әзірленеді. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Facebook парақшасында жазды. Оның атап өтуінше, Бірінші қалалық аурухананы толықтай стационарға айналдырылған. Нәтижесінде қосымша 600 орын ашылды. Соңғы 10 күннің ішінде ғана науқастарға арналған орын үш есеге көбейді. «Әрбір бекітілген емхана бойынша компьютер томографиясын түсіру жөнінде бірнеше республикалық клиникамен келісім жасадық. Сонымен қатар қосымша КТ және ИВЛ аппараттарын сатып алып жатырмыз», - деді қала басшысы.

*****

Ақтауда «Теннис орталығында» провизорлық стационар жасақталды. Маңғыстаудағы барлық қала мен аудандардағы пульмонологиялық провизорлардағы орындардың санын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Науқастардың көптігіне байланысты Бейнеу ауданы мен Жаңаөзен және Ақтау қалаларына басымдық берілуде. Коронавирустық пандемияның қазіргі өршу сатысында пневмонияның көбейіп бара жатқандығы байқалып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, наурыз айында дене қызуы көтеріліп ауырған науқастар 14 күннің ішінде жазылып кеткен болса, қазіргі кезде вирус бірден адамдардың өкпесіне түсіп, пневмониямен аурғандардың саны көбейіп кетті. Осыған қарай аймақ басшыларына бұрын дайындаған әртүрлі стационарларды өкпе қабынуын емдеуге арнап қайта жабдықтады. Мысалы, Бейнеу ауданының орталығында 55 орындық провизорлық стационар дайындалды. Жаңаөзенде 75 орындық провизорлық орталық әзірленді. Ал, Ақтауда науқастар саны көп. Себебі қалаға іргелес жатқан Мұнайлы ауданының, Түпқараған мен Қарақия аудандарының тұрғындары да облыс орталығына келіп, қаралады. Осыған байланысты Ақтауда 4 бірдей пульмонологиялық провизор орталығы іске қосылды. Солардың бірі «Приморский» шағын ауданындағы жағажайда орналасқан «Теннис орталығы». Онда 150 орындық провизорлық стационар жасақталды.

*****

Қызылорда қаласында карантин режимі күшейтілді. Бұл жөнінде облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді. Қазір Қызылордада коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделі. Қабылданған қаулыға сәкес халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың қызметі дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 22:00-ден кейін шектеліп, жексенбіде мүлдем тоқтайды. Мұндай орындардың қатарында демалыс парктері, аллеялар, субұрқақтар, жағалаулар мен жағажайлар, аквапарктер және және өзге де серуендеу орындары бар. Сондай-ақ, 6 шілдеге дейін бильярд, ойын-сауық орталықтары, балалардың ойын алаңдары, спорт кешендері қызметін тоқтатады.

*****

Ақтөбеде карантин ережесі күшейтіліп, демалыс күндері мейрамханалар жұмысы тоқтатылды. Алдағы уақытта олар емдеу мекемесіне айналуы мүмкін. Соңғы тәулікте өңірде 30-ға жуық адам ауырып, инфекциялық госпитальға жатқызылды. Өсім 3 пайыздан асты. Індет жұқтырғандардың көбі жедел респираторлық вирустық инфекция симптомдарымен дәрігер көмегіне жүгінген.

*****

Қарағанды облысында карантин шектеулері күшейтіледі. Бұл туралы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлім етті. Оның сөзінше Халыққа қызмет көрсету орталықтары қысқартылған жұмыс кестесіне көшеді. Олар 09.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс істейтін болды. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн режимінде ұсынылатын болады. Қала ішіндегі қоғамдық көліктің жүру уақыты да шектеледі. Сонымен қатар 65 жастан асқан адамдарға аса қажет болмаса көшеге шығу шектелген.

*****

Қазір Павлодар өңірінде күніне 200 адам ауруханаға түседі. өңірдегі уақытша орындарда 1231 науқас жатыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмаилов мәлім етті. «Бүгінде облысымыздағы инфекциялық стационарларда COVID-19 анықталған 209 адам жатыр. Оның 5-і – бала. 21 адамның жағдайы ауыр. 5 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өте ауыр жағдайда 2 адам бар. 130 адамның жағдайы орташа болса, 58 адам қанағаттанарлық жағдайда»- деді ол.

*****

Қостанай облысында үй карантиніндегі науқастарды бақылайтын мобильді топ құрылды. Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың йтуынша, бүгінде өңірде COVID-19 жұқтырған 500-ге жуық адам тіркелді. Оның 337-сі вирус тасымалдаушылар. «Қазіргі уақытта инфекцияға қарсы тұру үшін 1 488 төсек дайындалды. Инфекциялық стационарларда ауру белгілері байқалған пациенттерге медициналық көмек көрсетіледі. Науқастармен байланыста болған адамдардың тізімі жасалып, санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар қолға алынады. 15-25 маусым аралығында жедел жәрдем шақыруларының саны 11%-ға өскені байқалады», - дейді маман.

*****

Шығыс Қазақстан облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты өзгерді. Құжат қабылдау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып жүргізіледі. Кезек уақытын 1414 байланыс орталығы немесе egov.kz сайтындағы арнайы сервис арқылы алдын ала брондау керек. Айта кету керек, мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамы электронды форматта қолжетімді.

*****

Түркістан облысында дәрі-дәрмек бағасын шектік сомадан қымбат сатқан дәріханаларға шара қолданылатыны ескертілді. «Антибиотик дәрілік заттары бөлшек саудада рецептсіз босатылған жағдайда, әкімшілік шара қолданылады. Қызмет көрсетуші тұлғаға 70 АЕК, лауазымды тұлғаға 100 АЕК ретінде, кіші кәсіпке 130 АЕК, орта кәсіпке 200 АЕК, ірі кәсіпке 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

*****

Биыл өңірлерге 807 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов айтты. «Республика бойынша жедел көмек шақыртуларына 1400-ге жуық жедел медициналық көмек бригадасы қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда 1967 санитарлық автокөлік бар. Биыл 807 көлік сатып алу жоспарланып отыр», - деді Бауыржан Жүсіпов.

*****

Ел тұрғындары дүкенге немесе дәріханаға барғанда бетперде тағып, үйіне келе салып қолдарын кір сабынмен жуулары керек. Адамдар иммунитетін көтеру үшін құнарлы тамақ пен жемістер жеу керек. Қауіпті індеттен сақтану және алдын алу жолдарымен Астана Медициналык университетінің Профилактикалык медицина және нутрициология кафедрасынын доценты, эпидемиолог Роза Сулейменова бөлісті.