Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 30.06.2020

Қорытынды жаңалықтар 30.06.2020

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда алтыншы сайланған Парламенттің бесінші сессиясы ресми түрде жабылды. Соған орай, депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланғаны туралы арнайы қаулы қабылдады. Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясы заң шығару жұмысының көлемі бойынша да, сондай-ақ міндеттерді шешу тұрғысында да өте ауқымды болды. Атап айтқанда, өткен сессия барысында палаталардың бірлескен 3 отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды. Парламент қабылдаған заңдардың 86-сына Мемлекет басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.

***

Бүгін Үкіметте көлеңкелі экономиканың алдын алу шаралары қарастырылды. Отырыс барысында Премьер министр валюталық экспорт-импорттың заңсыз операцияларын жою қажеттігін айтты. Бұл жұмысқа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да атсалысуы керек. Бизнес көлеңкеден шығуы үшін,экономикалық ынталандыру жұмысы тоқтамауы тиіс, -деген Асқар Мамин 2025 жылға қарай көлеңкелі экономика үлесін ЖІӨ-нің 20 пайызынан төмен деңгейге жеткізу қажеттігін айтты.

***

Сонымен қатар, бүгін өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Цифрлық білім» жобасын ұсынды. Жоба негізгі үш бағытты қамтиды. Алғашқы бағыт барлық азаматтарға арналған. Мұндай бағдарламалардың мазмұнына күнделікті өмір сүру үшін қажет IT құралдарды пайдалану, цифрлық ортада бағдарлау, қарапайым технология өнімдерін жасау мәселесі еніп отыр. Екінші - мамандандырылған кадрларды даярлау. Нарықтың сұранысына сәйкес, ІТ саласын терең игерген 320 мың маман дайындау көзделіп отыр. Үшінші - басқа сала жұмыскерлерін IT бағытына бейімдеп даярлау. Бұл ретте барлық саланың білім алушылары IT құзыретін өз мамандығымен қоса пайдаланатын деңгейде меңгереді. Сонымен қатар, келесі жылы «Цифрлық сауат» пәні 1-сыныптан бастап оқытылады. Балалар алгоритмді, ақпараттық қауіпсіздікті және түрлі программалау тілдерін үйренеді. Ол үшін облыс орталықтарында жаңадан 25 арнаулы IT-лицей ашылды. 447 STEM зертханасы мен 2 мыңға жуық робот техникасы кабинеті ұйымдастырылып отыр.

***

Үкіметте қазіргі жағдайдан шығудың нақты жоспары бар.

Бүгін өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді. Оның айтуынша, аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал мен бизнесті есепке ала отырып, карантинді күшейтудің бірнеше нұсқасы әзірленді. Оның бәрі қазір қарастырылуда. Жақын арада мемлекеттік комиссия түпкілікті шешім қабылдайды. Сонымен қатар, Алексей Цой елімізде коронавирус инфекциясынан көз жұмған азаматтарды жерлеу алгоритмі өзгертілгенін айтты. Енді қайтыс болған адамды санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды сақтай отырып, кез келген зиратқа жерлеуге болады. Министр елдегі зертханалар санын көбейту жұмысы қолға алынғанын да тілге тиек етті.

***

Қазақстанда КВИ-ді емдеу хаттамасына өзгеріс енгізілді. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың айтуынша, толықтыруларға сәйкес, COVID-19 кезінде бактерияға қарсы терапияны бактериялық инфекция қосылған жағдайда ғана қолдануға баса назар аударылды. Хаттаманы әзірлеушілер аурудың ауырлық деңгейі орташа науқастарға вирусқа қарсы препараттарды стационарға жатқызғанға дейін амбулаторлық жағдайда қолдану ұсынысын құптаған. Бұл үшін хаттамаға амбулаторлық кезеңде емдеу сызбасы қосылып отыр. Сондай-ақ пациенттің дене қызуы 3 тәуліктен астам уақыт болмаса, респираторлық симптомдар азайса, ренгендік компюьтерлік томография барысында өкпеде оң динамика байқалса науқас амбулаторлық емдеуге ауыстырылады. Аурудың орташа және ауыр түрін бастан кешірген пациенттер үшін стационардан жазылып шыққаннан кейін үй жағдайында медициналық бақылау жалғасатын болады.  

***

Қалалардың жабылуы туралы желіде таралған ақпарат – жалған. Бүгін әлеуметтік желілерде бірқатар қалаларда базарлар мен сауда орталықтары жабылып, қаларға кіріп-шығуға тыйым салынатыны туралы ақпарат тарады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шектеу шаралары туралы түпкілікті шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министрдің төрағалығымен өтетін комиссия қабылдайды. Сондықтан әлеуметтік желіде таралған мәлімет шындыққа жанаспайды, - деген министрліктің баспасөз қызметі жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.  

***

Елімізде «Abai tv» телеарнасы ашылды. Мәдени-ағарту бағытында жұмыс істейтін жаңа телеарна Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылды. Салтанатты шараға келген ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өзінінің ізгі тілегін білдіріп, арнаның жұмысына сәттілік тіледі. Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Abai tv» арнасының ашылуы - халық үшін үлкен мереке.

***

Елімізде 3 пойыздың қозғалысы уақытша тоқтатылды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлауынша, бұл шектеу Елордадан Атырауға, Оралға, Алматыға және кері бағытта қатынайтын тальго вагондары тіркелген пойыздарға қатысты. Яғни, № 19/20 «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол - Атырау» рейсі. Пойыз «Нұрлы жол» вокзалынан 1 шілдеде шығып, Атыраудан 2 шілдеде кері бағытта жолға шығуы керек болған. Сонымен қатар, № 95/96 «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол - Орал» рейсі. «Нұрлы жол» вокзалынан 2 шілдеде шығып, келесі күні Орал қаласынан кері бағытқа шығуы керек еді. Және № 701/702 «Алматы-2 - Нұрлы жол» рейсі. Алматы-2 вокзалынан 1 шілдеде шығып, Елордадан кері бағытқа 2 шілдеде шығуы керек болған. Осы аталған пойыздарға билет алып қойған жолаушылар ақшасын толық көлемде қайтара алады. Болмаса қолындағы билетін басқа уақыттағы рейске ауыстыру мүмкіндігі бар.