Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 12:00

Жаңалықтар 12:00

Мемлекеттік органдардың барлық шешімі халыққа және ұлттық экономикаға арналуға тиіс. Орындаушылардың қателіктері, қағазбастылық пен бюрократизмге жол беруі - қарапайым адамдардың әл-ауқаты мен денсаулығына зиян келтіреді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Осылайша ол коронавирусқа қатысты ахуалды реттеп, жөнге келтіріп, жақсарту үшін Үкіметке екі апта уақыт берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы пандемия кезінде денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары өңірлерде бұлжытпай орындалуы керек екендігін жеткізді.

*****

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев МӘМС қорын қысқартып, қаражатты мемлекеттік бюджетке қайтаруды ұсынды. «Президент нақты түрде мемлекеттік аппараттың коронавирус пандемиясымен күресте қауқарсыздық танытып отырғанын айтты. Біз, яғни Қазақстан халқы осы олқылықтың зардабын көріп отырмыз. Бір айдан бері бізде қолжетімді ПТР тест те болмады. Ауру белгісі бар болсын, жоқ болсын – халық ПТР тест өткізе алатындай жүйе реттелмеген. Дәрі-дәрмекті сатып алуда да проблема бар», - дейді Рахым Ошақбаев. Сарапшының айтуына қарағанда Денсаулық сақтау министрлігі осылайша халықпен коммуникациялық байланыс жасау тұрғысынан қателік жіберген.

*****

Жұқпалы ауруханалар екі деңгейлі ағынға бөлінеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. «Енді біз денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымын қайта қараймыз. Карантиндік ауруханалар болмайды, өйткені олар жатып емделуге бағытталған. Алдағы аптада провизорлық және жұқпалы стационарлар жақын арада бірінші және екінші деңгейлі ағымдағы деп бөлінетін жұқпалы аурулар стационары болып ауысады. Бірінші деңгей - жұқпалы аурулар ауруханалары, онда жасанды тыныс алу аппаратының саны артады және инфекциялық ауруларды емдейтін негізгі мамандар сонда болады. Екінші деңгей - салыстырмалы түрде аурудың жеңіл түрін емдейтін клиника саналады», - дейді Алексей Цой. Оның айтуынша, тест оң нәтиже көрсеткен науқастар мен осыған ұқсас диагнозы бар науқастар әртүрлі қабатта жатады.

*****

Алматы облысының аумағында бүгіннен бастап екі күнге азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа мекемелердің бәрі жабылады. Тұрғындарға да сыртта себепсіз жүруге болмайды. Егер тәртіп сақталмаса айыппұл салынады. Онымен қоса, демалыс күндері қоғамдық көліктердің де жұмысы тоқтайды. «11 және 12 шілдеде қоғамдық көліктің, сондай-ақ барлық объектілердің қызметін тоқтата тұруды қамтамасыз ету керек», - делінген Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасарының қаулысында.

*****

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекетіндегі үш мыңнан астам Өзбекстан республикасының азаматы еліне өткізілді. Көрші елдің азаматтары бірнеше күннен бері шекара аса алмай, кеден бекетінің маңында аялдаған болатын. Қазір бұл бекеттің маңындағы автотұрақта тек 40-қа жуық Тәжікстан азаматы қалған. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен еліне өте алмай тұрған азаматтарға еріктілер және демеушілер тарапынан қажет көмек көрсетіліп жатыр.