Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 13:00

Жаңалықтар 13:00

Еліміздегі мектептерде бір компьютерге 21 бала шұқшияды. Ал ол білім процесіне кері әсер етеді. Негізінде 1 компьютерге 5 баладан болса, жақсы болатын еді. ОКҚ-де өткен онлайн брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақ радиосының журналисі қойған сауалға осылай жауап берді. Министрдің айтуынша, білім ордаларындағы компьютерлерді жаңартып отыру жергілікті әкімдіктермен бірге жасалатын жұмыс. Алайда оған әкімдер көңіл бөле бермейді. Сол себепті мектептеріміздегі 405 мыңдай компьютердің іс жүзінде тек 40 пайызы ғана жарамды, - деді министр.

***

Білім және ғылым министрінің айтуынша, ҰБТ тапсырғандар ЖОО-на құжатты 25-ші шілдеге дейін өткізе алады. Бұған дейін оның мерзімі 13-20 шілде аралығы деп айтылған еді. Яғни, құжат өткізу уақыты ұзартылды.

***

Түркиядан Қазақстанға гуманитарлық көмек жетті. Қазақстан үкіметінің арнайы жіберген ұшағы Түркия Республикасынан 11 тоннадан астам гуманитарлық көмек алып қайтты. «Айдың нұры» қоры, Анкара шаһары әкімдігі, Қожа Ахмет Яссауи университетінің Түркия түлектері бірлестігі мен осы елдегі қазақ диаспорасының жинаған көмегі де осы ұшаққа тиелді. Түркияның сыртқы істер министрінің орынбасары Явуз Селим Кыран бұл көмек осы уақытқа дейін шетелге жіберілген ең ауқымды көмек екенін атап өтті. Түркияда тұратын қандастарымыз 1 тоннаға жуық медициналық көмек жинаған. Оны «Отандастар» қоры қажетті азаматтарға таратады. Сондай- ақ Қожа Ахмет Яссауи Университеті Түркия түлектері де білім алған елін ұмытпай, Қазақстан елшілігіне 28 оттегі концентратын табыстады. Жоғары білімді Түркістаннан алған түркиялық жастар бұл көмектен бөлек, Яссауи Университетін тәмамдаған дәрігерлерді жіберсек деген ойы барын айтты.

***

Оңтүстік Африка Республикасында коронавирус жұқтырғандар саны 250 мыңнан асып жығылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Яғни өткен апталармен салыстырғанда көрсеткіш 2 есе артқан. Осыған байланысты ел үкіметі коменданттық сағат енгізді. Яғни бұдан былай жергілікті жұрт көшеге шықпайды. Тек дәрі-дәрмек пен азық-түлік алуға бара алады. Медициналық маска тағу міндетті. Бұған қоса, елде алкогольді ішімдіктер сатуға тыйым салынды.

***

Соңғы тәулікте Бразилияда тағы 20 мыңнан астам адамнан инфекция анықталды. Ал пандемия басталғалы бері коронавирус жұқтырғандар қатары 2 миллионға жақындады. Қазір бұл мемлекет жұқпалы дертке шалдыққандар саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында. Әсіресе, Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро сияқты ірі қалаларда эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, қайтыс болғандар ортақ қабірге жерленіп жатыр.

***

«Реал» жеңістер сериясын жалғастырды. Мадридтік клуб сырт алаңда «Гранаданы» 1:2 есебімен ұтты. Осылайша «Реал» турнир тізіміндегі бірінші орынын сақтап қалды. Ал «Гранада» 10-орында. Испания чемпионатының келесі, яғни 37-туры 16 шілдеде өтеді. Ал Италия чемпионатында «Интер» турнир тізімінің 2-сатысына көтерілді. Миландық клуб өз алаңында «Торино» футболшыларын қабылдаған. Қорытынды есеп 3:1. Осылайша миландық клуб 68 ұпайы жинап үлгерді. Турнир тізімінің ең басында «Ювентус» тұр. Туриндік команда еншісінде 76 ұпай бар.

***

Германияда коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғаш рет спорттық шараға көрермен қатысты. Алайда жанкүйерлер саны шектеліп, күніне тек 800 билет қана сатылымға шығарылған. Сонымен қатар стадионда жаңа ережелер енгізіліп отыр. Атап айтқанда, кіреберісте міндетті түрде келушілердің дене қызуы өлшенеді. Ал маска тақпағандарға ғимаратқа кіруге рұқсат жоқ. 1,5 метрлік әлеуметтік арақашықтық та сақталуы тиіс. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, мұндай талаптар індеттің беті қайтқанша сақталады.