Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 30.07.2020

Қорытынды жаңалықтар 30.07.2020

Қазақстанда карантин шаралары екі аптаға ұзартылды. Мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданған бұл шешім туралы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. «Елімізде жағдай жақсарғанымен босаңсуға ешбір негіз жоқ, дейді Премьер-Министрінің орынбасары.   

Сонымен қатар, Ералы Тоғжановтың айтуынша, карантиннің күшейтілгеніне қарамастан ережені елемейтіндер азаяр емес. Соңғы мәлімет бойынша, санитарлық норманы сақтамаған 4500 - ден астам түрлі бұзушылық анықталған.

***

Денсаулық сақтау министрлігі 5 тамызға дейін жұмысы жанданатын нысандарға қойылатын санитарлық талаптарды әзірлеп, жариялайды. Карантин шаралары аяқталғаннан кейін бірінші кезекте жұмысы жанданатын кәсіпкерлік субъектілерінің алдын ала тізімі жасалған. Бұл – ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық санаттағы азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлар, балалардың коррекциялық кабинеттері, білім беру және дамыту орталықтары, топтық үйірмелер, балалардың мектепке дейінгі мекемелеріне кезекші топ режимінде жұмыс істеуіне рұқсат берілуі мүмкін. Алдағы екі аптада кәсіпкерліктің осы субъектілері күшейтілген дайындық жұмыстарын жүргізуі керек. Әрбір нысан бойынша санитарлық режимнің нақты шаралары қабылданатын болады. Сонымен қатар, тамызда қазақстандықтарға 42 500 теңгенің жартысы, яғни 21 250 теңге берілетін болды. Бұл мәселеге қатысты Президенттің тікелей тапсырмасы бар: екі аптаға созылған карантинге байланысты төлем міндетті түрде жүргізіледі. Алайда бұрынғы соманың жартысы беріледі. Бұл соманы біздің азаматтар міндетті түрде алады», - деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов.

***

Коронавирустық инфекцияға қарсы қазақстандық вакцина сынақтан сәтті өткізілуде. Тиісті жұмысты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жүргізіп келеді. Алдымен мамандар Алматы қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқан алғашқы науқастардан қан талдауын алып, үлгілерді зерттеді. Өте қысқа уақыт ішінде жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде институт ғалымдары алғашқы вакцинаны жасап шығарды. Кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны клиникаға дейінгі сынақтарға арналған вакцина ретінде тіркеді. Содан бері зертханалық жануарларға отандық вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтары жүргізілді. Бүгінде сынақ нәтижелері ДСҰ регламенттеген барлық параметрлеріне, атап айтқанда - уыттылық, аллергенділік, иммуногендік өлшемдері бойынша ДСҰ мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының талаптарына сәйкес келетіні анықталды. Сонымен қатар, антиденелер титрі де жоғары иммуногенділікті көрсеткен. Зерттеулер аяқталғаннан кейін көп ұзамай отандық вакцинаның сынақтары басталады.

***

Қазақстанда көшеде міндетті түрде маска тағып жүру талабы бекітілді. Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова жаңа қаулыға қол қойды. Ережеге сәйкес қазақстандықтар жабық нысандармен бірге көшеде және көлікте маска тағып жүруге міндеттеледі. Бұл талап сақталмаған жағдайда кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

***

Елордадағы ХҚКО-на кезекті онлайн брондау тәртібі өзгереді. Бұған дейін азаматтар тарапынан кезекті онлайн брондау салдарынан туындаған қиыншылықтарға және кезек талондарын сатудан ақша тапқан делдалдардың іс-әрекеттеріне байланысты шағымдар түскен еді. Бұл қиындықтар карантин жағдайында мемлекеттік қызмет көрсетуге тек қана egov.kz сайты және Telegram-бот арқылы алдын ала жазылу жолымен қол жеткізу нәтижесінде туындаған. Осы жағдайды пайда көздеушілер қолданып, бірнеше кезекті бірден брондау арқылы мемлекеттік қызметке зәру азаматтарға сатып отырған. Осыған байланысты арнайы шара қабылданып, келесі аптадан бастап кезекті брондау кезінде өтінім беруші өзінің ЖСН көрсетуі тиіс.   

***

СҚО-да карантин талаптарын бұзғандар анықталды. Өңірде 10 күннің ішінде ережені елемеген 186 дерек тіркелді. Оның басым бөлігі облыс орталығында орын алды. Бұл тізімде Аққайың, Тимирязев, Қызылжар және Есіл аудандары да бар. Мұнда жұмысын тоқтатуға міндетті нысандар – демалыс орындары, жекеменшік моншалар жұмыс істеп тұрған. Сатушылар арасында маска тағып, қолғап кимейтіндер анықталды. Алдағы демалыс күндері облыста қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Жүріп-тұру шектеліп, азық-түлік дүкендерінен басқа барлық сауда орындары жабық болады. Құрбан айтты мерекелеу күндері үйде көп адамның жиналуына да тыйым салынған.