Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 31.07.2020

Қорытынды жаңалықтар 31.07.2020
  • Қазақстандықтар екі айда алты мың көлікті утилизацияға тапсырды.
  • Германиядағы отандастарымыз жіберген гуманитарлық көмек жақында елге жеткізіледі.
  • Елордада дәріні интернет арқылы сатқандар ұсталды.
  • «Сони» компаниясы шығарған электрокар Австрияда сынақтан сәтті өтті.
  • Шымкенттік шенді мемлекеттік қызметке тағайындау үшін 15 мың доллар сұраған.

 

Тамыз айында карантин екі аптаға созылатындықтан, азаматтарға 42 500 теңгенің орнына - 21 250 теңгеден берілетін болды. Осы соманы алу үшін азаматтар өтінімді қайта беруі керек пе? Бұл сұраққа Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді,. «Бүгінгі күнге дейін 2,1 млн адам, соның ішінде проактивті форматта да 42 500 теңгені алған болатын (шілде үшін). Қазіргі уақытта бұл шаруамен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысып жатыр. Бұрын бір реттік әлеуметтік төлемді алған азаматтардың мәліметтері базада бар. Сондықтан оларға проактивті форматта төлем тағайындалады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

***

Қазақстанның дипломатиялық миссияларына жеткізілген барлық гуманитарлық жүк Франкфуртта орналасқан еліміздің Бас консулдығында жинақталады. Сыртқы істер министрлігі Германиядағы қазақ диаспорасы мен ондағы отандастар тарапынан ұсынылған гуманитарлық көмектің чартерлік рейстермен жеткізілетінін хабарлады. «Қазіргі таңда Германия мен Қазақстан арасында тікелей тұрақты әуе қатынасы болмағандықтан, барлық гуманитарлық көмек «репатриациялық» чартерлік рейстермен Майндағы Франкфурт қаласынан жеткізіледі»,– дейді ведомстводан. Тамыз айының ортасында гуманитарлық көмектің келесі партиясын жолдау жоспарлануда.

***

Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан жазылған пациенттерді оңалту бойынша бағдарлама іске қосылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. «Қазір бізде бірқатар бағдарлама әзірленіп жатыр. Тамыз айының басында тарифтерді бекітіп, аталған қызметті іске қоспақпыз. Ол бірнеше кезеңнен тұрады», - деді министр. Оның айтуынша, бағдарламаның алғашқы кезеңі емхана деңгейінде басталады. «Екінші кезең стационар деңгейінде жүргізіледі. Ол жерде пациенттер оңалту бойынша көмек ала алады», - деді министр. Бағдарлама міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландырылады.

***

Елордада дәрі-дәрмекті интернет арқылы қымбат бағаға сатқандар ұсталды. Сарыарқа ауданының полицейлері осындай іспен айналысқан 2 қала тұрғынын ұстап, препараттар тәркіленді. Бұл дәрілердің жалпы құны 310 мың теңгеге жуық. 1 тәулік ішінде 8 дәріхана дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз өсірген. Жалпы рейд шаралары басталғалы полицейлер 100-ден астам құқықбұзушылықты тіркеп, 117 тұлғаны ұстаған. Оның 68-і дәріхана қызметкері. Тәркіленген препараттардың жалпы құны 20 млн теңгеге жуықтайды.

***

2020 жылдың басында Sony күтпеген жерден электрлі Vision-S көлігін паш етті. Машина серияға жіберілмейді. Sony компаниясы электромобиль жасау арқылы технологиялық мүмкіндіктерін көрсетейін деген. Жапониялықтар келешекте автоөндірушілерге дайын шешімдерді сатады. Vision-S таяуда Австрияда тексерістен сәтті өтті. Оншақты данасы жасалатын электрокар жыл соңына дейін Жапония жолына шығады. Айта кетейік, Vision-S деген шоукар емес. Электромобилдің 544 ат күшін беретін екі моторы бар. Жүзге дейін жылдамдығы 4.8 секунд. 

***

Қазақстандықтар екі айда алты мың көлікті утилизацияға тапсырды. Өтемақы сомасы өскен соң автоқоқысты тапсыратындар саны артты. Жүруге жарамсыз көлік құралдарының утилизациясына берілетін өтемақы мөлшері 1 маусымда өзгерген. Қазір жеңіл көлік категориясы айлық есептік көрсеткішпен есептеледі: 1-ші категорияға 200 мың теңге, 2-категориялыға 150 мың теңге беріледі. «Оператора РОП» өкілдерінің айтуынша, пандемияға қарамастан утилизацияға машина тапсырғысы келетін адамдар саны өсуде. Орта есеппен отандастарымыз қабылдау нүктелеріне күн сайын 180–190 автомобиль тапсырады. 

***

Шымкенттік шенді мемлекеттік қызметке тағайындау үшін 15 мың доллар сұраған. Бұл факті бойынша қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімі тергеуді бастады. Бөлім бастығы мемлекеттік органға жұмысқа орналастырғаны үшін пара алды деген күдікке ілінді, деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Шымкент қаласы ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2-ші сәйкестік аудиті бөлімінің бастығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеушінің сөзіне қарағанда, шенеунік 2020 жылдың 27 шілдесінде "А" есімді азаматтан мемлекеттік ревизор-аудитор қызметіне тағайындалғаны үшін 15 мың доллар көлемінде ақша алды деп күдікке ілінген.

***

Атырау облысында дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры ашылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, тұрақтандыру қоры дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды 4 миллион 800 мың теңгеге сатып алған. Бұл мақсатқа 500 миллион теңге бөлінген. Соңғы екі аптада 100 тонна дәрілік препарат әкелінген. Облыс әкімдігінің қолдауымен препараттарды аудандарға жедел жеткізу мәселесі шешілді. Алдағы екі күнде тағы 40 тонна дәрілік әкелінеді. Сондай-ақ, «СҚ-Фармация» қоймасынан дәрілік заттар апта сайын үздіксіз жеткізілмек.