Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 16:00

Жаңалықтар 16:00

Қазақстанда жасалған Covid-19 қарсы екінші вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтына сәтті тіркелді. Бұл қадам жануарларға тәжірибе жасап көруге рұқсат берілгендігін білдіреді. Нәтиже жақсы болған жағдайда азаматтарға клиникалық тәжірибе жасалады, деп хабарлайды Қазақпарат. Қазір осы жұмыспен айналысып жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бас директоры Күнсұлу Закарьяның айтуынша, бұл әлдеқайда күрделі, генетикалық түрлендірілген, мүлдем қауіпсіз, вирустың беткі ақуыздары негізінде жасалған суббірлікті вакцина. Шетелде вакцина жасаумен 2500-ге жуық ғалым айналысады, ал бізде бар-жоғы 56 ғалым осы жұмысқа белсене араласуда. Олар қысқа мерзім ішінде коронавирусқа қарсы екінші вакцинаны шығарды. Бұл - Қазақстан үшін үлкен жетістік. Айта өтейік, бұған дейін отандық алғашқы вакцина да клиникалық зерттеуге дейінгі тәжірибеден сәтті өтті.   

***

Елімізде белгіленген карантиндік шектеулерді, оның ішінде бетперде режимін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл бойынша жалпы 3467 адам жауапқа тартылды. Мысалы, бетпердесіз сатып алушыларға қызмет көрсеткені үшін Алматы қаласындағы дәріханалардың біріндегі фармацевтке әкімшілік айыппұл салынды. Сол сияқты, қоғамдық көлікте бетпердесіз жүргені үшін азаматша жауапқа тартылды. Кінә мойындалған жағдайда заңнама кінәлі адамға 7 тәулік ішінде айыппұлдың жартысын төлеуге құқық береді. Өзге жағдайда істің нақты мән-жайларына сүйене отырып, уәкілетті орган айыппұл мөлшерін 1/3 бөлігін дербес қысқартуға құқылы»,-деп хабарлайды прокуратура органдары.

***

Елордада 3 тамыздан бастап қоғамдық көлік қайта жүреді. Жұмыс берушілер мен қала тұрғындарының өтініші бойынша осындай шешім қабылданды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасына жазды. Бұл оайда тек қана қала ішінде жүретін бағыттар іске қосылады. Автобустар сағат 6: 00-ден 21: 00-ге дейін жүреді. Қоғамдық көліктерге маскасыз кіруге тыйым салынады. Жол жүру ақысы банктік аударым арқылы жасалады. 

***

Түркістанға Біріккен Араб Әмірліктерінен көмек келді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақ бойынша департаменті мамандарының бақылауымен әрбір зат қатаң тексерістен өтті. 25 жасанды тыныс аппараты мен 35 мыңға жуық қорғаныс маскалары және 700-ге тарта емдік шөп-шай бірден аудандық ауруханаларына үлестірілуде. Бұл препараттарға "сатуға тыйым салынады" деген мөр басылған. Осы шара арқылы заңсыздыққа жол бермеу көзделіп отыр.

***

Павлодар облысында Құрбан айт кезеңінде 11 бекет қойылды. Павлодар қаласында - 5, Екібастұзда - 3, Ақсуда - 3 мобильді пост орнатылған. Бұдан басқа, құрбандық шалу ережелерін сақтамау фактілерінің жолын кесу мақсатында құрамында полиция және ветеринария қызметкерлері енген жұмыс топтары құрылды. Олар рұқсатсыз жұмыс iстеген цехтарды, сондай-ақ құрбандық шалу рәсімін өткізу орындарын тексеруді жүзеге асырады. Құрбандық шалу ережелерін сақтамау анықталған жағдайда, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ол бойынша 20 АЕК (55 560 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

***

Boxrec.com сайты қазақстандық үздік кәсіпқой боксшылардың тізімін жариялады. Биыл да Геннадий Головкин көшбасшы болды. Ол қазір IBF және IBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы. Екінші орында — WBO International чемпионы Қанат Ислам (27-0, 21 КО). Ол да орта салмақта өнер көрсетеді.Үздік қазақстандық боксшылардың үштігін Батыр Жүкембаев түйіндеді. Оның қанжығасында бірінші жартылай орта салмақтағы WBA Continental және IBF Inter-Continental белбеулері бар. Бұл үштіктен кейін тіімде Әли Ахмедов, Данияр Елеусінов, Айдос Ербосынұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Жәнібек Әлімханұлы, Садриддин Ахмедов және Руслан Мәдиев тұр.