Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Аймақ ақпарат 2.08.2020

Аймақ ақпарат 2.08.2020

Қазақстанда жасалған Covid-19 қарсы екінші вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтына сәтті тіркелді. Бұл қадам жануарларға тәжірибе жасап көруге рұқсат берілгендігін білдіреді. Нәтиже жақсы болған жағдайда азаматтарға клиникалық тәжірибе жасалады, деп хабарлайды қазақпарат. Қазір осы жұмыспен айналысып жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның айтуынша, бұл әлдеқайда күрделі, генетикалық түрлендірілген, мүлдем қауіпсіз, вирустың беткі ақуыздары негізінде жасалған суббірлікті вакцина. Шетелде вакцина жасаумен 2500-ге жуық ғалым айналысады, ал бізде бар-жоғы 56 ғалым осы жұмысқа белсене араласуда. Олар қысқа мерзім ішінде коронавирусқа қарсы екінші вакцинаны шығарды. Бұл - Қазақстан үшін үлкен жетістік. Бұған дейін отандық алғашқы вакцина да клиникалық зерттеуге дейінгі тәжірибеден сәтті өтті. Енді дәрі-дәрмектерге сараптама жасайтын ұлттық орталық бұл нәтижені тексереді. Бәрі дұрыс болған жағдайда құжаттар Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіліп, адамдарға тәжірибе жасауға рұқсат беріледі. Егер нәтиже жақсы болса қыркүйек айында клиникалық тәжірибе басталады. Лайым, сол күнге жетейік!

***

Қостанай облысында тамыздың 17-сіне дейін қатаң шектеу шаралары еңгізіледі. Құрылыс материалдарын, санитарлық-техникалық, гигиеналық, ауыл шаруашылығы мен саяжайға арналған тауарларды, көліктердің қосалқы бөлшектерін, салттық керек-жарақтарды өткізумен айналысатын дүкендер сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып жұмыс істейді. Ал азық-түлік емес дүкендердің қызметіне тыйым салынады. Саябақтарға, алаңдар, жағалаулар, жағажайларға, халықтың өзге де демалыс орындарына шектеу қойылады. ХҚКО ы алдын ала брондау бойынша, дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ғимарат ішінде, қоғамдық көлікте, таксиде және көшеде барлық азаматтарға қорғаныш маскаларын кию міндеттеледі. Қатаң шектеу шаралары 3 тамыз күні күшіне енеді.

***

Атырау облысының ауруханалары тамыз айында жоспарлы емдеу шараларын бастайды. Өңірдегі қатерлі ісік, қант диабеті, қан қысымы, жүрек ауруына қатысты жоспарлы ем қабылдауы тиіс науқастар ауруханаларда жатып ем ала бастайды. Бұған дейін олар емханаларға онлайн түрде жазылып, дәрігер бақылауында тұрған еді. Сонымен қатар, осы аптада Атырауда карантинге қарамастан Шымкентке жолаушы апармақ болған 2 автобус жүргізушісі ұсталды. Екі тас жолда тоқтатылған автобустардың бірінше 36, екіншісінде 30 адам болған. Бұл көліктердің жүргізушілері шектеуге қарамастан, жолаушы тасымалымен айналысқан. Карантинді сақтамаған автобус жүргізушілеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, көліктер айыппұл тұрағына қойылды.  

***

Қызылорда облысының үш ауданында карантинге қарамастан той ұйымдастырылған. Рейд нәтижесінде ережені елемеген 10 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Оның үшеуі үйлену тойы мен отбасылық жиындарды ұйымдастыруға қатысты болып отыр. Ал, жетеуі санитарлық-гигиеналық талаптарды орындамауына байланысты осындай жазаға тартылды. Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарының тұрғындары өңірдегі қатаң карантин талаптарына қарамастан той жасаған. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану мен дүкен қызметкерлері қорғаныш құралдарын кимей халыққа қызмет көрсеткен. Аталған олқылықтар бойынша 15 айлық-есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынды.  

***

Батыс Қазақстан облысында 774 медицина қызметкері коронавируспен ауырса, соның 477-сі жазылып шықты. Аймақтың бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың сөзіне қарағанда, карантин режимін бұзғандарға қатысты 171 әкімшілік хаттама толтырылып, 11 млн теңге айыппұл салынған. Бұлардың көпшілігі – түнде мезгілсіз жүргендер. Сол секілді шаштараз, сауна, мейрамхана сияқты орындарда 17 заңбұзушылық анықталып, иелеріне 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Өкінішке қарай, өңірде түрлі көпшілік жиындар тыйылмай тұр. Соның ішінде 5 шілдеден бері 12 үйлену тойының өткізілгені белгілі болды.

***

Түркістан облысында жемқорлық фактілері жиі кездесетін салаларға мониторинг жүргізілді. Жыл басынан бері «Сапалы жол - адалдық алаңы» аясында мемлекет бюджеті есебінен Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ, Бәйдібек және Сарыағаш аудандарында салынған облыстық және жергілікті жолдардың сапасына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, Департаментпен анықталған 17 кемшілік бойынша мердігер мекеме басшыларына қайта қалпына келтіру ұсынылды. Нәтижесінде сапасы сын көтермейтін жолдар қайта салынған. Сонымен қатар, биылғы жылдың шілде айында облысқа қарасты 934 дәріханаға жүргізілген бір айлық зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 28 дәріхананың препараттар бағасын шекті бағадан асырып сатқандығы және 2 дәріхананың мемлекеттік лицензиясыз жұмыс жасап келгені анықталған.

***

Алматы облысының тәртіп сақшылары алты ай ішінде сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен 48 219 құқық бұзушылықты анықтаған. Ал биыл өңір тұрғындарынан 92 миллионға жуық әкімшілік айыппұл өндірілген. Тіркелген тәртіп бұзу дерегі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, құқық бұзушылардың мекенжайына жолданды.Жаңа жүйе негізінде айыппұл төлеушіге ақпаратты полицейлер емес, пошта қызметкерлері жеткізеді. Құқық бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салынғаны туралы ақпаратты алған күннен кейін 7 күн ішінде айыппұл сомасының жартысын төлей алады. Немесе, 1 ай мерзімде толық өтеуі тиіс. Әкімшілік айыппұл бір ай мерзімде ерікті түрде төленбесе, тәртіп сақшылары оны жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлі түрде өндіруге құқылы.

***

Еліміздің барлық көлдері карантин аяқталғанша күзетілетіні белгілі. Бұл орайды Ақмола облысына қарасты Көбейтұз көліне баратын екі көлік жолында үш мобильді бекет қойылған. Олар тыйым салынған көл аумағына кіру және шығатын тұсты бақылайды. Көл жағалауы маңын қосымша полиция экипаждары шолып жүреді. Карантин шектеулерінің сақталуына 15 полиция қызметкері, сонымен қатар аудан әкімдігі мен санитария саласының қызметкерлері жұмылдырылған. Сондай-ақ ауданның жергілікті атқарушы органдары көл жағасына көлік өте жақын келмеуі үшін жасанды кедергі орнатуды қолға алды. Алғашқы демалыс күндері ғана осы маңда полиция 34 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Адамдар 18 рет қоғамдық тәртіпті бұзып, 16 жағдайда жол қауіпсіздігіне қатер төндірген. Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көбейтұз бен Қоржынкөл көлдерін 49 жылға жалға беруге байқау жариялаған еді. Кейіннен Көбейтұз жалға берілмейтін болды.

***

Жамбыл облысында соңғы аптада өрт жиіледі. Өңірде орман өрттерін анықтау үшін 32 өрт-бақылау мұнарасы орнатылды. Аймақ әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жуырда Мойынқұм ауданында болған табиғи өрттің бірнеше тәулік бойы сөндірілмеуіне өзара әрекеттесетін құрылымдардың жұмысының әлсіз болуынан жол берілген. Мойынқұм аумағындағы құмды жердегі қураған шөп пен сексеуіл өртін сөндіру төрт күн бойы жалғасқан. Тілсіз жау Ақкөл, Жамбыл, Меркі, Ұланбел және Қосқұдық орман шаруашылықтарының аумағына дейін таралғанымен, елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Мамандар бұл орайда жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жедел топтарды рациямен қамтамасыз етуді ұсынды. Орман қорының жай-күйі туралы барлық жедел ақпарат көрсетілетін мобильді қосымша әзірлеп, арнайы киім сатып алу қажеттігі де айтылды. Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында 45 мың га жуық алқапта өрт тіркелген.

***

Қарағанды облысының тұрғындары көмір сатып алуға асығар емес. Аймақта жылыту маусымына дайындық аясында көмірмен қамтамасыз етілу жұмысына мониторинг жүргізілуде. Қоймаларда жеткілікті отын қоры бар, бірақ тұтыну белсенділігі әзірге жоғары емес. Билік өкілдері тұрғындарды қатты отынды дер кезінде сатып алуға шақырады, себебі халық әзірше 33 мың тоннадан сәл артық, яғни жалпы қажеттіліктің шамамен 3%-ын ғана сатып алған.   

***

Солтүстік Қазақстанда күздік дақыл орағы аяқталуға жақын. Бір аудан қара бидай орағын аяқтаса, алты ауданда бұл науқан соңына жақындаған. Биыл еліміздің солтүстігінде 4 млн астам га-ға дәнді дақыл егілсе, оның 5 мың гектардан астамы – күздік және қара бидай. Бір апта бұрын өңірде егін орағы басталып, бүгінде күздік дақылдың 2,4 мың тоннасы жинап алынды. Қазір диқандар орта есеппен гектарынан 27,6 центнерден өнім алып жатыр.

***

Ақтөбеде лифт шығаратын кәсіпорын салынады. Аймақта әзірге жеделсаты құрастырып, шығаратын өндіріс орны жоқ. Сондықтан «Заман трейд» серіктестігі ұсынған жобаға «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызығушылық білідірді.Ииндустриалды аймақтан 1 гектар жер бөлінген жобаға жоспар бойынша 612 миллион теңге инвестиция тартылады. Лифт шығарылып, монтаждау жұмысы жүргізілетін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның батыс аймағы мен Ресейдің көршілес облыстарына шығарылмақ.  

***

Маңғыстауда жаңа оқу жылында 6 мектеп пайдалануға беріледі. Ақтауда жыл соңына дейін екі білім ошағы ашылады. Оның бірі 300, екіншісі 900 орынға лайықталған. Биыл тамыз айының соңында ең үлкен «Бокс» орталығында есігін айқара ашады. Мұнда бокспен ғана емес, сонымен бірге дзюдо, таэквондо, күрес, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерімен де шұғылдануға жағдай жасалған. Сыйымдылығы - 1500 адам. Қазіргі күні құрылыс жұмысының 90 пайызы аяқталған.  

***

Осылайша, Маңғыстауда спортшыларды дайындауға көңіл бөлініп жатса, Павлодарда волейболшылардың 4 жылдан бергі жалақысы төленбей келеді. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов әйелдер және ерлер волейбол клубтарының өкілдерімен кездесті. Билік өкілі спортшылар мен жаттықтырушылар алдындағы міндеттемелерден ешкім бас тартпайтынын және 2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында қалыптасқан барлық қарыз толығымен өтелетінін атап өтті. «Жинақталған қарыз - шамамен 100 миллион теңге соңғы төрт жыл ішінде жылдан жылға көшіп отырды. Осы уақыт ішінде қарыз демеушілермен жасалған жаңа келісімдер есебінен жабылған. Биыл демеушілік қаражат басқа қажеттіліктерге, соның ішінде коронавируспен күрес шараларына бөлінді. Дегенмен, қарыздың белгілі бір үлесін алдағы бір жарым-екі ай ішінде төлеу басталмақ.

***

Бүгін де Құрбан айт мейрамы аталып өтілді. Өзара ізгілік пен мейірімділік сияқты адами құндылықтарды дәріптейтін қасиетті мейрам биыл коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбандықты онлайн шалу үшін Qurban2020.kz сайтын іске қосты. Шығыс Қазақстан облысы бойынша құрбандық шалуға 700 ге жуық адам өтініш білдірген. Оның ішінде 438-ін волонтерлер таратып берді. Барша ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен ынтымаққа үндеп, татулық пен бейбітшіліктің мерекесіне айналған Құрбан айт мерекесімен біз де шын жүректен құттықтаймыз!