Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 6.08.2020

Қорытынды жаңалықтар 6.08.2020

Қазақстанда 9584 адам пневмониямен ауырып жатыр. Ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратты. Биылғы жылдың 1 тамызынан бастап, бүгінге дейін пневмониямен ауырғандар саны 9584 адам. Осы аурудан 102 адам қайтыс болды. «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-ке қатысты әр тәуліктегі ақпаратты күн сайын жариялап отырады. Барлық мәлімет министрліктің ресми сайтында және ведмостваның әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы таратылады. Атап айтқанда, науқастардың жалпы саны, қайтыс болғандар және қоғамдағы маңызды жағдайлар ресми ақпарат көздері арқылы жедел жарияланады. Ал, аймақтардағы ахуал туралы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі апта сайын арнайы брифингте хабарлайды»,-делінген хабарламада.

***

Атырау облысында 6 жасқа дейінгі балаларға жоспарлы екпе салына бастады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 тамыздан кейін жоспарлы медициналық тексеріс жалғасатын болады. «Жасы алтыға толған балалардың денсаулығын тексеру карантин кезінде тоқтатылған еді. Өткен аптаның басында емханаларда алты жасқа дейінгі балаларға жоспарлы вакциналары қайта салына басталды. Карантин режимі аяқталғаннан кейін 6 жастағы балаларды медициналық тексерістен өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұл жастағы балалар мектепке барады. Сондықтан, профилактикалық екпелерін алып, жаңа оқу жылына дайын отыруы керек», - дейді №3 Атырау қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Клара Жасақбаева.

***

Қазіргі күні Алматы облысында стационарларда орын тапшылығы жоқ. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, елде жарияланған карантин өңірдегі эпидахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізді. «Облыста COVID-19 инфекциясымен күреске медициналық ұйымдарда қосымша провизорлық орындар ашылған еді. Бүгінгі күні провизорлық орындардың 40 пайызы ғана жұмыс жасап тұр. Медициналық мекемелер 4 тамыздан бастап қалыпты жағдайдағы жұмыстарын бастады. Науқастар жоспарлы түрде ем қабылдай алатын болды. Сонымен қатар басқарма басшысы облыстағы барлық медициналық мекемелер вирусқа қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

***

Жаңа оқу жылында оқушыларға арналған «Білім» интернет тарифтік жоспары іске қосылады. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусиннің айтуынша, тарифтік жоспарда отандық бейне-конференц байланыс жүйесін қоса алғанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған отандық 380 білім беру ресурсын шектеусіз пайдалану қарастырылған. «Білім» тарифтік жоспарының абоненттік төлемі айына 990 теңге. Бұл тарифтік жоспарды 20 тамыздан кейін қолдануға болады. Жаңа тарифтік жоспарға қосылу шарттарын қазір Білім және ғылым министрлігі пысықтап жатыр. Сондай-ақ, байланыс операторлары 1 ГБ интернет трафигін қосымша ұсынады», - деді Бағдат Мусин.

***

2 млн 198,7 мың қазақстандық 42 500 теңгелік біржолғы төлемді алды. Оның ішінде 1 млн 573,7 мың адамға тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы берілді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

***

Коронавирус індеті кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов айтты. Сондай-ақ ол карантин кезінде отбасында жанжал шығаратындарды бақылаудың тәсілі туралы да баяндады. «Тіркеуде тұрғандар және құқық бұзушылыққа әуес адамдар қашықтан, яғни әлеуметтік мессенджерлермен бейне байланыс арқылы тексерілді. Тұрмыстық зорлық зомбылық профилактикасы туралы заң үнемі жетілдіріліп, оған 12 рет түзетулер енгізілді», - дейді Әсет Оспанов.

***

Қазақстан әуе компанияларының табысы 1,5 есе азайды. Еnergyprom.kz мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-маусымында еліміздің әуе компаниялары 2,3 млн жолаушы тасымалдады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 35 пайызға аз. Ал маусым айында әуе компаниялары 480,6 мың жолаушыға қызмет көрсетті және карантин күшейіп тұрған мамыр айына қарағанда жолаушылар ағыны 2,9 есе артты. Маусымда әуе компанияларының кірісі 18,2 млрд теңгеге жетіп, мамырмен салыстырғанда 2 есе өсім көрсетті. Жалпы әуе компанияларының негізгі табысын жолаушылар тасымалы саналады. Бұл көрсеткіш жарты жылда 95,1 млрд теңге болды. Ал қалған 4,1 млрд теңге жүк пен қол жүгін тасымалдаудан түскен.