Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.08.2020

Қорытынды жаңалықтар 13.08.2020

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігін 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Журналистік шеберліктің игі дәстүрлерін сақтай отырып, «ҚазАқпарат» егемендік жылдары Қазақстандағы жетекші баспасөз құралының біріне айнала білді», -деген Елбасы агенттік елде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы шынайы ақпаратты жедел тарату арқылы мемлекетіміздің әлеуметтік және қоғамдық-саяси өмірінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын жеткізді. «ҚазАқпарат» өзінің 100 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейдегі ресурстардың бірі ретінде атап өтуде. Бұл – өз ісіне құштар үлкен кәсіпқой ұжымның үйлесімді жұмысының нәтижесі. Агенттіктің кәсіби қызметі бүгінгі алмағайып кезеңде де айрықша маңызды. «ҚазАқпараттың» барша ұжымына мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, бақ-береке және тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы қызметіне табыс тілеймін!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Аға буынға етене таныс болған «ҚазТАГ»-тан бастау алып, қазіргі «ҚазАқпарат» аталғанға дейінгі кезеңде агенттік үлкен даму жолынан өтті. Талай тарихи оқиғаларды, әсіресе, тәуелсіздіктің шежіресін түзуде ерекше еңбек сіңірді. Елбасының барлық бастамаларын, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуы «ҚазАқпарат» таспасында үнемі көрініс тауып отырды. Сондықтан ғасыр жасаған агенттіктің мемлекеттік саясатты насихаттау тұрғысынан ел дамуына қосқан үлесі зор. Шынайы жаңалықты жұртшылыққа жедел жеткізетін «ҚазАқпарат» халықаралық аренада да ел имиджін қалыптастыруға да атсалысып келеді. Ұжым қызметкерлері мен агенттіктің ардагерлеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін,-делінген құттықтауда.

*****

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаттарын сайлаудың соңғы қорытындысын жариялады. Сайлау Қазақстан Республикасының 14 облысында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. 3069 таңдаушының 94,1 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайлау бюллетеньдерінің жалпы санынан 15 бюллетен жарамсыз деп танылды. Осылайша, дауыс беру қорытындысы бойынша Ақмола облысынан – Нұрлан Бекенов; Ақтөбе облысынан – Бауыржан Қаниев; Алматы облысынан – Сұлтан Дүйсембинов; Атырау облысынан – Сағындық Лұқпанов; Шығыс Қазақстан облысынан –Ольга Булавкина; Жамбыл облысынан –Бекболат Орынбеков; Батыс Қазақстан облысынан –Ләззәт Рысбекова; Қарағанды облысынан – Сергей Ершов; Қостанай облысынан – Сергей Карплюк; Қызылорда облысынан – Ақмарал Әлназарова; Маңғыстау облысынан – Сүйіндік Алдашев; Павлодар облысынан – Алтынбек Нұхұлы; Солтүстік Қазақстан облысынан – Ольга Перепечина; Түркістан облысынан – Әли Бектаев; Нұр-Сұлтан қаласынан – Ақылбек Күрішбаев; Алматы қаласынан – Сұлтанбек Мәкежанов; Шымкент қаласынан –Айгүл Қапбарова Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. 

*****

Nur Otan-ның партияішілік сайлау өткізуге қатысты республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды. Осылайша, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 - тамыздан басталып 28 - тамызға дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн беріледі.⠀ 7 - қыркүйектен 3 - қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт жұмыстарын, оның ішінде жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған. Қазанның 1 - 3 аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр. Дауыс берудің соңғы күні бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Кандидаттардың рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5- қазанда жарияланады», - деді Бауыржан Байбек. 

*****

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл 228 нысан салынды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповтың айтуынша, оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет нысаны, 36 спорт алаңы, 31 балалар алаңы бар. Өткен жылы 61 млрд теңгеден астам демеушілік қаржы есебінен 2 274 жоба іске асырылды. Ал биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа жағдайға бейімделмек, -дейді вице-министр. 

*****

Түркістан облысында 1 қыркүйектен бастап оқушылардың 92% қашықтан оқыту форматында білім алады. Аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақталса, балалар саны 180-нен аспайтын шалғайда орналасқан шағын-жинақы мектептерге дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріледі. 

*****

Ертең Павлодар облысындағы курорттар жұмысын қайта бастайды.   Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша, санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, әлеуметтік қашықтықты және маска тағу режимін сақтай отырып, қуаттылығы 50%-дан аспайтын санаторлық-курорттық мақсаттағы объектілердің, туристік базалардағы демалыс үйлерінің жұмысы қайта басталады. Сондай-ақ, құжат туристік нысандардағы жағажайлардың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді: қонақ үйлер, санаторийлер, пансионаттар алдын-ала жазылу бойынша сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл жағдайда жағажайда демалушылар арасындағы қашықтық төрт метрден кем болмауы керек. Екі апта ішінде мамандар мониторинг жүргізеді, егер карантиндік шаралар сақталмаса, бұл рұқсаттар қайтарылып алынады. Дегенмен, қала жағажайлары, соның ішінде Павлодар жағалауы жұмыс істемейді. 

*****

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан тарихи нысандар табылды. Көне Түркістан орнынан XVIII-XIX ғасырларға тән керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары және Жеті ата қақпасына дейінгі ортағасырлық көше бойынан хандардың намаз оқитын жеке бөлмесі мен әскери мұнаралардың болғаны белгілі болды. Сонымен қатар зерттеушілер көне Түркістанда алғашқы мектепті анықтады. Қыш бұйымдарын дайындау үдерісінің барлық кезеңін қамтитын нысандары бар ауқымды цех та табылды. Кешенде саз илейтін, ыдыс-аяқ жасайтын, кептіретін, күйдіретін, сақтайтын орындардың барлығы қарастырылған. Керамикалық бұйымдар шығаратын ауқымды орынның анықталуы сенсациялық оқиға, - дейді архелогтар.