Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 11.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 11.09.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, сонымен қатар, Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыру жоспары таныстырылды. Кездесуде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударылды. Аймақта жаңадан 26,7 жұмыс орны ашылған. Дағдарысқа қарсы іс-шаралар мен мемлекеттік және аймақтық әртүрлі бағдарламалар аясында 1370 жобаны іске асыруға 142 миллиард теңге бағытталған. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үлесі 72%-дан 77,1% -ға, газбен қамту 74,2%-дан 85,9%-ға артады.

***

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қордай ауданындағы ахуал туралы да баяндалды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Биыл ауданда тұрғын үй және жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт саласында жалпы сомасы 31,7 миллиард теңгеге 336 жоба іске асырылған. Тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қайта қалпына келтіру мәселелері қатаң бақылауда. Қайырымдылық қорларымен 311 миллион теңге жиналып, 41 тұрғын және 13 коммерциялық нысан қалпына келтірілген. Сонымен қатар қатты зардап шекпеген 103 нысанға жөндеу жұмыстары өткізілген. Президенттің тапсырмасына сәйкес, коронавирустың болуы ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ауруханалардағы төсек-орын көлемі 2530 орынға артқан. Пандемиямен күреске 8,1 миллиард теңге бөлініп, дәрі-дәрмектердің екі айға жеткілікті қоры жасақталған.

***

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов демалыс күндергі карантиндік шектеулер қашан алынатынын түсіндірді. «Шектеулердің алынуы тек қана қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты. Қазір ауруханаларда 4 600 адам емделіп жатыр. Егер науқастар саны төмендесе, сенбі-жексенбідегі шектеулер алынады. Бірақ, бұл көрсеткіштер өсетін болса, сенбі-жексенбідегі шектеулер басқа күндерге де созылуы мүмкін», - деп жауап берді ресми өкіл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Сонымен бірге, Б. Қожахметов елімізде қандай жағдайда карантин басталатынын айтып берді. «Егер де Қазақстанда бір тәулікте барлық инфекциялық ауруханаларда 30 мың науқас тіркелсе, сол күні арнайы комиссия шешім қабылдап, Қазақстанда локдаун немесе карантин енгізеді», - деді Бағдат Қожахметов.

***

Қазақстандағы коронавирус бойынша 11 қыркүйектегі жағдай. Өткен тәулікте вирусты пневмония мен COVID-19-дан 6 адам көз жұмды. Кеше 353 адамның пневмонияға шалдыққаны анықталған. Ал COVID-19 бойынша бейсенбі күні Қазақстанда 77 адам тіркелді. Ресми дерекке сәйкес, коронавирус індеті келгелі Қазақстанда 135 мыңнан астам адамның індет жұқтырғаны расталған. Оның 107 мыңнан көбі жазылып шықса, 1957 адам қайтыс болды.

***

Елімізде жиі пара алатын министрліктер тізімі жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің берген ақпаратына сай, биыл 7 айдың ішінде 541 адам осындай қылмысы үшін сотталған. Көш басында - Ішкі істер министрлігі. 151 қызметкері пара алып, қолға түскен. Көбіне жол патрульдік полициясының мамандары жол ережесін бұзғандарға қатысты әкімшілік жаза қолданбағаны, жалған жүргізуші куәлігін бергені үшін бармақ бастылыққа барған. Екінші орында - Қаржы министрлігі. Одан соң Ауыл шаруашылығы, Қорғаныс және Денсаулық сақтау министрліктері тұр.

***

Қыркүйектің 15-інен бастап жолаушылар пойыздарының жүру кестесіне өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». Атап айтқанда, бірқатар бағыттағы пойыздардың саны қысқарады. Жолаушылар нөпірінің күрт ұлғайып, індеттің таралу қаупінің артуына байланысты ұлттық тасымалдаушы осындай шара қабылдауға мәжбүр болған. Сонымен, Нұр-Сұлтан – Өскемен, Нұр-Сұлтан – Алматы, және Нұр-Сұлтан – Айсары бағытындағы пойыздың қатынауы сирейді. Сондай-ақ Алматы – Шымкент және Алматы – Достық станциясы бағытындағы пойыз саны қысқарады. Бұдан бөлек, Павлодармен арадағы Жезқазған, Сарығаш, Қызылорда және Қарағанды – Сарыағаш бағытындағы жолаушылар қатынасына да өзгерістер енгізіледі. Пойыздар қозғалысына қатысты толық ақпаратты 105 нөміріне хабарласып біле аласыздар.

***

Шымкентте жас абайтанушы Әзімхан Исабек Абайдың 38-ші қара сөзі деп аталып келген «Китаб Тасдиқ» атты кітабын жарыққа шығарды. Ол өзінің туындысын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап отыр. Әзімхан Исабек 1996 жылы шым шаһарда дүниеге келген. Жас ғалым, әрі зерттеуші. Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы және Ақжол Қалшабек секілді профессорлардың шәкірті. Бүгінде ол М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да ашылған «Мұхтартану» ғылыми орталығында ғылыми маман болып жұмыс істейді.

***

Құрлықтық хоккей лигасының матчында «Барыс» мәскеулік «Динамоны» қабылдайды. Матчты ертең Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді . Кездесу Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс-Арена» стадионында көрерменсіз өтеді. Айта кетейік, «Барыс» сырт алаңда ригалық «Динамомен» (4:3), минскілік «Динамомен» (4:5 ОТ) және мәскеулік «ЦСКАмен» (1:3) үш матч өткізгеннен кейін қытайлық «Куньлунь Ред Стар» (3:2) командасымен өз алаңында кездесті.