Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 15.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 15.09.2020

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысының биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебін тыңдады. Премьер-Министр сегіз айда қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,3%-ға, оның ішінде машина жасау – 16,3%-ға, көлік құрастыру – 51,8%-ға, сондай-ақ фармацевтика –34,1%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 11%-ға, химия өнеркәсібі – 3,1%-ға және дайын метал өнімдерін шығару – 18,8%-ға өскенін мәлімдеді. 2020 жылы Индустрияландыру картасы аясында, жалпы сомасы 996 млрд теңге болатын 206 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспортты 325 млрд теңгеге арттыруға және 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

***

Жыл басынан бері 71 мың жаңа үй салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,6%-ға артық. Асқар Маминнің айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде әлеуметтік маңызды тауарлар бағасынының артуын 4,4% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда екі есе (8,7%) төмен. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 874 мың адам жұмыспен қамтылған, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 82,1%-дан асады. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету, өндіріс үдерістеріне жаңа технологиялар енгізу, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мен карантин талаптарын біртіндеп жеңілдету маңызды екенін атап өтті.

***

Ішкі істер министрлігі спортшы Қуат Хамитовтың үндеуіне қатысты түсініктеме берді. «Қуат Хамитов әлеуметтік желідегі парақшасында зорлық-зомбылыққа шақыратын үндеу жариялаған. Бұл заңды өрескел бұзу және қылмыс болып саналады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды жалған ақпарат таратпауға, мемлекеттік органдардың ресми деректеріне ғана сенуге шақырады. Заң бұзылған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын есте сақтаған жөн», - деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз. Спортшы бұған дейін жұртты көшеде дезинфекция жасап жүргендерді ұрып-соғып, дәрі сеуіп жүрген тікұшақтарды атуға шақырып, үндеу жасаған болатын. Содан кейін ол тиісті процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыру үшін Алматы қаласының полиция бөліміне жеткізілді. Ішкі істер министрлігі мұны тікелей заңбұзушылық деп атап өтті. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 272-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

***

"Гарант 24"пен "ESTATE" ломбардтары қожайындарынан құны 2 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. Ал олар жұртқа 22 млрд теңгенің залалын келтірген. Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларына қатысты 217 қылмыстық істі тергеп, оның 116-сы сотқа жолданған. Жалпы осы сипатта 79 адам жауапқа тартылып жатыр. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, "Garant 24" ,"ESTATE" және "Выгодный займ"ломбардтарының үстінен 17 мыңнан астам азамат талап-арызбен жүгінген.

***

Коронавируспен ауырған науқастарға антибиотиктер, қан сұйылтуға арналған дәрілер мен қызуды түсіретін препараттар тегін беріледі. Вирустық инфекцияны емдеуге қатысты жасалған соңғы протоколға осындай шаралар енгізілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі айтты. Бүгін басқарма қызметкерлері медициналық мекемелерге тексеріспен барып, коронавирустың екінші толқынына дайындықпен танысты. Мамандар індетті емдеуде дәрі-дәрмек, техникалық жабдықтау, дәрігерлердің тапшылығына қатысты енді ешқандай қиындық болмайтынын айтты. Қалада барлығы 18 стационар ашылады. Жергілікті бюджеттен 50 ӨЖЖ аппараты, 500 оттегі концентраты сатып алынған.

***

Маңғыстау облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова карантиндік шектеулерге қарамастан туған күнін тойлаған. Тойдан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіге тарап кеткен. Мемлекеттік қызметкерге қатысты 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, сөгіс жарияланды.

***

Қатерлі ісіктің асқынған түрімен ауыратын бір науқасты емдеу үшін жылына 30 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев мәлімдеді. Сондай-ақ, ол емделу үшін Еуропа елдеріне баратын азаматтар саны жыл сайын артып келе жатқанын айтты. «Біздің санамызда «шетелде бәрі жақсы» деген ұғым қалыптасып қалған. Оған қоса, обыр ауруын бизнестің көзіне айналдырғандар бар. Мәселен, қазір Еуропада жақсы ем көрсетеді, тез сауығып кетуге мүмкіндік мол деген жарнамалар көп. Осындай ақпаратқа сеніп, өзге жаққа кететіндер аз емес. Отандық медицина олардан кем түспейді және ҚР кез келген азаматы тегін, мемлекет есебінен емделеді. Ал шетелге барып, ем алған азамат ең кемінде 50-60 мың АҚШ долларын жұмсайды», - деп мәлімдеді Мұхтар Төлеутаев. Дәрігердің атап өтуінше, қазақстандықтар алғашқы ауру белгілері пайда болғанда дәрігердің көмегіне жүгінбейді. Жыл сайын ұйымдастырылатын скринингтен өтуге де көпшілігі келмейтін көрінеді. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 187 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісікке шалдыққан. Яғни, әрбір 100 мың адамның 76-сында обыр бар. Ал аталған дерттен 2019 жылы қаза болғандар саны - 14 145 адам. Айта өтейік, бүгін - Дүниежүзілік лимфомалармен күрес күні.

***

Жапонияда 100 жасқа толған 80 мыңнан аса адам тіркелді, - деп хабарлайды Kyodo. Осы елдің Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі жариялаған мәліметтерге сәйкес, жүзжылдықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 9 176 адамға артқан. Бұл ретте жалпы санның 88,2 пайызы - әйелдер. Дереккөз мәліметінше, 2019 жылы Жапонияда өмір сүрудің орташа ұзақтығы әйелдерде 87,45 жыл, ал ер адамдарда 81,41 жас болған, бұл рекордтық көрсеткіш деп жазады Киодо басылымы.