Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 16.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 16.09.2020

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қабылдады. Президентке қайта құрылған министрліктің құрылымы, басқа мемлекеттік органдардан өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы кейбір функцияларды, мемлекеттік материалдық қорды беру үдерісі, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінің құрамына кірген әскери бөлімшелерді ауыстыру жұмыстары туралы баяндалды. Министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою қызметінің 25 жылдығы қарсаңында, аталған құрылымды қайта қалпына келтіргені үшін мекеме қызметкерлерінің атынан алғыс білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы жылыту маусымы және қысқа дайындық жұмыстарын жүргізу, түрлі төтенше жағдайларды азайту, қар бұрқасындарына әзірлік, сондай-ақ, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. 

***

ДДСҰ коронавирусқа қарсы тағы бір қазақстандық вакцинаны тіркеді. Наноэмульсивті майлы адъювант негізіндегі COVID-19 ға қарсы вакцинаның тіркелегені туралы Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов Facebook парақшасында жазды. Аталған орталық бұл препаратты Денсаулық сақтау министрлігінің М.Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығымен бірлесе жасап шығарған. Қазір ол клиникаға дейінгі зерттеуден өткізілуде.

***

Енді ескертпей фонограммамен ән айтқан әншілер заңмен жазаланады. Себебі, фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын таныстырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.

***

Қазақстанда оқушылар мен мұғалімдерге арналған "Білім" арнайы тарифі іске қосылды. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және инфрақұрылым департаментінің директоры Гүлнәр Бөкееваның айтуынша, тиімді тарифті еліміздің барлық ұялы байланыс операторы еңгізген.

***

Польша Қазақстанды әуе қатынасына тыйым салынған елдер тізімінен алып тастады. Қазақстанның осы тізімнен шығарылуы COVID-19 таралуына байланысты еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын айғақтайды. Ал, АҚШ, Аргентина, Израиль, Ирак, Испания, Молдова, Франция және басқа елдерді қоса алғанда, 30 мемлекет тікелей тұрақты әуе қатынасына тыйым салатын елдердің поляк тізімінде қалады.

***

Қызылорда обласында карантинге қарамастан той, жиын өткізу тыйылар емес. Аймақ әкімінің орынбасары Серік Ахметтің мәліметінше, өңірде дәл осындай 176 дерек тіркеліп отыр.

***

СҚО-да күзде 500-ден астам адам әскер қатарына шақырылады. Қазір аудандық, облыстық комиссиялар жұмыс істеп, болашақ сарбаздарды іріктеп жатыр. Алғашқы топ – 31 адам ертең Шығыс Қазақстан облысына аттанады. Талап бойынша әрқайсысы міндетті түрде ПТР сараптамадан өтіп, коронавирус инфекциясына тексерілді. Әскери бөлімге жеткеннен кейін де екі апта карантинде отырып, қайта сараптама тапсырады. Айта кету керек, өңірде биылғы іріктеуде Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарғандар болмаған.