Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 17.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 17.09.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Премьер-министрі Ёсихида Сугаға аса жауапты лауазымға сайлануымен құттықтап жеделхат жолдады. Жеделхатта жаңа Үкімет басшысының ел дамуына және жапон халқының берекесін баянды етуге, Жапонияның әлемдік қауымдастықтағы беделін одан әрі арттыруға бағытталған игі істері мен бастамаларының табысты болуына тілектестік білдірген. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қалыптасқан стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында, Жапонияның Премьер-министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырған.

***

Бүгін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Іс-шарада жерді тиімсіз пайдалану мәселесі көтерілді. «Мысалы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында Жерді қашықтықтан зондтау пилоттық жобасының нәтижелері бойынша жер инспекциялары берген мәліметтерден едәуір көп ауыл шаруашылығы алқаптары пайдаланылмай жатқаны анықталды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне және салалық министрліктерге жеке тұрғын үй құрылысына арналған массивтерді коммуналдық инфрақұрылыммен жабдықтау мәселелерін шешудің балама жолдарын әзірлеу ұсынылды.

***

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталды. Ниет білдірген еріктілерден 688 өтініш түскен. «Вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілерге жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр» делінген хабарламада.

***

Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының таралуына байланысты 7 ауданның 10 елдімекені карантинге жабылды. «Кіріп-шыққан көліктерді залалсыздандыру үшін кіреберістерде дезинфекциялық тосқауылдар қойылады. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың, құқық қорғау, медициналық және ветеринарлық қызметтердің көліктері ветеринарлық қауіпсіздікті сақтай отыра кедергісіз жүреді», - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов. Карантин аурудың соңғы жағдайы тіркелген күннен кейін 3 апта өтісімен алынады.

***

ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен ақы алу жүйесі енгізілетін жолдардың тізімін жариялады. Келер жылы ақылы учаскелер болатын жолдардың тізімінде Орал – РФ шекарасы, Қапшағай – Талдықорған; Тараз – Қайнар; Қызылорда – Шымкент – Тараз; Шымкент – Өзбекстан шекарасы; Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы; Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасы; Ақтау – Бейнеу; Нұр-Сұлтан – Павлодар; Павлодар – Семей – Қалбатау және тағы бірінеше жол учаскелері бар.

***

Биылдың 7 айында электртехникалық машина жасау өндірісінің көлемі 11 пайызға артты. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты. «10 жылдың ішінде өндіріс 3 есе, экспорт 4 есе артты. Оқшаулаудың орташа деңгейі 75 пайызға жетті. Тек былтырдың өзінде ғана 5 млрд теңгеге 34 млн метр талшықты-оптикалық кабель шығарылды», - деді министр. Оның айтуынша, биыл отандық аккумуляторлар Біріккен Араб Әмірліктері мен Италия нарығына шығарылады.

***

Нұр-Сұлтан қаласында газ тарифі бекітілді. Егер бұрын газдың текше метрі 60 теңге болса, қазір ол 45 теңгеге дейін төмендетілді. Елорда тұрғын аудандарында кварталішілік газбен жабдықтау желілерін салу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мысалы, Железнодорожный тұрғын алабында 100%, Промышленный және Көктал-2 –де 95%, Көктал-1 тұрғын алабында 80% газ тарату желілері тартылған. Бұл жұмыстар Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс аймақтарында да жүзеге асырылады. Аталған тұрғын аудандар халқы, сондай-ақ Агроқалашық тұрғын алабының бір бөлігі алдағы жылыту маусымында үйлерін газбен жылытады. Ол үшін тұрғындар үйлерді газға қосудың техникалық шарттарын алуға фронт-кеңселерге хабарласуы керек. Жеке сектор тұрғындары үшін әкімдік есептегіштерді тегін береді.

***

Әлемдік экономика COVID-19 кесірінен 7 трлн $ жоғалтуы мүмкін. Мұндай болжамды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жасады. Ұйымның бас экономисі Лоранс Бун: "Бұл-әлемдік экономика үшін ауыр салмақ", дей келе осыған дейін келер жылы экономиканың жылдамырақ қалпына түсуі жайындағы бұрын айтылған жорамалдардың қате екенін айтты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бұрынғы есептеріндегі болжауда биыл ІЖӨ-нің төмендеуі 4,5 пайыз шамасында болады деген еді. Ал жаңа жорамал оның 6 пайызға жететінін болжап отыр.