Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 08.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 08.10.2020

Армияны және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері әрдайым мемлекеттің басты назарында болады. Бұл туралы Алматыдағы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиынына қатысқан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Сондай-ол басты міндеттеріміздің бірі – сержанттық құрамға кәсіби әскери білім беру ісін дамыту екенін де айтты. «Бұл мәселені шешуде «Жас Ұлан» мектептерінің және Кадет корпусының барлық әлеуетін пайдалану қажет. Қалыптасқан жағдай командирлерге де ерекше талап қояды. Егер әскери қызметшілердің тарапынан құқық бұзушылық деректері анықталса, олар заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылуы тиіс. – деді Президент.

*****

Ақтөбеде биыл 8 айда 13 ана өлімі тіркелді. «Оның ішінде 9 жағдай коронавирус инфекциясына байланысты болды. Коронавирус беймәлім инфекция болған соң жағымсыз әсерін тигізіп отыр. Көбіне тұрғындар медициналық көмекке кеш жүгінген, өз-өзін емдеп, сақтық шарасын ескермеген», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша өткен жиында Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда – 131 әйел қайтыс болғанын айтып, бұл өзекті сұрақтарға әкімдер жауап беру керектігін ескерткен.

*****

Алматыда қашықтан оқып жатқан 8 оқушы коронавирус індетін жұқтырды. Онлайн брифинг кезінде қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қоғамдық денсаулық сақтау департаменті күнделікті мектеп оқушыларында COVID-19 дертінің бар-жоғын тексеру үшін талдау жүргізіп отырғанын айтты. «Бүгінде 8 бала есепке тіркелді. Оның барлығы - қашықтан оқитын балалар. Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының 96% қашықтан оқып жүр. Сонымен қатар, қаланың 133 (64%) мектебінде 11 840 баланы қамтыған 923 кезекші сынып ұйымдастырылды. Кезекші сыныптар санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жинақталған, әр сыныпта оқушы саны 15 адамнан аспайды», - деді Қайрат Жұманов.

*****

Қанша оқу орны болса да олар сапалы болу керек. Сапалы мамандар әзірлеу керек. Бұл туралы «Жоғары білім сапасын арттыру» тақырыбында өткен брифингте қазақстан ректорлар Кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов айтты.

*****

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында «Saqbol» мобильді қосымшасын ұсынды. «Қосымша хабарлама функциясын іске қосу арқылы COVID-19-ға оң нәтиже көрсеткен азаматқа соңғы 14 тәулік бойы екі метрден аз қашықтықта және 15 минуттан астам уақыт ішінде қосымшаның басқа пайдаланушыларымен байланысы туралы жасырын түрде белгі береді. «Saqbol» қосымшасын қолдануға, біріншіден, смартфонға жүктеп, одан кейін шифрланған деректер берілетін Bluetooth функциясын қосу керек.

*****

Қазақстандықтар ЖСН-де тіркелген жер учаскелері туралы мәліметтерді тікелей өз телефонынан көре алады. Жер кадастрынан мәлімет енді eGovMobile қосымшасында беріледі. Ұлттық ақпараттық технологиялар компаниясының мәліметінше, еGovМobile мобильді қосымшасында жер учаскеңіз туралы мәліметті алу үшін «Жылжымайтын мүлік» бөлімін ашып, «Мемлекеттік жер кадастрынан мәліметтер беру» қызметін таңдау қажет. ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе бір реттік парольмен қол қою арқылы мәліметтер алуға өтінім жіберу керек.

*****

Сенімхат арқылы сату көлік иесін салықтық міндеттемелерден босатпайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Садықов айтты. «Сенімхат арқылы көлікті беру – меншікке беру ретінде саналмайтынын ескеру керек. Сол сатылған көлік құралы бойынша салық төлейтін азамат – бір кездері сол көлікті сатқан адам болып шығады. Себебі оның көлік құралын ешкім есептен шығармаған. Салық төлеушілерге айтарымыз: сенімхат арқылы берілген көлікті уәкілетті органға барып, есептен шығару керек», - деді Азамат Садықов.

*****

Елордада ұялы байланыс сапасын жақсарту үшін 16 антенна орнатылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының бөлім басшысы Даниал Әйткенов айтты. «Ұялы байланыс қызметтерінің сапасын жақсарту үшін әкімдік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, байланыс операторларымен бірігіп антенналық құрылымдарды орнатады», - деді ол онлайн брифинг барысында. Оның сөзінше Бұл жұмыс қаладағы интернет сапасын арттыруға септігін тигізбек.