Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 13.10.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің биылғы жұмыстары және Оқу орнын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру жоспары туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев университет жұмысына көңілі толатынын айтып, оның аймақтағы жетекші жоғары оқу орны ретіндегі халықаралық мәртебесін нығайту қажеттігіне назар аударды. Ректор университет жанынан ашылған «Абай академиясы» туралы да айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Сыдықовқа Еуразия Ұлттық университетінің базасында ашылатын оқу-зертханалық кешенінің құрылысы жөнінде және басқа да бірқатар тапсырма берді.

***

Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдады. Премьер-министр Асқар Мамин бюджеттің бұл параметрлері Мемлекет басшысымен келісілгенін айтты. Үкімет басшысы бұл құжаттарды Парламент Мәжілісіне бүгін еңгізуді тапсырды.

***

АШМ құс тұмауынан келген шығынды есептеп жатыр. Бүгін Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов құс тұмауына қатысты жағдайды баяндады. Оның айтуынша, еліміздің 7 облысының 78 елді мекенінде карантин енгізілді. Бұл ретте құс тұмауы расталмаған өңірлер де бар.

***

Қазақстанда бензин қымбаттауы мүмкін. Жыл соңына дейін АИ-92-нің литрі 170-180 теңгеге дейін өсуі ықтимал. Мамандар АИ-92 бензинінің қымбаттауын акциз салығының көтерілуімен байланыстырады. 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақта мұнай өнімдерінің ортақ нарығы пайда болады. Ал оған дейін одақ елдерінің бағасындағы алшақтықты азайту керек. Бұл сол кезде ішкі нарықта тапшылық тудырмау үшін қажет. Қазір ірі қалаларда АИ-92-нің литрі 150 теңгеден жоғары.

***

Алимент өндіруге қатысты заңнаманы өзгерту керек. Заңгерлермен кездескен Қазақстан Коммунистік халық партиясының белсенділері осындай пікір білдірді. Олардың айтуынша, көптеген ана балаларына тиесілі алиментті ала алмай жүр. Мысалы, ол жалақыдан, зейнетақыдан және заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ажырасқан ер азаматтардың айлығынан ұсталады. Ал өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткенімен мемлекеттік қазынаға ешқандай төлем жасамайтындар да жетіп артылады. Бұл тұрғыда сот орындаушылардың мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті белсенділер алиментті әлеуметтік жәрдемақыдан ұстау жайлы ұсыныс айтты.

***

Биыл қазақстандықтарға 7 млн тонна көмір қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай болжам жасады. Ведомствоның хабарлауынша, бүгінгі таңда тұрғындардың 70 процентке жуығы көмірмен қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында әлеуметтік нысандар үшін көмірдің жылдық көлемі толық жеткізілді. Қарағандыда бір тонна көмір 7500 теңгеден бастап, 11 мың теңгеге дейін сатылуда. Өскеменде көмірдің тоннасы – 11000 теңге. Павлодарда қатты отын 12500 теңге тұрады. Нұр-Сұлтанда оның құны 300 теңгеге қымбат. Ал Ақтөбеде көмірдің бір тоннасы 13000 теңгеден сатылады. Көкшетаулықтар көмірді 13400 теңгеден сатып алады. Ал Қостанайда бір тонна көмір 15000 теңге. Ең қымбат көмір Петропавлда. Тоннасы 17500-ге дейін жетеді.

***

Лицензиясынан айырылған Tengri Bank өз салымшыларына 10 миллиард 700 миллион теңге төледі. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры хабарлады. Төлемдер Еуразиялық Банк арқылы жүргізілген. Бұл кепілдендірілген төлемдердің жалпы сомасының 60 проценті. Жалпы бес күнде 2300 адам ақшасын қайтаруға өтініш берген. Олардың көпшілігі Алматы, Павлодар және Нұр-Сұлтан қалаларынан. Айта кетейік, Tengri Bank салымшылары кепілдендірілген төлемді Еуразиялық банк арқылы қашықтан өтінім беру арқылы ала алады.

***

Әлемде соңғы 20 жылда табиғи апаттардан 1 миллион 200 мыңнан астам адам қайтыс болып, дүниежүзілік экономика 3 триллион доллардан айырылған. БҰҰ Адамдық қауіп-қатерді азайту бойынша агенттігінің зерттеулері осыны көрсетіп отыр. Ұйым баяндамасына қарағанда 21-ғасыр басталғаннан су тасқыны, дауыл, құрғақшылық, орман өрті көбейіп, жер сілкінісі мен цунамилар жиілеген. Адам шығыны да осы соңғы екеуінен көп болады. Мамандар апаттардың көбін климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Ал алдағы онжылдықта күннің ысуы жиі тіркеліп, одан кедей елдер көп зардап шегетінін ескертуде.

***

Елімізде электр энергиясының тарифі бір жылда 6,6 процентке қымбаттаған. Мұны Энерджипром.КЗ сайты жариялады. Баға Батыс Қазақстанда 1 жылдың ішінде шамамен 20 процентке, елордада 15 жарым процентке, Шымкентте 10 процентке өскен. Ал Ақмола облысында электр энергиясы керісінше 0,9 процентке арзандаған.

***

Биыл дамушы елдердің экономикасы 3,9%-ке төмендейді. Ал, келер жылы өсім 3,6% шамасында болады. Еуразиялық қайта құру және даму банкі осындай болжам жасады. Мамыр айында қаржы ұйымы экономикалық құлдырау 3,5% болады деген еді. Алайда, екінші тоқсанда өндіріс көлемі былтырмен салыстырғанда 8,2%-ке төмендеп кеткен. Сондықтан дамушы елдердегі ішкі жалпы өнім көрсеткіші төмендеді. Пандемияға дейінгі көрсеткішке тек келер жылдың соңында ғана жетуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, дағдарыс әсіресе, туристік салаға тәуелді елдерге қатты әсер етеді.