Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 14.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 14.10.2020

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы 22 қазанда өтеді. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы 22 қазанда өтеді. Оған әр өңір онлайн-форматта қосылады. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауын жүзеге асыру жолдарын талқылау. Сондай-ақ отырыс аясында Президент Әкімшілігі, Үкімет және Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік басшылығының қатысуымен ҰҚСК жұмыс топтарында талқылау өтеді», - деді Ерлан Қарин telegram каналында.

***

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елордада карантин неліктен күшейтіліп жатқанын түсіндірді. «Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймаққа» енді. Яғни мұнда R санының репродуктивтілігі 1,26-ға жетті. Бұл – қауіптенерлік фактор. Сол себепті қала деңгейінде нақты шараларды қабылдау туралы шешім қабылданды. Біз бұл шектеу шараларын қолдаймыз. Жағдайды теңестіру керек. Әлбетте жағдай үрейлі деуге келмейді. Алайда коронавирус жұқтырған азаматтардың саны артып кетпеуі үшін алдын алу шараларын қабылдау керек», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Айта өтейік, бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласында шектеу және карантин шаралары күшейтілді.

***

Сондай-ақ Алексей Цой қазақстандықтарға коронавирусты қайта жұқтыру қаупі туралы ескертті. «Зерттеулер бойынша коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған адамдардың ағзасында антиденелер 1 ай ғана сақталады, ал коронавирустың орташа немесе ауыр түрімен ауырғандарда антиденелер 3-5 ай сақталады. Қазақстанда коронавирус маусым-шілде айларында өршісе, 3-5 ай деп есептегенде, қараша-желтоқсан айларында коронавируспен ауырғандардың өзінің ағзасында антиденелер күшін жояды. Сондықтан қайтадан ауыру қаупі бар», - деді министр.

***

Коронавирусты анықтайтын ПТР тест алдағы уақытта 22 пайызға арзандауы мүмкін. Болжамды түрде 11 мың теңгеден 8 900-ге дейін төмендеуі тиіс. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ақпарат таратты. «Шығын материалдары нарығында бағаның төмендеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ПТР тест тарифін 22 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныстар әзірледі. Ұсыныс мақұлданса, тариф осы айдың соңына дейін бекітіледі», - деді министр. Оның айтуынша, қазір коронавирусты анықтайтын зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 45 мың тесттен асады.

***

eGov.kz порталында қазақстандықтарға мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жеткізуді ресімдеуге мүмкіндік беретін қызмет пайда болды. Бұл үшін қажетті деректерді, тұрғылықты мекенжайын көрсету және қызметке ақы төлеу жеткілікті. Одан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қызметкері мемлекеттік нөмір мен куәлікті үйге әкеледі. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұған дейін қазақстандықтарға аталған қызметтерді алу үшін кем дегенде екі рет мамандандырылған ХҚО-ға бару қажет болған. Жаңа қызмет түрі Жеке тұлғаларға қолжетімді. Қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні.

***

Баку мен Ереван Таулы Карабахтағы қақтығыстың қайта басталуына бір-бірін кінәлады, деп хабарлайды «Хабар 24». Армения қорғаныс министрлігінің өкілі Арцрун Ованнисянның хабарлауынша, аймақта артиллериялық қақтығыстар әлі де жалғасып жатыр. Бірқатар БАҚ та Мартуни мен Тертер қалаларында жарылыстың болғанын растайді. Өз кезегінде Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Таулы Карабах аумағында баллистикалық зымырандардың көзін жойғанын жеткізді. Ведомство таратқан хабарламаға сәйкес, Баку тек алдын алу шараларын іске асырған. Айта кетейік, қазанның 9-ында Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері 10 қазаннан бастап атысты тоқтату туралы ымыраға келген еді.

***

Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауылдарында интернет байланысы өте нашар, деп хабарлайды «Хабар 24». Сондықтан онлайн оқу студенттерге оңай болмай тұр. Мәселен, 870 тұрғыны бар Үштөбе ауылында 72 студент осы қиындықты бастан кешуде. Қазір білім қуған жастар еріксіз аудан орталығы Ақсуатқа немесе Семей, Өскемен сияқты қалаларға барып пәтер жалдауға мәжбүр. Интернет үшін қосымша қаражат тағы шығындайды. Ал ата-аналарды алаңдатып отырғаны – балаларының денсаулығы. Өйткені жүріс-тұрыс көбейгендіктен, қауіпті індетті жұқтыру ықтималдылығы да артары сөзсіз. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл туралы бірнеше рет республикалық құзырлы мекемелер мен байланыс операторларына хат жазылғанын айтады.

***

Қырғыз Республикасының Президенті Сооранбай Жээнбеков бүгін, 14 қазан күні «Қырғыз Республикасының Премьер-министрі мен Үкімет мүшелерін тағайындау» туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралыҚазАқпарат КАБАР агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

***

Қазақстан боксшысы Тұрсынбай Құлахмет (1-0, 1КО) бірінші орта салмақтағы WBC International вакантты атағы үшін жеңіліп көрмеген британдық Маколей Макгоуэмен айқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстан кәсіпқой боксының ВКонтакте парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, жекпе-жек 11 қараша күні Ұлыбританияның Уэйкфилд қаласында, Production Park Studios аренадағы MTK Fight Night бокс кеші аясында өтеді. Естеріңізге сала кетсек, Тұрсынбай Құлахмет кәсіби рингтегі алғашқы жекпе-жегін 23 тамыз күні Алматыда өткізіп, онда отандасы Сағадат Рахманқұловты (6-2, 4КО) уақытынан бұрын жеңген еді.