Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 15.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 15.10.2020

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Семейге барды. Президент «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып, бүгінгі шара біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі екенін айтты. Сонымен қатар «Қарағайлы» ықшам ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Жалпы көлемі 203 гектар болатын аумақта тұрғын-үй, Назарбаев зияткерлік мектебі, жатақхана, балабақша салынған. Бірегей спорт кешенін аралап көрген Мемлекет басшысы мұндай нысан Қазақстанның әр қаласында салынуы қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек Абайдың сирек кітаптар қорының көрмесін тамашалап, «Абай әлемі» сериясымен шыққан кітаптарды көріп, абайтанушы ғалымдармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев сапар соңында Жидебайға барып, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйінің тыныс-тіршілігімен танысты. Қазақстан Президенті атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, мемориалдық кешен мен мұражай-үйіне естелікке кітаптар сыйлады.

***

Қырғызстан Президенті отставкаға кету жөнінде шешім қабылдады. Сооронбай Жээнбеков азаматтарға елде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайға байланысты үндеу жасады. Қырғызстандағы бейбітшілік, ел бүтіндігі, халқымыздың бірлігі мен қоғамдағы тыныштық бәрінен де жоғары. Қырғызстан тарихында өз азаматтарына оқ жаудырып, қан төккізген президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету жөнінде шешім қабылдадым,-делінген үндеуде.

***

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматыда Hyundai көлік құрастыру зауытының ашылу рәсіміне қатысты. Нысан әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологиялары мен экологиялық стандарттар талаптарын ескере отырып салынған. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлік, екінші кезеңде жылына 45 мың бірлікке дейін жеткізілмек. Инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асады. Шектес салаларды ескере отырып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Алдағы уақытта автобөлшектер шығаратын зауыт ашу көзделген.

***

Алматыға сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығына барды. Министр КАМАЗ-ға тіркелген шассидегі төрт мобильді зертханамен танысты. Министрліктің қаражаты есебінен сатылып алынған зертханалар екінші деңгейлі биологиялық қорғаныс бокстарымен, автономды энергия, шығын материалдарының қажетті жиынтығымен жабдықталған. Осындай көліктердің арқасында тестілеу қуаты тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін арттырылмақ. Айта кету керек, бұл зертханалар толығымен Қазақстанда құрастырылған.

***

Осы жылдың соңына дейін шағын және орта бизнес мемлекеттік мүлікті жалдау ақысын төлеуден босатылады. Бұл жайында Бизнес-омбудсмен аппараты басшысының міндетін атқарушы Шығыс Темір Facebook парақшасында жазды. «Бүгін Ұлттық экономика министрінің тиісті бұйрығы ресми жарияланды. 20 маусымнан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанда кәсіпкерлер жалдау ақысын төлеуден босатылады. Бұған дейін осындай жеңілдік 20 наурыз бен 20 маусым аралығында көрсетілген болатын. Осылайша, карантиндік шектеудің енгізілуіне байланысты шағын және орта бизнес өкілдері жалға алу ақысын 9 айдан астам төлемейді.

***

Маңғыстау облысында оқу жылы басталғалы 3 оқушы мен 1 мұғалім коронавирус жұқтырған. Аймақтық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің бастығы Бердібек Қарайтаевтың айтуынша, инфекция расталған екі оқушы қашықтан білім алады. Тағы біреуі №29 орта мектепте оқиды. Қазір оқушының өзі де, онымен байланыста болғандар да карантинде. Сондай-ақ, Мұнайлы ауданындағы мектепте ағылшын тілі мұғалімінен індет анықталды. Оқытушымен байланысқа түскендердің барлығы тексеруден өтеді,-дейді бөлім басшысы.

***

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғалы 30 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. 15 бала кезекші сыныптарға барған, қалған 15-і қашықтан білім алады. Олардың барлығы, сонымен бірге балалармен байланыста болғандар тексерілді. Оқушылар арасында сыныбымен ауырғандар жоқ.

***

СҚО-да ертеңнен бастап карантиндік шектеулер қатаңдатылып, бірқатар нысанның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі. Сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және басқа да дүкендердің, моншалар мен сауналардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарады. Қоғамдық тамақтану орындарында келушілер саны 50-ден 30-ға дейін азайтылып, сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейтін болды. Ал мереке және демалыс күндері тамақты тек сатып алуға немесе тапсырыспен алғызуға болады. Сол күндері жабық базарлар, спорт нысандары, фитнес, тренажер залдары, бассейндер, білім беру орталықтары, үйірмелер, туризм нысандары мен сауда ойын-сауық орталықтары, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендері жабылады. Сонымен қатар, сенбі-жексенбі күндері Петропавлда қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, саябақтарға, бақтарға, өзен-көлдердің жағасына барып демалуға тыйым салынды.

***

«Біргеміз» қоры ел өңірлеріне бағытталған көмекті толығымен аударды. «Nur Otan» партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазірдің өзінде елдің әлеуметтік осал топтарына бір реттік көмек көрсету үшін 5 миллиардтан астам теңге еліміздің аймақтарына жіберілді. Қор басшылығы аптаның аяғына дейін барлық қаражатты бөлу туралы нақты міндет қойды. Партияның жіті бақылауымен әкімдіктер қаражатты алушылардың тізімдерін жасап үлгерді. Төлемдер мұқтаж жандардың банктік карталарына автоматты түрде түседі.