Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Еуропада карантин күшейтіліп жатыр

Еуропада карантин күшейтіліп жатыр

Президент жұмыс сапарымен Семей қаласында болды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылуына қатысып, ақын атындағы мұражайды аралады. Онда Абай есімін мәңгі ұлықтауға арналған 22 мыңнан астам жәдігер бар. Мұражайдан шыққан бойда Мемлекет басшысы Қарағайлы шағын ауданында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Су жаңа ауданда 22 тұрғын үй пайдалануға берілген. Президент әлеуметтік баспаналарды аралап, көпбалалы аналармен тілдесті. Кейін абайтанушылармен жүздесіп, олардың еңбегін ескерусіз қалдырған жоқ. Ұлы ақынды зерттеп, насихаттағаны үшін ғалымдарды марапаттады. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев 175 жылдықтың пандемияға тұспа-тұс келіп, түрлі шараны өткізуге қол байлау болғанын жеткізді. Бірақ атқарылған жұмыстар аз емес. Шетелдердегі қазақ елшіліктерінде Абай орталықтары ашылып, шығармалары 10 тілге аударылды. «Abai tv» телеарнасы іске қосылып, Семей тарихи орталық ретінде белгіленді.

***

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин карантиндік шектеулерге қатысты жаңа қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, қалада бұқаралық іс-шараларға тыйым салу сақталады. «Атап айтқанда, караоке, түнгі клубтар, кинотеатрлар, фудкорт жұмыс істемейді. Заңды тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілер, ұйымдық-құқықтық нысандар қызметкерлердің 30 пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруы керек. Жолаушылар ағынын азайту мақсатында қоғамдық көліктің барынша көп шығуын қамтамасыз ету қажет. Аудан әкімдері мониторингілік топтардың жұмысын жандандыруы тиіс. Көпқабатты үйлердің кіреберістері мен балалар алаңдарын аптасына бір рет дезинфекциялау міндеттеледі»,– делінген құжатта.

***

Қызылордада дүркіретіп той-тойлайтындар тыйылар емес. Карантин талабына қарамастан жүздеген адамды жинап, отбасылық думанды шараларды өткізген 140 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ұлан-асыр той демалыс күндері шаһардағы мейрамханалардың бірінде болған. Рейдке шыққан мобильді топ өкілдері тойдың үстінен түсіп, 150 адам жиналған шараны тоқтатқан. Елдегі тәртіпке бағынбай, ескертуді елемеген кәсіпкерлік нысан иесі мен қала тұрғынына әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы осы кезге дейін карантин режимін бұзушы заңды және жеке тұлғаларға 30 миллионнан астам айыппұл салынған. Бүгінде қала бойынша 14 мобильді топ жұмыс істеуде.

***

Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жетіп карантин күшейтіліп жатыр. Францияның тоғыз қаласында түнгі уақытқа коменданттық сағат жарияланды. Ал, Чех Республикасында мектептер мен барлар жабылып жатыр. Мұнда өткен тәулікте ковид инфекциясы 9 жарым мыңнан астам адамнан табылған. Бұл – Еуропадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Айта кетсек, өткен аптаның өзінде «Қарт құрлықта» 700 мыңнан астам адамға коронавирус диагнозы қойылды. Мұндай науқастар әсіресе, Испанияда, Италияда, Ұлыбританияда, Германияда көбейіп келеді. Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны бүгінде 38 жарым миллионнан асып, 1,1 миллионға жуығы қайтыс болды. Ғаламдық пандемиядан ең қатты зардап шеккен төрттікке АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей кіреді.