Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 16.11.2020

Қорытынды жаңалықтар 16.11.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік шекараны күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

***

19 қарашасында Сенаттың кезекті отырысы өтеді. Сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңының жобасын қарайды. Палата отырысында «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы да қаралады. Сонымен қатар Палата Бюросының отырысында / Мәжілістен келіп түскен екі заң жобасы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне берілді.

***

Коронавирусқа шалдыққандардың көбеюіне байланысты Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласы карантинге жабылды. Алтай аудандық бас санитарлық дәрігері міндетін атқарушының қаулысы 15 қараша күні күшіне енген. Құжатта Алтай қаласынан шығуға және кіруге тыйым салынғаны және санитарлық бекеттердің жұмысын қамтамасыз ету туралы жазылды. Сонымен қатар құжатта мектепке дейінгі мекемелерде және 1-4 сыныптарда ата-аналардың рұқсатымен 15 баладан аспайтын кезекші сыныптарды құру қажеттігі айтылған. Естеріңізге сала кетсек, Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» енді. Өңірде шектеу шаралары 25 қарашаға дейін ұзартылды.

***

Түркістан облысында коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық аясында медициналық ұйымдарды дәрілік заттармен және қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге 2,1 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Оның сөзінше өңірде тұрғындарды дәрілік заттармен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тұрақтандыру қоры құрылды.

***

Ақтөбеде коронавирус инфекциясына шалдыққан 53 адам ауруханада жатыр.

Өткен тәулікте өңірде 7 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Екеуі Ақтөбе қаласының, үшеуі Шалқар ауданының тұрғыны. Сонымен бірге Хромтау және Мәртөк аудандарының тұрғындары да індетке шалдықты. «Ақтөбеде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыс аумағында блокбекеттер жоқ». Бұл туралы Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева айтты. Мобильді топтар жұмысын жалғастырып жатыр. Олар жинақтаған құжат негізінде 1024 әкімшілік хаттама толтырылып, 126 миллион теңге айыппұл салынды.

***

СҚО-нда 43 полиция қызметкері 9 блок-бекетте тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Олардың жанында медицина қызметкерлері де бар. Бұлардан басқа Есіл, Ақжар және Уәлиханов аудандарында және Ресей Федерациясымен арадағы шекарада үш санитарлық бекет ұйымдастырылған. Жергілікті полиция басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша блок-бекеттер қойылғаннан бері 22 266 көлік тексерілген, олардың ішінде 11 776 қалаға кірсе, қалғандары шыққан көліктер.

***

Елордада карантин тәртібін бұзушылар 150 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Елордада мобильді топтар ШОБ субьектілеріне рейдтерді жалғастырып, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында шаралар өткізуде. Полиция департаменті атап өткендей, кейбір ойын-сауық мекемелері мен тұрғындар COVID-19 таралу қаупі артқанына қарамастан, ережелерді елемей келеді.

***

Нұр-Сұлтан тұрғындары үшін тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық ашылды. Мұндай орталықтардың ашылуы жұмысты жүйелендіруге және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында жазды. « орталықта тұрғын үйге кезекке тұру, кезек нөмірін тексеру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, тұрғын үй сертификатын алу, кредиттік/жалға берілетін пәтерлер бойынша және тағы да басқа мәселелерге қатысты кеңес алуға болады», - деп жазды Алтай Көлгінов. Тұрғын үй Орталығы Республика даңғылы, 32 мекенжайында орналасқан.

***

Осы айда көктайғаққа байланысты елдегі жолдар жеті рет жабылды. Бұл туралы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты. Ол қыстыгүні алыс жолға шығатын көлік жүргізушілеріне абай болу керектігін ескертті. «Қазақстанның климаты тез өзгеретіндіктен, жүргізушілер жол үстінде дайын болуы керек. Мысалы, елдің орталық, солтүстік және батыс аймақтарында боран соғып, аяз болса, жол көктайғақ болып тұрады. Осының салдарынан қозғалысты шектеп, жолды тазартуға біраз уақыт жұмсалады. Ал оңтүстік және шығыс жақ таулы болғандықтан, жолды қар басып, тұман жиі түседі», - деді Серік Түсіпов.

***

«Қазгидромет» күн райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады. Ертең Түркістан облысында жел соғып, кей жерлерінде тұман күтіледі. Маңғыстау облысында да да қатты жел соғады. Алматы , Жамбыл облысында кей жерлерде тұман, көктайғақ күтіледі. Ақмола облысында да тұман түсіп, жаяу бұрқасын болады.