Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 17.11.2020

Қорытынды жаңалықтар 17.11.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының жаңадан тағайындалған атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады. Тараптар сұхбат барысында Азия кеңесіне Қазақстан төрағалық ететін 2021-22 жылдардағы басымдықтар жайында пікір алмасты. Президент қазіргідей тәуекелі мен сын-қатері өршіген аумалы-төкпелі заманда Кеңестің аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыру мен оның институционалдық даму мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Азия кеңесін басқа да көпжақты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға шақырды.   

***

Өз кезегінде атқарушы директор Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрылған уақыттан бері беделді де белсенді ұйым ретінде қалыптасқанын атап өтті. Сонымен қатар кеңеске мүше елдердің Душанбе саммитінде қабылданған декларациясына сәйкес қолжеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қайрат Сарыбай АӨСШК аясында алдағы уақытта жоспарланған іс-шаралар, атап айтқанда 2022 жылы Қазақстанда өтетін Азия кеңесінің VI саммитіне дайындық мәселелері туралы ой бөлісті. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Азия кеңесінің жұмысына жаңа серпін беруге өз үлесін қосуға дайын екенін қуаттап, мүше мемлекеттер мен хатшылықтың алдында тұрған ортақ мақсаттарды іске асыруға бағытталған күш-жігерін толық қолдайтынын мәлімдеді.

***

ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев бейнеконференция форматында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорда. Іс-шараға Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Белорусияның өкілдері қатысты. Тараптар жиын барысында халықаралық және өңірлік ахуалдың негізгі аспектілері туралы пікір алмасты. Өзекті сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдардың, террористік әрекеттердің, есірткінің заңсыз айналымымен күрес жүргізудің практикалық шараларына, киберқауіпсіздік саласындағы бірлескен шараларға басты назар аударылды.

***

Әсет Исекешев ҰҚШҰ-ның маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның атқарып жатқан жұмысы жайында әріптестерін хабардар етіп, халықаралық терроризммен және экстремизммен күресте кешенді әрі жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті. Жиында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары халықаралық терроризммен, терроризмнің және онымен байланысты экстремистік идеологиялардың тарауына қарсы күрес жүргізу мақсатында Ынтымақтастық пен үйлестіру күштерін нығайту туралы мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ Ұйым аясында өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен биылғы жылдың 2 желтоқсан күніне жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының күн тәртібінің жобасы келісілді. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысы 2021 жылы Тәжікстан Республикасында өтеді.

***

Енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері тұрғындардың құжаттарын үйлеріне жеткізіп береді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Сонымен қатар жұмыс істейтін қазақстандықтар ХҚКО операторларын кеңсеге шақыртып, қызмет ала алады. Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, жылдан жылға электронды түрде көрсетілетін қызметтер саны ұлғаюда. Қазіргі таңда мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет бар. Олардың 85,5 пайызы онлайн түрде көрсетіледі.

***

Мектептерде жаңажылдық мерекелік шаралар өтпейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова айтты. Сондай-ақ, ол 1 және 16 желтоқсандағы мереке күндері қосымша карантиндік шектеулер болатын-болмайтынын айтты. «Қосымша шектеу шаралары соңғы екі аптада ауырғандар санының өсуіне байланысты қабылданды. Осы уақыттағы біздің мақсат – карантин талаптарын орындау. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, әзірге қосымша карантин шаралары қабылданбайды. Мұндай шаралар әр өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады. Ал жағдайдың қалай болатыны біздің әрқайсысымызға байланысты», - дейді ол.

***

Бес салмақ дәрежесінде бұрынғы әлем чемпионы америкалық боксшы Флойд Мейвезер шаршы алаңға оралады, деп жазады Prosports.kz сайты. Флойд Мейвезер алдағы жылдың ақпан айында Жапония астанасы Токиода жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Әзірге қарсыласы кім болатыны белгісіз. Айта кетейік, 43 жастағы боксшы мансабын үш жыл бұрын аяқтаған. Ол мансабында өткізген 50 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жеткен.

***

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасын қабылдайды. Ойын елорда уақытымен сағат 19.30-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бұған дейін 42 мәрте кездесті. Оның 15-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клуб жеңіске жетті.