«Ауыл» партиясы Мәжіліс мандатынан үміткерлер тізімін бекітті

- Президент Ақпарат және қоғамдық даму министрін қабылдады.
- Елбасының «Ел Үміті» бастамасы пандемияға қарамастан сәтті жүзеге асырылуда.
- «Ауыл» партиясы Мәжіліс мандатынан үміткерлер тізімін бекітті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақпараттандыру стратегиясын іске асыру және Жолдауда берілген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндалды. Сонымен қатар министр азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне тоқталып, аталған бағыт бойынша алға қойылған міндеттерді орындаудың нақты жоспарлары туралы мәлімет берді. Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған жұмыстарды жалғастыра беруді атап өтіп, министрлікке бірқатар міндет пен тапсырма жүктеді.
***
Президент экотуризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды. Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорығына орасан зиян тигізуде. Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Алдағы уақытта қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады, - деді Берік Уәли.
***
Бүгін Елбасы Академиясы Қамқоршылар кеңесінің отырысы өтті, онда биыл басталған «Ел Үміті» жобасы қандай нәтиже бергені талқыланды. Дарынды жастарды қолдау мақсатындағы жобаға Назарбаев Қоры жанынан құрылған «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры жауапты. «Ел үмітіне» енген жобалар - «Мың бала», «Елбасы медалі», өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы және басқа жобалар өзінің маңыздылығын дәлелдеп, ел Үкіметі тарапынан жоғары бағаланған болатын. Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиадасына 4 мыңнан астам ауылдық мектеп, 295 мың оқушы қатысқан. Олимпиада нәтижесінде 1000 оқушы іріктеліп, олар бүгінгі таңда дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде және Елбасы Академиясы жанындағы «Birge oqý» онлайн мектебінде оқып жатыр.
***
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс 18-ші съезінде Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Биылғы сайлаудың ерекшелегі үміткерлердің үштен бірі жастар мен әйелдер болуы шарт. Партия төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, «Ауыл» партиясынан мәслихаттардың депутаттығына 654 кандидат тіркелген. «Бүгін Мәжіліске ұсынылатын кандидаттардың барлығы сарапшылармен, өңір өкілдерімен, саяси кеңес, төралқа мүшелерімен талқыланып, Мәжіліс депутаттығына 19 адам ұсынылды.
***
Батыс Қазақстан облысында екі қожалық басшысы жалған мәліметпен мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 млн. 100 мың теңгеден астам қаржы алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. БҚО полиция департаментінің мәлім еткеніндей, Жәнібек ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығында жүргізілген тексеріс барысында екі алаяқтық дерегі анықталды. Атап айтқанда, 59 жастағы шаруа қожалығының басшысы 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қызметкерлер туралы жалған мәлімет беріп, 1 млн 273,440 мың теңге алған. Дәл осындай әдіспен 45 жастағы «Закария» ШҚ басшысы 1 млн 902,250 мың теңгеге қол жеткізген.