Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 19.11.2020

Қорытынды жаңалықтар 19.11.2020

Бүгін Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев күрделі эпидемиологиялық ахуал, әлемдік экономикалық дағдарыс пен аймақтық сын-қатерлер жағдайында ұлттық қауіпсіздік жүйесінің қызметін үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті. Ә.Исекешев Елбасыға Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының ұлттық қауіпсіздіктің, оның ішінде экономикалық, ақпараттық және әскери қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту және елдегі қылмыс деңгейін төмендету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Кездесу қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді.

*****

Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Нұр-Сұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Кездесуде Елбасы пандемия жағдайында халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен шағын және орта бизнес өкілдерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды. Өз кезегінде Алтай Көлгінов білім беру, денсаулық сақтау, полиция, мәдениет, спорт саласы қызметкерлері мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға арналған қолжетімді баспана құрылысының барысы туралы ақпарат ұсынды. Және де елорда әкімі Нұрсұлтан Назарбаевқа қаланың жол және инженерлік инфрақұрылымы, әлеуметтік жобалар, тұрғын үй алаптарын абаттандыру бағытында қабылданған шаралар туралы әңгімелеп берді. 

*****

Сондай-ақ, бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Елбасына пандемия кезінде бизнеске көрсетілген көмек жайында хабарлады. Абылай Мырзахметов Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтары үшін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын шығаратын отандық өндірушілермен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтып берді. Сондай-ақ кездесуде халықты жұмыспен қамту, карантин шектеулерінен зардап шеккен шағын және микробизнес өкілдеріне қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

  *****

Бүгін Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты. Президент жиынға дейін қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілерге арнап орнатылған «Мәңгі есімізде» монументіне гүл қойып, тағзым етті. Мемлект басшысы Қорғаныс министрлігі соңғы жылдары әскери жоспарлау құжаттарын дайындау бойынша ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті. Осыған дейін қол жеткен жетістіктерді сақтау үшін Қарулы Күштердің қызметіндегі бірқатар басымдыққа көңіл бөлу қажет. Атап айтқанда, әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды және сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру аса маңызды,-деген Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп, 2021 жылғы 1 қарашаға дейін Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардағы идеологиялық жұмыстардың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, Президент әскерилерді әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғау мәселесіне тоқталды. Келесі жылдан бастап күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі артатынын, алдағы 3 жыл ішінде әскери қызметшілерге берілетін қаржылай төлемді орташа есеппен 30 пайызға көбейту туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес кезінде өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарған барлық әскери қызметшілерге алғыс айтты.

*****

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы Ахметқал Медеуді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ғылыми орталықтың негізгі бағыттары мен оны дамытудың басымдықтары жайында баяндалды. Ахметқал Медеу Президентке институттың су қауіпсіздігін, табиғи қатерлерді, экология мен картография бағыттарындағы зерттеу жұмыстары туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы Арал теңізі, Сырдария және Жайық өзендері, сондай-ақ, басқа да бірқатар су қоймаларына қатысты проблемаларды шешу жолында су қауіпсіздігін зерттеу мәселесінің маңызды екенін айтты.

*****

Қостанай облысында алдағы демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде осылай деп жазды. Аймақ басшысы бүгін коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Жиында мониторингтік топтардың жұмысы қарастырылды. Қазіргі уақытта 860 рейд жүргізіліп, 4757 нысан тексерілді, оның барысында 825 заңбұзушылық анықталып, материалдар әкімшілік шаралар қабылдау үшін санэпидбақылау органдарына жолданды. Сондай-ақ, алдағы демалыс күндері облыста қосымша шектеулер қабылданады. Атап айтқанда, қоғамдық көлік жұмыс істемейді және ауданы 2000 шаршы метрден асатын азық-түлік емес сауда объектілерінің жұмысына уақытша тыйым салынды. Бұған дейін жұмыс істеп келген автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер де жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ моншалар мен сауналардың жұмысы шектеліп, қоғамдық тамақтану объектілері тек алып кету және жеткізу үшін жұмыс істейді.

*****

Ақмола облысында коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтана бастады. Сол себепті, өңір қауіптілік бойынша сары аймаққа өтті. Бұл туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина брифингте айтты. Өңірлік жедел штаб жұмысының қорытындысы бойынша азық – түлік дүкенінің жұмысы таңғы сағат 7:00 ден кешкі 20:30 дейін ұзартылды. Сауда-ойын сауық орталығы, сауда нысандары, азық- түлік емес дүкендер, жабық базарлар жұмыс күндері сағат 10:00-20:30 аралығында жұмыс істеп, жексенбі күні құрылыс тауарлары мен қосалқы бөлшек сататын дүкендерді қоспағанда жабық болады. Ал, қоғамдық тамақтану орындарына жұмыс күндері 9:00-дан, сенбі күні 10:00- нан бастап 20:30 дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Тапсырыс бойынша тамақ жеткізіп беру «STOP CORONA» сайтына тіркелу арқылы сағат 23:00-ге дейін жүргізіледі. Облыстың бас санитар дәргерінің қаулысына еңгізілген өзгерістер бүгін сағат 21:00-ден кейін күшіне енеді.