Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 24.11.2020

Қорытынды жаңалықтар 24.11.2020

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Оның барысында Елбасы өткен бес жыл ішінде партия өзінің сайлауалды бағдарламаларының көпшілігін іске асырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті партияны жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

– Біз алғаш рет праймериз жүргіздік. Оның нәтижелері бойынша аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде іріктеуден өткен 77 кандидат саяси кеңестің шешімімен партия съезінің бекітуіне ұсынылды. Халықтың белсенді қатысуының арқасында 216 сайлауалды өңірлік бағдарламалар талқыланып, қабылданды. Онда азаматтардың 17 мыңнан астам ұсынысы ескерілді, - деген Елбасы праймеризге қатысушылардың сапалы құрамына және оның жеңімпаздарына тоқталды.

- Праймеризге қатысушылардың үштен бірі және партиялық тізімге кірген әрбір бесінші адам-жастар. Партиялық тізімдегі кандидаттардың 30% - ын әйелдер құрайды. Сондай-ақ бұл тізімде көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, бизнес өкілдері, жұмысшылар да бар. Бастауыш партия ұйымының әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңімпаз атанды. Осылайша, біз "Nur Otan" партиясын жүйелі түрде "қайта жаңғыртуды" аяқтадық", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударып, аталған жағдайға байланысты қызметтік терксеру жүргізуді тапсырды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды. Ал, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл оқиғаны өз бақылауына алды. «Бұл өрескел оқиға Президент пен қоғамның наразылығын тудырды. Қала әкімдігі ағаш кесуге рұқсат берген жоқ. Қоршаған ортаға келтірілген залалдың мөлшері есептеледі. Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы заңсыз ағаш кескені үшін сотқа дейінгі тергеу ісін бастады. Алматы ПД бастығы Қанат Таймерденовке істі толығымен қарап, оның объективтілігін қамтамасыз ету, кінәлілерді анықтау және жауапкершілікке тарту тапсырылды. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

***

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Астық туралы» заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, пандемияға байланысты көптеген мемлекеттер шектеу режимдерін енгізіп, сауда-экономикалық байланыстар азайды. 

Осыған сәйкес, Нұрлан Нығматулин астық мәселесі-бірінші кезектегі әлеуметтік сұрақ екеніне назар аударып, заң жобасында қаралған астық қорларын сақтауды мемлекеттік қамтамасыз ету, осы саладағы оператордың мәртебесін анықтау туралы нормалар өте маңызды екенін айтты.   

Жалпы, заң жобасы астықтың тұрақты жұмыс істейтін резервтік қорын қалыптастыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған. 

***

Елді мекендерді газдандыруды белсенді түрде жалғастыру керек. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тиісті органдарға осындай тапсырма берді. Әлемдік энергетика нарығын талдау газ өнеркәсібі энергия тасымалдаушылардың өзге түрін өндіру мен тұтынуға қарағанда қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстанда да осындай жағдай байқалады,-дейді Премьер-Министр.

***

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация коронавирустық инфекцияның ықтимал жаңа толқынына дайындықты тексерді. Таразда Вице-премьер қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық бөлігінде болды. Бұрынғы перинаталдық орталықтың ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, барлық заманауи стандарттарға сай келетін және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген инфекциялық аурухана болып жабдықталған. Бұл жерде Ералы Тоғжанов 18 заманауи реаномобиль кілттерін табыстап, «Super-pharm» ЖШС-нің зауытын көрді. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына шамамен 200 миллион медициналық мақсаттағы бұйым шығаруға қауқарлы. Вице-премьер Үкімет ағымдағы мәселелерді шешу үшін отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететіндігін баса айтты.

***

КОВИД-19 еліміздің отын-энергетика және мұнай-газ саласына кері әсерін тигізді. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. Оның айтуынша, індеттің кесірінен Қазақтанда мұнай өңдіру көлемі азайды.

***

ШҚО-да шектеу шаралары ұзартылды. Тиісті қаулыға аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қол қойды. Оған сәйкес, карантин 8 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл мерзім covid-19 таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін. Осы кезеңде Риддер қаласында, Глубокое және Алтай аудандарында орналасқан базарларды қоспағанда, ғимараттан тыс жерде азық-түлік сататын орындардың аптаның барлық күнінде сағат 08.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Ал азық-түліктен басқа тауар сататын сауда нысандары дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 08.00-18.00 аралығында ашық болады. Демалыс және мереке күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады», - делінген қаулыда.

***

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылынан бастап коронавирусқа байланысты 57 кезекші сынып қашықтан оқуға көшірілді. Оның 19-ы қараша айында онлайн форматқа ауыстырылған. Аймақтық Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, кезекші сыныптарда жұмыс істеген 24 мұғалімде қауіпті инфекция анықталып, бүгінде олар ем алып жатыр. Қазіргі уақытта Уәлиханов ауданында 3 мектеп, М.Жұмабаев ауданы Успенский орта мектебіндегі шағын орталық және Аққайың ауданындағы «Балапан» балабақшасы және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі 19 кезекші топ карантинге жабылды.