Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 25.11.2020

Қорытынды жаңалықтар 25.11.2020

​«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX Съезінде партиялық тізіммен Мәжіліс депутаттығына кандидаттар бекітілді. Партиялық тізім 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Партия ұсынған тізімде Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаттары 20%-тен аспайды. Кандидаттардың қатарында Дариға Назарбаева, Үкімет басшысы Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметжан Есім, мәжілістің қазіргі спикері Нұрлан Нығматуллин сынды танымал азаматтар бар.

***

Nur Otan партиясының қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленеді. Бұл туралы Nur Otan партиясының кезектен тыс XX Съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл мазмұны жағынан мүлдем жаңа құжат болмақ. Кодексте қоғам мен мемлекет арасындағы өзара келісім орнатудың тың тәсілдері көрсетіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan сиезінде осылай деді. Соның арқасында біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз» - деді Президент. «Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңартылуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент айтқан тағы бір жаңалық, Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша кемінде тағы 2 озық өңірлік оқу орны ашылады.  

***

Келер жылы елде коммуналдық тариф ақысы өзгермейді. Бағаны тұрақты ұстап қалу үшін нақты ереже бекітілген. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2021 жылы 38 субъект тарифті жоспар бойынша көтеруге тиіс болатын. Сондай-ақ 143 субъектімен тарифтік келісімі аяқталды. Олар келер жылға жаңа баға бекітуі керек. Қазір барлығынан ұсыныс түскен. Алайда бағаны тұрақтандыру бойынша барлық өңірінде жұмыс жүріп жатыр. Соңғы төрт жылда тұрғын үй шаруашылығы саласына 665 млрт теңге инвестиция салынған.

***

Бүгін ел аумағына шетелден келген Қазақстан азаматынан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның өзімен бірге ПТР анықтамасы жоқ болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, тиісті тексеру жүргізілген. Нәтижесінде қауіпті вирус жұқтырғаны белгілі болды. Сондай-ақ Алматы әуежайында мерзімі өтіп кеткен ПТР анықтамасымен келген тағы бір ресейлік азамат еліне қайтарылды. Жалпы өткен тәулікте Қазақстан аумағына 13 халықаралық рейс келді. Жолаушылардың жалпы саны – 1420. Оның 1328-де теріс нәтижелі анықтама бар. Сондықтан үйлеріне қайтуына рұқсат етілді. Ал қалғаны карантиндік стационарға жатқызылды.

***

Америкалық SpaceX компаниясының зымыраны кеңістікке 60 жер серігін алып шықты. Бұл Starlink ғаламдық интернет жүйесін құру жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Өткен жылдан бері орбитаға 900-ге жуық жерсерігі шығарылған. SpaceX компаниясы келешекте 12 мың жер серігінен тұратын ғаламдық интернет жүйесін құруды жоспарлап отыр. Ол әлем халқын жердің кез келген түкпірінен кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйе биыл АҚШ аумағын, ал келесі жылы бүкіл елді қамтуы тиіс.

***

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли баспасөз конференциясында коронавируспен ауыратын науқастардың өлімінің негізгі себептерін айтты. Оның атап өтуінше, қайғылы жағдай көбінесе қосалқы аурулардың салдарынан орын алады. «Негізінен бұл қант диабеті, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы. Әрине, басқа аурулар да коронавирустық инфекция жұқтырған науқастардың жағдайын ауырлатады. Өкінішке қарай, егде жастағы науқастар жиі ауырады және оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталады», – деді Владимир Ли.

***

Елордада 26 қараша күні сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін Алаш тас жолының (Бөгенбай батыр көпірі) оң жақ шеткі жолағын Уәлиханов көшесінен орталық базар бағытына дейін жабу жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Қалада кептеліс тудырмау үшін елорда тұрғындары мен қонақтары өз қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауы қажет. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз және жөндеу жұмыстарын жүргізуге түсіністікпен қарауды сұраймыз», - делінген Нұр-Сұлтан қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының хабарламасында.

***

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары Майк Тайсон мен Рой Джонстың жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді. Бокс кеші 29 қарашада Калифорниядағы Карсон қаласында Dignity Health Sports Park аренасында болады. 54 жастағы Майк Тайсон мен 51 жастағы Рой Джонс арасындағы кездесу елорда уақытымен таңғы сағат 07:50-де басталады. Жекпе-жек форматы - 2 минуттан 8 раундты құрайды. Спортшылар рингке шлемсіз шығады. Жеңімпаз үшін Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) арнайы белбеуі табысталады. Бұл белбеу Frontline Battle Belt («Майдан шебіндегі шайқас белбеуі») деп аталды.