Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 27.11.2020

Қорытынды жаңалықтар 27.11.2020
  • Сенаторлар жұртшылықпен Арал теңізі мәселесін талқылады. 
  • Павлодар тұрғыны лифт шахтасына құлады. 
  • Смартфон жарығының теріге қаупі анықталды.
  • Қосшы ауылы Елордаға қосыла ма?
  • Сайлау учаскеңіз туралы қайдан білуге болады?
  • Қазақстанда 2025 жылға дейін жолаушылар теміржол паркі 600 жаңа вагонмен толығады.


Бүгін Қызылорда облысында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының аясында қоғамдық тыңдау өтті. Аталған шара Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің бастамасымен ұйымдастырылды. Шараға сенаторлар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың, ірі күріш шаруашылықтарының басшылары, белгілі су мамандары, қоғам белсенділері қатысты. Қоғамдық тыңдауға қатысушылар Солтүстік Арал теңізінің бөгетін ұлғайтудың бірқатар нұсқасын талқылады. Бүгінгі күні Арал өңірінің халқы осы жобаның жақын арада іске асатындығына үміт артып отыр», – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

***

Оқу жылы басталғалы бері 1741 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 482-сі кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасында тіркелді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ брифингінде мәлімдеді. 1259 коронавирус жағдайы қашықтан оқитын балалар арасында анықталған. Соңғы апта ішінде 12 өңірде кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасында 129 жағдай расталды.

***

Қосшы ауылы елордаға әзір қосылмайды. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтты. Әкім осы ауылға қатысты жағдайды Мемлекет басшысы, Үкімет басшылығы ерекше бақылауда ұстап отырғанын айтты. Бұл тұрғыда бірнеше рет талқылаулар да болды, яғни ауылдың қаржылық әрі экономикалық бағыттары есептелді. Алайда осы мәселені ұлттық санақ жүргізгенге дейін шегердік, - деді әкім. Біз, алдымен, ол елді мекенде қанша адам тұрып жатқанын нақты анықтауымыз керек», - деді Ермек Маржықпаев. Еске сала кетейік, елімізде ұлттық санақ жүргізу пандемияға байланысты бір жыл кейінге қалды. Ол енді 2021 жылғы қазан айында өтеді.

***

Көкшетау мен Степногорск қалаларына кіріп-шығуға тыйым салынады. Бұл туралы аймақтың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді. Жаңа қаулыда 28 қарашадан бастап аталған шаһарлардағы санитарлық бекеттерде карантин талаптары күшейтілетіні айтылған. Өткен аптада өңірде 257 жағдай тіркелсе, осы аптада 500-ге жуық адам қауіпті індетке шалдыққан. Ал олардың көбі Көкшетау және Степногорск қалаларынан дейді мамандар. Аталған елді мекендерге тұрғындар жұмыс орнынан анықтама, іссапар қағазы немесе емхананың жолдамасы секілді құжаттармен ғана кіріп-шыға алады. Егер Көкшетау және Степнгорск қалаларына өте тығыз жағдаймен кіріп-шығу қажет болса, ол адамнан мерзімі 3 күннен аспаған ПТР анықтамасы талап етіледі. Ал ұшақпен және пойызбен аталған тест нәтижесінсіз-ақ келіп-кете беруге болады. Ондағы шектеулер республикалық комиссияның шешімімен реттеледі.

***

Еліміздің барлық өңірінде сайлаушылардың тізімін әзірлеуге жауапты жергілікті әкімдіктер ресми сайттарына арнайы баннер орналастырып, Call-орталықтар, Telegram-боттар жасақтап қойған. Сол ресурстарға кіру арқылы кез келген азамат өзінің тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесін анықтай алады. Ал уақытша тұрып жатқан азаматтар 10 желтоқсанға дейін жергілікті әкімдіктерге барып, дауыс беру үшін тіркеуден өтуі қажет. 2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау өтеді.

***

Қазақстанда 2025 жылға дейін жолаушылар теміржол паркі 600 жаңа вагонмен толығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркін жаңарту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жыл сайын 100 жаңа вагон сатып алу көзделген. Биыл сатып алынған 50 вагон жолаушылар пойызына тіркелді. Жаңа вагонның қызығын Нұр-Сұлтан – Арқалық, Нұр-Сұлтан – Семей, Атырау – Маңғыстау, Алматы – Жезқазған бағыттарында жүретін жолаушылар көре алады. Жыл соңына дейін Қызылорда – Семей, Алматы – Өскемен, Алматы - Маңғыстау бағыттарының жолаушыларын қуантатын тағы 50 жаңа вагон сатып алу жоспарланып отыр.

***

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласындағы Балалар арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында 4 баланың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тергеу барысында эксгумация жасалып, екі комиссиялық сот-медицина сараптамасы жүргізілді. «Сараптама қорытындысына сәйкес, балалардың өлімі өкпе фиброзы, екіжақты іріңді бронх пневмониясы сияқты жанама аурулардың салдарынан болған. Сондай-ақ мәйіттерді тексеру барысында үш балада дене жарақаты анықталды. Алайда бұл жарақаттардың тәрбиеленушілер өліміне қатысы жоқ. Осыған байланысты ауыр дене жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс бөлек өндіріске шығарылып, ары қарай тергеу амалдары жүргізіледі», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.

***

Лифт шахтасына құлаған Павлодар тұрғыны 1-ші қалалық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, зардап шегушінің қолы сынып, кеуде қуысы жарақаттанған. «Ер адам орталық әмбебап дүкеніндегі лифт шахтасына екінші қабаттан құлаған. Аталған фактіге қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.

***

Смартфон жарығының теріге қаупі анықталды. Зерттеу материалы "A Current Affair" басылымында жарияланған. Қатерлі ісікпен күрес орталығының дерматологы Шьямалар Гунатисан ноутбук, телефон, планшеттерден, теледидардан және жарықдиодты шамдардан шығатын көгілдір жарық зиян болып саналатынын айтты. Ұзақ уақыт бойы көгілдір жарықтың теріге әсер етуінен гиперпигментация пайда болады. Одан терінің түсі қоңырлана бастайды. Ол сонымен қатар қартаюға, дақтардың пайда болуына әкеледі», - деді дәрігер. Айтуынша, теріні құрамында мықты антиоксиданттар, соның ішінде В3 немесе С дәрумендері бар қорғаныс құралдарымен қорғау керек. Сондай-ақ құрылғының жарықтану деңгейін төмендетіп қолдану қажет.