Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 30.11.2020

Қорытынды жаңалықтар 30.11.2020

Әлемдік саясаткерлер Елбасының антиядролық бағдарламасын қолдады. Тұңғыш Президент күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша онлайн конференция өткізді. Спикерлер ретінде Астана клубының Консультативтік кеңесінің жетекші мүшелері, сыртқы саясат және ядролық қауіпсіздік мәселелері саласындағы әлем саясаткерлері мен сарапшылары сөз сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаев іс-шараға қатысушыларға бейнежолдауын арнады. Өз сөзінде Елбасы тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, Қазақстан ғаламшардағы қуаты бойынша төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартқанын айтты.

***

«Тарих бұл қадамның дұрыстығын растады - біз өзіміздің батыл үлгімізбен прогресс пен өркендеу жолында бейбіт жолмен жүруге болатындығын көрсеттік»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жалпы, конференцияға қатысушылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы ерекше рөлін атап өтіп, Елбасы бастамасының табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.

***

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бейнеконференция режимінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысты. Қазақстанның Премьер-Министрі Ұйымның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қайта қарап, оны АӨК саласындағы инвестициялық және инновациялық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі нақты шаралармен толықтыруды ұсынды. Оның айтуынша, құжатты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысының бәсекелестік артықшылықтарын, сондай-ақ қолжетімді және тұрақты логистикалық инфрақұрылымды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін ескере отырып күшейту қажет. Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен коммюнике мен Ұйымның 2021-2025 жылдарға арналған көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды. ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2021 жылғы қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

***

Мемлекет басшысы өз Жолдауында сот процестеріндегі адвокат пен прокурор құрықтарының тиімділігін қамтамассыз ету туралы тапсырма берген еді. Бүгін өткен брифингте Әділет министрі Марат Бекетаев осы саладағы жұмыстарға тоқталды. Министрдің айтуынша, бұл бағытта арнайы заң жобасына өзгерістер еңгізілген.

***

Елордада 2023 жылға дейін әлеуметтік салаға 1,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев айтты. Бұл орайда жұмыспен қамтуды басқару, жүріп-тұруы қиын 1-топтағы мүгедектерді жеке көмекшімен қамту негізгі бағыт саналады. Оған 365 млн теңге қарастырылады. Сонымен қатар қаражат ПТР-зертхана жабдықтарын сатып алуға, елорданың көлік инфрақұрылымын, газ-көлік жүйесін дамытуға, бірқатар нысан құрылысын аяқтауға, қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыруға бағыталатын болады», - деді Қайсар Маңқараев.

***

"Тараз-Арена" спорт сарайына Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілді. Тиісті ұсыныс биыл тамыз айында Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасына түскен. Бұл бастама облыс жұртшылығы мен өңір әкімдігі тарапынан қолдау тауып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Аймақтық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ақтолқын Исқалиеваның айтуынша, осындай жұмыстардың арқасында қазақтан шыққан тұңғыш чемпионның есімі ел жүрегінде мәңгі сақталады.

***

Түркістан облысында карантин шаралары жеңілдетіле бастады. Бұл туралы аймақтың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов кезекті брифинг барысында мәлімдеді. Өңірдің жасыл аймақта екенін ескерген департамент басшысы алдағы уақытта халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалатынын жеткізді. «Азық-түлік және киім-кешек базарлары, көлік жөндейтін орындар мен май құю бекеттері күнделікті ашылып, жұмыс істей беретін болды. Одан бөлек қоғамдық көліктер де жексенбі күні жолаушылар тасымалдай береді. Бұл жеңілдету шаралары тұрғындардың аурушаңдық белгілері көрсетілген деңгейден аспағандықтан қолға алынып отыр»,- дейді Нұрбек Нышанов.

***

«Қызыл аймаққа» кірген Қостанайда қатаң карантин мерзімі тағы бір аптаға созылды. Күн өткен сайын індетті жұқтырғандар саны артып барады. Мысалы, қарашаның басында вирус 13 адамнан анықталса, соңғы тәулікте 87 адамнан ковид табылған. Бұған дейін облыс аумағында жабық спорттық-сауықтыру нысандарының жұмысына тыйым салынған еді. Бассейндер, демалыс орындары мен шипажайлар да уақытша жабылды. Елді мекендер арасында автобус және такси арқылы жолаушылар тасымалдау тоқтатылды. Сонымен қатар Рудный, Қостанай қалалары карантинге жабылған. Осы шектеулердің барлығы тағы бір апта сақталады.

***

Ал, ертең елорданың қоғамдық көліктері қалыпты режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ, мейрам күнінде қаланың сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жұмысын жалғастырады. Бұл нысандарға сенбі күні де жұмыс істеуге рұқсат бар. Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаеваның мәліметінше, 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне орай елордада отшашу болмайды.