Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елбасы күнінде 900 орындық мектеп пайдалануға берілді

Елбасы күнінде 900 орындық мектеп пайдалануға берілді

Тұңғыш Президент күніне орай еліміздің әр аймағында іс-шаралар өтіп, жаңа үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Ассамблея ұйымдастыруымен «Елі сүйген, Елін сүйген Елбасы» дөңгелек үстелі өтті. Жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ашып, шараның Ассамблеяның 25 жылдығы аясында өтіп отырғанын айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрып, дамытудағы қайраткерлік тұлғасы мен тарихи миссиясы еліміздің қарыштап қадам басуына зор ықпал етті. Қазақстанның отыз жылдық жаңаша тарихының әрбір кезеңінде Ұлт Көшбасшысының саяси қолтаңбасы айқын көрінеді. Елбасы Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылдырып, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге танытты, – деді Жансейіт Түймебаев.

***

Орал қаласында тұңғыш Президент күніне орай 900 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Ə.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей оқушылары осы кезге дейін ескі ғимаратта оқып келген еді. Енді шəкірттер Зачаган кентінде жаңадан салынған заманауи ғимаратта білім алатын болады. Жаңа мектеп ғимаратының ашылу рəсіміне қатысқан облыс əкімі Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, мемлекет тарапынан білім саласына ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Жаңа мектепте Smart кабинеттер, робототехника, технология жəне өнер, биоллогия жəне химия кабинеттері, интерактивті жəне цифрлық зертханалар орналасқан.

***

Шығыс Қазақстан облысында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай оқушылар арасында Бірыңғай диктант күні өтті. Диктант жазуға облыстың 336 мектебінің 8 сынып оқушылары қатысты. Балалар үш тілдегі аудиожазбаларды тыңдап барып тест сұрақтарына жауап берді. «Аудиолар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде болды. Сұрақтар үш тақырыпта әзірленген. Нәтижесінде оқушылардың бойында ұқыптылық, нәтижелерге сыни тұрғыдан қарау және еркін ойлай білу сынды қабілеттер дамиды», - деп хабарлады өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының мамандары.

***

Шымкент қаласына тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамту мақсатында жаңадан 590 автобус жеткізілді. Барлық автобустар бейнекамера, желдеткіш, хабарлама жариялауға арналған микрофондармен жабдықталған. Сонымен қатар, автобустарда пандус пен мүгедектердің арбаларын орналастыратын орындар да қарастырылған. Маршруттарға үздіксіз қызмет көрсету үшін өндірістік-техникалық базасы мен автоматтандырылған газ толтыру станциясы бар. Бүіннен бастап 150 автобус қаланың шалғай аудандарын орталықпен байланыстыратын 8 маршрутта қызмет көрсетеді.

***

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстық маңызы бар «Қошқар-ата-Жарықбас-Бірлік» тас жолы жабылды. Қатты жел, көктайғақ, боран болуына байланысты мұнда барлық автомобиль көлігінің қозғалысына тыйым салынды. «30 қарашада кешкі сағат 19:00-ден «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» жолының бірнеше шақырымында да жол жабылды» делінген хабарламада.