Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 1.12.2020

Қорытынды жаңалықтар 1.12.2020

Әлемдік саясаткерлер Елбасына құттықтау хаттар жіберуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шетелдік мемлекеттер басшыларынан, экс-президенттерден, бұрынғы үкімет басшылары мен саяси қайраткерлерден, алыс-жақын шет елдердің бизнес өкілдерінен хаттар келіп түсті, деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі. Америка Құрама Штаттарының 66-шы Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс өз құттықтауында Қазақстанның қарқынды дамуындағы Елбасының ерекше рөлін атап өткен. «Біздің Тұңғыш Президентіміз Джордж Вашингтон америкалық құндылықтарды болашақта атқаратын істеріміздің негізіне айналдыра білді. Сіз Қазақстан үшін де дәл осындай игі жұмыс атқардыңыз. Сіздің ядролық қарудан бас тарту және ғажап елорданы салудан бастап, бейбіт транзитті жүзеге асыру сияқты шешімдеріңіз сөзіме дәлел» – делінген жеделхатта.

***

Түркия Республикасының бұрынғы Президенті Абдулла Гүл өз құттықтауында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жас мемлекетті қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өткен. «Сізге зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін. Қазақ халқының жарқын болашағына сенімдімін. Қазақстанның түркі әлемінде алатын орны бөлек. Қазақ-түрік қатынасының өркендей беруіне тілектеспін» – делінген жеделхатта.

***

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент күніне орай Facebook арқылы қазақстандықтарға құттықтау жолдады. «Бұл мерекенің елдігіміз бен егемендігіміз үшін маңызы зор. Себебі, 1 желтоқсан ұлт шежіресіне халқымыз кемел келешек жолында тарихи таңдау жасаған күн ретінде жазылды. Шын мәнінде, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері мен жеңістері Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Тұңғыш Президентіміз сайланған күнді жалпыұлттық мейрамға айналдырып, кең көлемде атап өтуді халықтың Елбасына деген ерекше құрметі деп қабылдауымыз керек. Елбасына көрсетілген құрмет – тәуелсіздікке жасалған тағзым», - деді Мәулен Әшімбаев.

***

Сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Мамин қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады. «Қазақстанның экономикасы қуатты тәуелсіз ел болып қалыптасуы Елбасы есімімен тығыз байланысты. Қазіргідей жаһандық экономикалық дағдарыс аясында Қазақстанның ұлттық экономикасы тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Оған Тәуелсіздік жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалардың тиімді жүзеге асырылуы негіз болды. Елбасы мұрындық болған Қазақстанның стратегиялық даму бағыты экономикамыздың бұдан кейінгі тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыратынына сенімдімін», - деді Асқар Мамин.

***

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтап, еліміздің дамуы баянды және халықаралық қауымдастықтағы мерейінің лайым үстем болуына тілектестігін білдірді. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы достық пен бауырластыққа, тату көршілік пен стратегиялық серіктестікке негізделген екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды әрі қарай нығайтуға мүдделіліктерін растады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев күн тәртібіндегі өңірлік деңгейдегі бірқатар өзекті мәселе бойынша пікір алмасып, биылғы жылдың аяғына дейінгі іс-шараларды талқылады.

***

Тұңғыш Президент күніне орай Түркістандағы Hazret Sultan халықаралық əуежайы Нұр-Сұлтан - Түркістан бағытындағы алғашқы рейсті қабылдады. Елордадан ұшып шыққан бортында 180 жолаушысы бар алғашқы ұшақ Түркістанға аман-есен қонды. Әуежай құрылысы жақында аяқталған. Авиациялық әкімшілік инспекторлары әуе айлағына сертификаттық тексеру жүргізген. Нәтижесінде әуежай ұшып-қону жарамдылығының сертификатын алды. Алдағы уақытта Түркістаннан Нұр-Сұлтанға аптасына 6 рейс, ал Алматыға 4 рейс жиілікпен әуекомпаниялары әуе рейстерді орындайды. Еліміздің өзге қалаларына, шет елдерге, соның ішінде Түркияның Ыстамбұл қаласына әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр.

***

Бүгін республикалық телеарналардан Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы деректі фильмдер көрсетіледі. Тура бір сағаттан кейін, яғни 20:00-де «Қазақстан» ұлттық арнасында "Түркістан: көне мен келешек көпірі" фильмі эфирге шығады. Аталған деректі туынды Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы, журналист Ләззат Танысбайға берген сұхбаты негізінде әзірленген. Сондай-ақ бүгін сағат 21:40-та «Хабар» телеарнасынан Тұңғыш Президент туралы "Штрихи к портрету" деректі фильмінің бірінші сериясы көрерменге жол тартады. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.

***

Түрлі мейрам қарсаңындағы жеңілдік кезінде саудада алаяқтық 3 есеге дейін өседі. Нарыққа бақылау жүргізген сарапшылар тұрғындарды сақ болуға шақырды. Интернет-алаяққа алданған адам орта есеппен 12 мың теңге жоғалтса, түрлі акциялар кезінде шығын 36 мың теңгеге жеткен. Қаржы секторына жасалған кибершабуыл да жыл соңында бірден 10%-ға көбейеді. Сондықтан почтаға келген немесе әлеуметтік желідегі фишингтік, белгісіз сайттарды ашпаңыз. Төлем жасайтын кезде сайт мекенжайын мұқият тексеріңіз. Мамандар онлайн саудаға бөлек банк картасын ашуға кеңес береді.